Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Декретке миллионмен шығу арман болып қала ма?

08.06.2023, 10:20 498

Болашақ баланы жоспарлау қазіргі таңда күнделікті естіп жүрген, үйреншікті жаңалыққа айналғандай. Иә, тіпті бұл туралы кейбір ханымдар ақылы курс та өткізеді. Өйткені бүгінде баланың дүниеге келуін көпшілігі «дек­ретке  миллионмен» шығу деп түсінетін секілді. Қайда қарасаң да, декретке жақсы ақшамен шыққысы келіп жүрген аналар. Еш жерде жұмыс істемесе де, жүктілік кезінде ай сайын жеке кәсіптен, яғни «ИП»-дан әлеуметтік төлем аударып, босанғанда қарық болып жатады. Бірақ, үкімет оны да көп көрген сияқты. Енді декретке миллионмен шығу болашақ аналарға арман болуы мүмкін. Себебі, билік басындағылар жеке кәсіптен салынатын ай сайынғы төлем мөлшерін екі есеге көбейтіп, қара­пайым қыз-келіншектердің мәселе­сін қиындатып жібер­ді. Яғни, Еңбек және халықты  әлеуметтік  қорғау  министрлігі  әлеумет­тік кодекске өзге­рістер мен толықтырулар еңгізіп те үлгерді. Олардың мәліметінше, 1 шілдеден бастап қазіргі талқыланып жатқан заң жобасы мақұлданып, жеке кәсіп ашқан әйелдер декрет­тік төлем алу үшін өз табысынан зейнет­ақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды бірдей мөлшерде төлеуге міндеттеледі. Ал бұл кезде қосымша әлеуметтік аударымдардан түсетін жәрдемақы мөлшері азайып қалады екен. Өзгертілген  әлеуметтік төлем жүйесіне көпшілігі  наразы  екені  белгілі.

Осындай декретке миллионмен шыққан төрт баланың анасы Майра мемлекеттен төр­тінші қызын дүниеге әкелгенде ғана бір реттік туғанға дейін берілетін төлем алып, ке­йін бала­ның 1,5 жасына дейінгі жәрдемақысын алып келеді. Еш жерде жұмыс істемейтін ол міндетті әлеуметтік төлемдерді ай сайын жеке кәсіпкерлік арқылы төлеп отырған. Жұмыс істемегеннен кейін қарыз алып, әлеуметтік төлемге салып, кейін декреттік ақшасынан қарыз­дарын өтеуге ғана қаражаты жеткілікті болғанын айтты. Ал қазіргі өзгертіліп отырған заң бойынша ол «әлеуметтік төлемдерді ұлғайтатын болса, 1,5 жасқа дейін төленетін жәрдем­ақы  мөлшерін  көбейту  керек» дейді.

– Декретке миллионмен шығып, миллио­нер болып жатқан ешкім жоқ. Барлығы кеткен шығынын жауып, артылғанын әйтеуір бала-шағасына жаратып жатыр. Декреттік төлемді жұмыс істеп алып, қосымша ЖК-ға әлеуметтік төлем салып алатын аналардың қаражаты ғана қанағаттанарлық болады. Ал жұмыссыз тек жеке кәсіп арқылы декретке шыққан жандардың алған төлемі шындығында жетпейді. Әсіресе, ай сайынғы балаға берілетін жәрдемақы мөлшері де жеткіліксіз. Дегенмен, мұндай шектеулер қойғаны да дұрыс шығар. Мемлекеттен басқалай қаржы бөлінеді деп үміттенемін, – деді Майра Жармаханқызы.

Хош. Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар көптің талқысынан осылай өтуде. Енді төлем жүйесі өзгеріп, бұдан былай декретке миллионмен шыққысы келе­тін аналардың жеке кәсіпкер ретінде айлық табысы 544444 теңге деп есептеліп, МЗЖ – 54 444 теңге, Әлеуметтік аударымдар – 17 150 теңге, МӘМС бойынша жарнаға 4900 теңге аударуыңыз керек. Қосымша кассаға 1400 теңге, салыққа 7350 теңге төлейсіз. Сонда барлық кететін шығын – бір айға 85244 теңге. Бұл бас­таманы қанша айға салып үлгерсеңіз, соншалықты пайдасы да болады. Дегенмен, жеке кәсіпкер ретінде төлем жүйесіне мұндай қаражатты тек кәсіп көзі, табысы бар адамдар ғана салатыны анық. Ал декреттік төлем үшін саламын деген аналардың қалтасы көтермей, салған күннің өзінде қалыңдамайтыны хақ. Бүгінгі күнге дейін декретке шығатын аналар міндетті зейнетақы жарнасын төмен, ал әлеуметтік ауда­рымдарды жоғары мөлшерде төлеп келді. Ал бұл әлеуметтік, соның ішінде декреттік жәрдемақы көлеміне қатты әсер етеді. Алайда, кейбір мамандар мұндай қулық елдің экономикасына кері әсер ететінін айтады. Расында да, уақытша бала көтергеннен кейін жеке кәсіпкерлік ашады. Одан кейін оған көбірек ақша құйып, айлық көрсеткішін молынан көрсетеді. Бұл еліміздегі орташа айлықтың өсуіне алып келіп, кәсіпкерлердің санын көбейтеді. Салдарынан шынайы кәсіп иелері зардап шегіп отырғаны да белгілі. Сондықтан, бұл заңның өзгеруі дұрыс шешім деп қабылдайық. Себебі, ел экономикасын дамытудың  негізгі  тірегінің  бірі – кәсіпкерлік.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: