Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ұл – түтін, қыз – күтім»

08.06.2023, 10:10 269

Ел арасында «үш қыз өсіріп, бағып-қаққан ата-ана жұмаққа барады екен» деген түсінік қалыптасқан. Бұл тәмсілдің де түбінде шындық жатыр. Ислам да мұны жоққа шығармайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанына киіндіріп бақса, олар (қыздарын тәрбиелеп өсіргені) сол үшін тозақ отынан қалқан болады» деген. Сондай-ақ, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қыздар – мейірімді, игі жандар. Бір қызы бар адамды Алла Тағала тозақ отынан сақтайды. Екі қызы бар адам, солардың себебімен жәннатқа кіреді. Ал үш қызы бар немесе қыздары секілді кіші қарындастары бар адам, оларға қамқоршы болса, оның мойнынан жиһад пен садақаның жауапкершілігі түседі»  дегені  бар.

Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова өзінің «Бабалар аманаты» атты кітабында: «Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық еді. Сандығында кілті жоқ жомарт қазақ сол жомартты­ғын алдымен қызына жасаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорғаны мінгізген. Үйдің оң жақ төріне отыр­ғызған. Тұрмысқа шықпаған қызды «оң жақтағы қыз» дейтіні сондықтан. «Ұрыс-керіс естіген қыздың мінезінің мәні болмайды» деп, қыз көзінше өрес­кел, бейпіл сөз сөйлемеген, анайы қылық көрсетпеген. «Бақыты байланады, жолы кесіледі» деп қызға қол көтермеген. Тіпті, отырған қыздың аяғынан аттамаған. Мұны кесір деп түсіндірген. Өйткені еркектің де, әйелдің де тарайтын  түбі – қыз» деп жазады.

Қызы бар үйдің берекесі бар. Ол әкенің де, ананың да мейіріміне қанық, еркелігі өз алдына, онымен қоса ақылы толық, бойға сіңірген тәлім-тәрбиесі түзу  болуы тиіс. Қазір көпшілігі «қыз – қонақ, оны еркелету керек» деп есіртіп жібереді. Оның арты үлкен қателікке ұласып, ата-ананың күйінетін кездері болады. Қыз – ата-ана үшін бала, перзент. Ал бала тәрбиесінде оны еркелету барлық айтқандарын істеп, алдына түсіп кету деген сөз емес. Жөнімен жасалатын дүниелер бар. Балаға барды да, өз кезегінде жоқты да үйрету керек. Өйткені өмір жолында ол қаншама қиындықпен бетпе-бет келуі мүмкін.  

Имандылықты үйрету бірінші орынға қойылса, қыз да, ұл да өмір жолында жаза баспайды. Өйткені имани тәрбиеде асыл қасиет, ұлы құндылықтың барлығы тап-тұйнақтай, жұп-жұмыр күйде сақталған. Тек соларды бала бойына дұрыс сіңіре білу маңызды. Ақын Ақұштап Бақтыгереева «өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек» деген пікір айтқан. Имандылығы мен салт-дәстүрді берік ұстанған қыз қай ортада да қателік жібермейді. Қыз тәрбие­сіне алдымен ана жауапты. Қыз бала айналасын таныған сәттен бастап бойжеткен шағына дейін қыз анасына қарап бой түзейді. Тәрбиенің тең бөлігін анасынан алады, көргенін санасына түйеді. Өкініштісі, қазақ қоғамында қызға жақын болу, онымен жиі сырласу, ашық әңгімелесу жақсы дамымаған. Ашық тақырыпта әңгіме айтуды менталитетке сай көрмейді. Алайда бұл – маңызды. Қыз тәрбиесінде әкенің де рөлі ерекше. Ұлтымызда «әкеден сес болмаса, балада ес болмайды» деген ұлы сөз бар. Бұл бар қаталдықты үйіп-­төгіп қою деген сөз емес, ара-тұра әкеден де қыз аяғын тартып тұрардай қаталдықтың лебі есіп тұруы тиіс. Бұрын «әкең келе жатыр» дегеннен жинала қалатын тәрбиемен өстік. Ол әкеден қорқу, қорқа отырып ер адамды сыйлау, қас-қабағына қарау деген мағына еді. Қазір осы тұрғыда көп әке өз рөлін босаңсытып алғандай. Қызға еркелікпен қатар қатал­дық та көріну керек.

Тәрбиеге таяз түсінікпен қарау – болашаққа балта шабумен бірдей. Ер­теңгі күні қыз өсіп, ұл ержетіп, ата-ана­сына теріс қылықтармен көрінер болса, «қай жерден қателестім?» деп бармақ тістеп қалмау үшін қазірден ойлан­ған жөн. Шыбықты қалай егіп, оны қалай баптасаң, солай өседі. Бала­ның да рөлі осындай. Әсіресе ертеңгі күні бір үйдің келіні, анасы, отанасы болатын  қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән  берген дұрыс.

Ә.КЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: