Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттық спортты ұлықтап жүрген қыздар

28.04.2022, 12:40 635

HALYQLINE.KZ

Жамбы атудан жүлдесіз қайтпайды

Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының баспасөз қызметі бізге тың мәліметімен бөлісті. Оқыдық, сүйсіндік. Ұлттың жоғын түгендеп жүрген қаршадай қыздардың қадамы қуантады.

Қазақстанда жамбы атудан жүлдесіз қайтпай жүрген ару бар. Спортшының есімі – Гүлдана Алыбаева. Ол – Алматы облысы, Қарасай ауданы, Тұрар ауылының тумасы. Бірнеше халықаралық, республикалық жарыстардың жүлдегері. Желіген аттың үстінде, нысананы дөп көздейтін мерген қыздың жасы небәрі 20-да. Яғни, болашағынан көп үміт күттіреді.

Көшпенділердің көне өнерін кәсіп еткен аруымыз жамбы атуда жігіттермен қатар шауып, нысана көздеуде талайынан оқ бойы озық шығып жүр. Гүлдана «әлем мойындағын спортта алар асуым әлі де көп» дейді. Мақсаты – Дүниежүзілік көшпенділер ойынында ел мерейін үстем етіп, қазақ ұлтының құралайды көзге атқан мерген екенін дәлелдеу.

Қаршадай қыздың қаршығасы

Бүгінде қаршығасын қомдап, ителгісін баптап, қыранын аңға салатын қазақ санаулы. Кәусар Бауыржан – ата-баба кәсібінің қайта түлеп, бекзат өнердің жаңғыруына  тамшыдай болса да үлес қосып жүрген сол санаулы жанның бірі. Тұлымшағы желбіреген нәзік жан құсбегілікті кішкентайынан кәсіп еткен. Ел чемпионатында 3 мәрте қаршығасының бағын сынап көріпті. Әзірге олжа салмаған. Әйтсе де киелі Әулиеата жерінде ұлттық брендіміздің бірі саятшылық өнерді ұлықтап жүрген аруымыздың болашықтан үміті зор. Бар-жоғы 7-сыныпта оқитын Кәусардың болашағынан біз де үміттіміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: