Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жасанды келбет һәм жан сұлулығы

15.12.2022, 10:20 636

Әр адам өмірге келген сәттен бастап өзіндік ой-санасы, жүріс-тұрысы, бет-бейнесі, дене бітімі қалыптасады. Алла тағала әрбір жанға өзіне тән өзгешелік, ерекше әдемілік береді. Оған  қарсы келуге болмайтыны да аян. Бірақ оны түсінетін жандардың қарасы азайып барады. Қазіргі таңда өзінің бет-әлпетіне, сырт-келбетіне көңілі толмай, түрлі пластикалық оталарға жүгініп, өзгертуге тырысып жататын қыздар қоғамда көбеюде. Ата-баба салтында жоқ нәрселерге олар «21-ғасыр, бәріне рұқсат етілген» деумен ойына келгенді жасайтыны қынжылтады. Олар бұның үлкен күнә болып саналатынын да біледі. Бірақ бет күтіміне арналған процедураларды бет-пішінін өзгерту деп қабылдау – өте қате ұғым. Қыздардың бет-әлпетінің күтіміне арналған аппараттық емдеу әдістері мен түр-келбетін өзгертетін пластикалық оталардың айырмашылығы жер мен көктей. Дегенмен, екеуі де –шетелден келіп, сәнге айналған үрдіс. Ал жасанды келбеттің кейпіне ену жан сұлулығы бола ала ма? Бүгінгі мақалада қаузайтын  басты тақырыбымыз осы  болмақ.

Бұл жайында ең алдымен дін қызметкерінен пікір алғанды жөн көрдік.

– Алла тағала адамдарды ардақты, көркем, толыққанды, кемшіліктерсіз жаратқаннан кейін оған өзге артық нәрселерді қосып, зиян келтіруді құп көрмейді. Шариғат бойынша аманат деген бар. Соған сәйкес, адам баласына денесі мен денсау­лығы аманат болып есептеледі. Яғни, денсаулығына зиянды заттарды пайдаланбай, денесін артық ештеңемен былғамай жүруді айтқан. Дене-бітімін өзгертіп,  оған сурет салдырудың өзіне шариғат рұқсат етпейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.),  ондай жаса­ған жандарға  Аллан­ың  лағынеті  болсын  деген. Алла тағаланың берген  жаратылысына  қарсы  келіп, денеңізге пышақ тигізіп, аманатына қиянат жасаған жандардың арқалаған күнәсі ауыр болады. Бірақ, денсаулық жағдайына байланысты  жасалатын  оталар  мен  өзгерістерге  рұқсат етілген, – деді  Қызылорда  қалалық  «Нұр»  мешітінің  бас имамы  Марат  Дайрабайұлы.

Иә, расында да бет-әлпетті өзгертіп, жасанды жан сұлулығына айналу адамның ішкі жанын ешқаншан да айғақтап тұрмайды. Бұл артық жасалатын дүниелер сіздің өмір бойы әдемі болып жүруіңізге де кепілдік бермейді. Сондықтан, қолда бар алтынның қадірін білген абзал.

Жасанды сұлулық және бетке арналған артық процедураларсыз сіз келбетіңізді басқа жол арқылы да жақсарта аласыз. Оған сол косметологияның тікелей қатысы бар. Және бет күтіміне арналған түрлі аппараттар, бет бояулар, жаттығулар да көп. Бұл жолдың ең тиімді тұсы еш өзгертусіз ұзақ уақыт қабылдаған емдеріңізден жақсы нәтиже сіз ойлағаннан да керемет шығуы мүмкін. Тек уақыт пен шыдамдылық аса маңызды. Ал ерін ісіру, қабақ шығару, бет-әлпеттегі артық нәрселерді алдыру немесе салдыру зияндылығын айтпасақ та түсінікті. Осы тұста, бұл тақырып барысында косметология маманымен сөйлесіп, пікірін білгеніміз дұрыс. Қаламыздағы косметолог маман қандай процедуралардың  денсаулыққа зиян тұсы мен тиімсіз және тиімді жақтарын атап айтқан болатын.

– Әр процедураның зиянды тұсы мен тиімді жағы да болады. Ол қыз-келіншектердің маманды дұрыс таңдай алуында. Жалпы, бет күтіміне білікті маман аса қажет. Себебі, бет-әлпетіңіздің ажарлануы немесе керісінше құртылуы тікелей маманның тәжірибесіне байланысты. Ерін ісіру, қабақ шығару, немесе бет-әлпеттегі артық етті алдыру барысында кез келген косметологқа, болмаса салон қызметкерлеріне бара салу өте қауіпті. Бұл, біріншіден, хирургтардың жасайтын жұмысы. Оны жасау үшін пластикалық хирургияны толық оқып, рұқсат қағазы болу керек, – деді Қазақстан Республикасы Сұлулық индустриясы қауымдастығының Қызылорда облысы бойынша ресми өкілі, эстет-инъекциялық косметолог маман Марина Маметова.

Нәзікжандылар  үшін  бет-әлпеттің әдемі болып жүруі қашанда маңызды  екені белгілі. Тек оны ерте жастан жақсартамын деп одан әрі өршітіп алмау керек дейді мамандар. Және қыз-келіншектер 20 жастан бастап бет күтімін қолына алып, косметолог мамандарымен қандай крем, бояу, массаж түрлерін пайдалануға кеңес алса, ешқандай артық мәселе болмайтынын да айтады.

– Қазіргі таңда жасөспірім қыздардың беттерінде үлкен проблемалар ерте жастан бастап пайда болып жатыр. Бұның себебі өте көп. Бірінші ішкі ағзаға тікелей қатысты және бет бояуларын тым ерте қолданғаннан, одан кейін мамандардың кеңесіне жүгінбей жас ерекшелігіне келмейтін опа-далаптарды пайдаланғаннан  көптеген  дақ, безеу,  тіпті бет терісі де өзгеріп шыға келеді. Бет терісін құртып алғаннан кейін барып косметолог мамандарына жүгінеді. Бірақ, бұл дұрыс емес. Қыз баласы ерте есейетін болғандықтан оның бет-әлпетінде міндетті түрде артық проблемалар болады. Сондықтан бет бояуларын сататын дүкен қызметшілерінен емес, косметолог мамандарының ақыл-кеңесіне жүгіну арқылы ғана жеңе алатынын айтқым келеді, – деді Марина Қуандықова.

Хош. Келбетін құртып, түрін ұсқынсыз қылып алған қыздардың бар мәселесі жүзін әдемілеп, жақсартуды ғана ойлап тұрады. Мұның салдарынан ол пластикалық ота жасатуға дейін барады. Бетке түскен пышақ, түрлі химикаттар адамды түрлі ауруға шалдықтырады. Яғни, пластикалық отаның зардаптары жеткілікті. Ол сіздің бастапқыда жіберген қателігіңізден болуы әбден мүмкін. Сондықтан бет-әлпетіңізге байланысты мәселелер туындаса, косметолог маманның кеңесіне жүгінуге ерінбеңіз. Тек сұлу келбетіңізден де артығын қалаймын деп, қолыңыздағы барыңыздан да айырылып қалмауға тырысу керек.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: