Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ХАЙП пен АЙЫП Көпшілік ортадағы ерсі қылығынан қымсынбайтындардың не ойлағаны бар?

16.12.2021, 10:00 460

Шаһардың орталық көшелерімен жүретін №65 автобуспен келеміз. Мойнына әдемі шарф байлаған жас келіншек бала емізіп отыр. Омырауы ашық-шашық. Жан-жағына қызықтай қарап отырған сәби бірде анасының кеудесіне бас қойса, енді бірде өз тілінде уілдей әндетіп, айналасына ұзақ үңіледі. Қарны аш балаға ұқсамайды, ойнап отыр. Ал шешесі «жылап мазамды алмаса болды» дегендей, кеудесін алаңсыз ашып қойған.

Қоғамдық көліктің ішінде үлкен де, кіші де көп. Ал жас ана сырт көзден еш қымсынар емес. Ақыл айтудан аулақпыз, әрине. Дегенмен, қоғамдық орындарда әйел затының баланы омырауын сәл қымтап отырып емізу үшін қандай ақыл, білім керек деп ойлаймыз ғой, баяғы. Оның үстіне, қазіргідей не нәрсе де жетілген заманда, баланы көпке көрсетпей емізетін де қолайлы киімдер жоқ емес.

Тақырыпқа орай еске түседі, өткенде қазақстандық танымал бір блогер айы-күні жақындап, перзентханада толғатып жатқан әйелінің видеосын Instagram парақшасына жариялап, біраз сынға ұшырап еді. Иә, хайп үшін бәріне баратын болдық бүгінде. Батыстың біздің менталитетке жат қаңсығы таңсық болып тұр осылай.

«Серіктестік босану» деген бар қазір. Яғни босанатын әйелдің жақын адамдарының босану процесіне қатысуы. Серіктес жақынының басты мақсаты – толғақ үстіндегі әйелге рухани қолдау көрсету, денеге түсетін ауыртпашылығына демеу болу. Бірақ қазір әйелдің босану сәтіне ерлері де қатысатын болған. Бұл  қаншалықты  дұрыс?

Бұрындары ата-бабамыз әйелінің айы-күні жақындағанда атқа мініп алып, үйден жырақтау кетіп, жарының тілеуін тілеп, сүйінші хабар күтіп отыратын болған. Бала күніміздегі көркем фильмдерден де дәл осындай көріністерді санаға түйіп өстік. Ал дәстүрлі қазақ ортасында әйел адамды босандыру ісін жете меңгерген аналар, тіс қаққан тәжірибелі әйелдер атқарған. Қазіргі таңда «серіктестік босануға» анасы не әпкесі, жеңгесі немесе құрбысы кіреді. Ол дұрыс. Адамнан адам шығу оңай ма, қиналып жатқан келіншек жақындарынан қолдау, демеу күтеді. Бірақ босану үстіне ерлердің кіруі қазақ қоғамы үшін әлі де жат емес пе?! Айтпақшы, әйелдің босанып жатқан үстіне әлі тұрмыс құрмаған қыздарға кіруге рұқсат етілмеген.

Енді алғашқы оқиғаға қайта оралайық. Бала босанған соң, нәрестені емізудің де жөн-жолы, ырым-тыйымы болған. Мәселен, емшекте баласы бар әйел жалаңбас отырып бала емізбейді, басына орамал салуы керек. Баласын жалаңбас отырып емізсе, басының қайызғағы сәбидің аузына түсіп кетеді, бала есейгенде мәңгүрт болады, анасының тілін алмайды деген ырым  болған.

Сондай-ақ, әйел көптің алдында төсін ашып отырмайды. Төсін ашып отырса, сұқ көз қадалады, соның салдарынан төсі қараяды, омырауы іседі, тас емшек болып, омырауынан сүт қашады деп ырымдаған. Ал сүтсіз әйел – құтсыз әйел, ондай әйелдің құшағы суық, бауыры тас болады делінген.

Айтпақшы, қазір күнкөріс қамымен тезірек жұмысқа шығу үшін сәбиін емшектен ертерек шығарып жіберетін немесе кеудеміздің сәні кетеді деп мүлдем бала емізбейтін келіншектер де аз емес. Ал ана сүті – ғасырлар бойы, адамзаттың тарихи қалыптасуынан бастап, ұрпақты дұрыс өсіріп, жетілдіруге арналған. Сондықтан бұл заңдылықтың да бұзылмағанын қалаймыз. Бізге, елге сапалы, саналы ұрпақ керек.

Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

журналист.

Алматы  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: