Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бар мен жоқ

07.05.2021, 16:00 710

HALYQLINE.KZ

 

Егер әйел әдемі киініп, өзіне жақсы қарайтын болса, онда тұрған не бар? Егер әйел өзіне лайық өмірді қаласа, онда тұрған ештеңе жоқ. Егер әйел жігітінен қамқорлық күтсе, қашан маған әшекей әпереді десе, онда тұрған дәнеңе жоқ. Бірақ әйел қамқорлық пен ынта-ықыласты жалынып, жалбарынып сұрамауы керек. Әйел менің айнадағы сұлбам, егізім дегенді өзін құрметтейтін азамат өзі де білуі тиіс. Әйелге көңіл бөлуі, оған әшекей әперуі де еркектің өзіне салым салғаны. Кейде жұптарға қарап, әйеліне қалай қамқорлық жасайтынын бағалау арқылы татулығын анықтап жатады. Әйелдің түр-сипатына қарап бұл еркек оған қаншалықты лайық екенін де бағалайды. Әрине, қазіргі заманда бәрі араласып кетті, әйелдер ақшаны өздері де табады, өздерін әдемі етуге мүмкіндіктері жетіп артылады. Бұл, әлбетте, еркектер әйел затына жоламасын дегенді білдірмейді. Азамат өзінің мәртебесі, қаржысы, әлеуметтік жағдайына қарамастан сүйген жанын әрдайым қуантуға асық болады. Әкем жас күнімде үнемі «Қалтаңда әрқашан ақша жүрсін. Аз тапсаң да, көп тапсаң да, қандай жағдайда болсаң да. Көк тиынсыз жүруші болма. Қалтасында дым жоқ болса, ол еркек еркек емес» деп айтатын. Қазіргінің әйеліне тек ақша керек деп ыңылдайтын кей жігіттерге қарап жаным ашиды. Шын мәнінде әйелдерге еркектің ықыласы маңызды. Ақша соның көрінісі ғана. Егер сенің жаныңдағы әйел ескі жиһаз сияқты болса, онда сенің құның көк тиын. Егер жаныңнан әдемі киінген, әтірі бұрқыраған көркем жан өткенде бұрылып қарасаң, онда сен ақымақсың. Неге өз әйеліңді дәл солай құлпыртып, көз тойдырмасқа? Осыдан кейін сен кімсің? Мәселе әйелдің дүниеқоңыздығында емес, мәселе сенің өзіңде. Сенің сараңдығыңда, жалқаулығыңда, әйелмен сыйыса алмайтындығыңда. Ешкім еркектен айды аспаннан алып бер демейді. Бірақ жігіт болсаң, әйел заты гүл сияқты нәзік екенін түсінуің керек. Гүлге күтім қажет. Су құйып, топырағын қопсытып, күнге қойып, тыңайтқыш себу қажет. Кім гүлге күтім жасаса, соның гүлі әдемі. Қолынан түк келмейтіндердің гүлі шалажансар. Тез солып қалады. Солған гүлге қарамай, басқа әдемісін іздеп кететіндерді кім деуге болады? Тағы да бір гүлді тамырымен жұлып тастамаққа… Егер сүйгеніңді лайықты деңгейде толық қамтамасыз етпесең, не деп отбасы құрмақсың, балаңды қалай асырайсың? Жігітте ниет болса, оның қолынан бәрі келеді. Әйел біткен өмірін сенімді әрі лайықты азаматпен байланыстырғысы келеді. Егер таныса сап өзіңді нақұрыс сияқты ұстасаң, уақытты созбай, табаныңды жалтырат, оның келешегіне зиян келтірме.

Kemal Can

Аударған Шынар Әбілда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: