Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек

15.08.2020, 12:00 846

HALYQLINE.KZ Күшті махаббат ғана күйеудің бойындағы кінəратты жеңеді. Күшті махаббаты бар ақылды, сабырлы əйел ғана жаман жігіттен жар жасап алады. Содан кейін олар бірінің айтқанынан бірі шықпай сыйласымды, тату-тəтті өмірді басынан кешеді. Бұл жолда əйелдің көп қажыр, қайраты жұмсалады. Ол жақсы жарды содан соң барып табады. Адам бойындағы, əсіресе қыз бойындағы қасиет ана берген тəрбиеден ғой.

Өмірде мінсіз кісі болмайды. Қызға жігіт 100% жақсы боп ешқашанда кездеспейді. Жігітті 100% жақсы ететін əйел ғана. Сондықтан қыз балалардың дап-дайын күйеуге шыға қоямын деуі қиын. Ол жігіттердің де кінəсі емес. Олардың бұл істе тəжірибелері жоқ. Келіншекті қалай алу керектігін білсе де, онымен қалай өмір сүру керектігін білмейді. Оны жүре-жүре жігітке өмір үйретеді.

Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді. Маскүнем жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.

Үміт күткен ұлы оңбаған болып кетсе – әке сорлы; қызы күйеуге өтпесе – шеше сорлы; сұлу деп алғаны сүйкімсіз болып шықса – жігіт сорлы; қыран деп тигені жапалақ болып шықса – жар сорлы

Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек, себебі қыздың жалаңаш жеріне көп көзінің құрты түскіш келеді. Ал халықта: «Есті қыз етегін қымтап ұстар» деген мақал бар

Кей адам кілт етпе келеді. Бірақ ол жас балаға, сұлу әйелге және ұлы адамға ғана жарасады. Бұл үшеуінен басқаға біткен қыңырлық – қырсықпен тең.

Әйелдің жалаңаш денесі еркектің құмарлығын қоздырады. Ақылмен бөгеп, сабырмен тұсалмаған құмарлық таудан төңкерілген сең сияқты: жолындағының бәрін ұйпа-тұйпа етіп, жайпап жойып кетеді. Сондықтан әйелдің еркек құмарлығын қоздыратын ашық-шашық жерді көбейтпей жауып, жария етпей қымтап ұстауы абзал. Әсіресе етекті қара санға дейін көтермеу, кеудені жалаңаштамау жөн. Сонда еркек елеңдемейді, әйел алаңдамайды, адалдық бұзылмайды.

Көшеде көлденең тұра қылып бірінің ернін бірі жұлып жіберердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды. Ондай әдеттен без, ондай құрбыдан аулақ бол.

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ,

жазушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: