Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйелдер неге ұзақ өмір сүреді?

15.12.2022, 10:40 543

«Халық» газетінің №45 (1155) нөмірінде ер-азаматтарға арналған «Мырза» бетінде «Ерлер жыламайды һәм аз өмір сүреді» атты мақала жарық көрген болатын. Бұл мақалада ер-азаматтардың ұзақ өмір сүрмеуінің себебін топшыладық. Ғалымдардың пікірінше физикалық жұмыстың ғана емес, психологиялық тұрғыда ерлерге жеңіл болмайтыны айтылды. Шетелдік ғалымдардың пікірін әлеуметтік желіде көзіміз шалып қалады. Бірақ «неге олай айтты, шынымен соның пікірі ме?» деген сұрақтарға қаламгерлер бас қатыра бермейді. Өткен мақалада Эксетер университетінің профессоры Лорна Харристің тұжырымын қосқан едік. Өзіне хат жолдап анығын білдік. Оның айтуынша, ер баланың дүниеге сау болып келуі қыз балаға қарағанда күмәнді екенін жеткізді. «Ұл баланың дене бітімі үлкен болғаннан кейін босану кезінде жарақат алуға бейім, сондықтан ұл баланы дүниеге әкелетін ана өзіне сақ болуы керек» деген пікірде молекулярлық генетика профессоры Лорна Харрис.

Әлемнің 90 пайыз елінде әйелдер ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүреді. Өткенде «Тұмар» бетінде осы тақырып бойынша мақала жарық көретінін айтқан болатынбыз. «Уәде мен халық – Құдайдың бір аты» демекші халыққа берген уәдемізді орындайық. Ендеше, өзіміздің қазақ елін мысалға алатын болсақ, статистика тілімен өткен жылы Қазақ­станда әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 74,03 жас болса, ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы 66,33-ті көрсетті. Ал, Қызылорда өңірінің статис­тикасы осымен шамалас. Нәзікжандылар – 74,24, ер-аза­маттар – 67,20. Сыр бойының ауылда тұратын тұрғындары қалаға қарағанда ұзақ өмір сүреді екен. Мәселен, аймақта қалада мекендейтін әйел­дердің орташа өмір сүруі 73,31 жасты көрсетсе, ауылдың қыз-келіншектері 75,54 жасқа дейін өмір сүретіні дәлелденген. Бұл статистикаға қарап, ғалым­дар қаланың қарбалас тіршілігі жүйке жүйе­сіне қатты әсерінің нәтижесі деп айтады. Алайда ұлттық статис­тика бюросының мәліметінше, Қызыл­орданың ауыл тұрғындары қалаға қарағанда психология­лық қысымның әсерінен жиі қайтыс болады екен. 2021 жылғы өлім себептерінің негізгі жіктеліміне қарай өлім-жітімнің стандартталған коэфф­иценттері бойынша сөзімізді сабақтайық. Қызылорда облысының қаласында тұратын әйелдер­дің жүйке ауруымен қайтыс болуы 87,03 коэффи­центті көрсетіп тұр. Ауылдың нәзікжандылары қалаға қара­ғанда 95,05 коэффицентті құрап, өлім себептерінің көбі жүйке жүйесінен екенін көрсетіп, сөзімізді дәлелдей түседі. Десе де, статистика бойынша қала тұрғындары қан айналым мен жұқпалы және паразиттік аурулардан жиі қайтыс болады-мыс. Ал ауылдың тұрғындары ас қорыту ағзаларының дұрыс болмауынан екен. Темір тұлпардың қателігі мен суи­цид жасаудан ауыл мен қала тең түсті. Бұл – өткен жылғы сандар. Енді шетелдік ғалымдардың пікіріне көшсек.

Ғалымдар, психологтар мен дәрігерлердің пайы­мынша әйелдердің ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүруінің үш негізгі себебі бар. Біріншіден, геннің әсері айрықша. Берклидегі Калифорния университеті мен Макс Планктың демографиялық зерттеулер институты зерттеу мақсатында жасалған адам өлімінің деректер базасында 40 елдің статистикасын жинақтапты. Онда Швециядағы өлім-жітім туралы  деректер 1751 жылдан бері, Франциядағы  1816  жылдан  бері  ұсынылған.  Ресей  Федерациясы мен Жапония сияқты елдер туралы нақты ақпарат тек 20-ғасырдың ортасынан бастап қолжетімді бола бастапты. Дей тұрғанымен, кез келген жыл бойынша ұсынылған барлық елдердің деректеріне қарасақ, әйелдердің өмір сүру ұзақтығы ерлердікінен асып түсетініне көзіңіз жетеді.

Ер адамдар дүниеге келгеннен бастап, әйелдерден әлдеқайда әлсіз болып келеді екен. Бұл – Лондон университеттік колледжінің профессоры Дэвид Джеймстің пікірі. Оның айтуынша, ер эмбриондары әйелдерге қарағанда жиі өледі деді. Мұның бір себе­бі адамның жынысы жұп жыныстық хромосомалар­мен анықталады: әйелдерде – ХХ, ерлерде – ХҮ. Хромосомаларда гендер бар. Міне, енді құлақ түріңіз. Х хромосомалары әлдеқайда үлкен және адамға өмір сүруге көмектесетін гендер көбірек екен. Ү хромосомаларында гендер аз. Сондықтан өмірлік маңызы бар гендердің Х хромосомасында болмауы ерлердің ерте өлуінің басты себе­бінің бірі деп тұжырымдайды сарапшылар. Екіншіден, жасөспірімдік кезеңде гормоналды өзегерістердің әсері болса, үшіншіден, өмір сүрудегі көзқарас. Ерлер әйелдерге қарағанда ішімдік пен шылымға жақын болуын­ың да кесірі бар.

Әйелдер ұзағырақ өмір сүрсе де, ерлерге қарағанда қартайған шағында екі есе көп ауырады екен. Бірнеше елде 16 мен 60 жас аралығындағы әйелдер орта есеппен сол жастағы ер адамдарға қарағанда медициналық көмекке көбірек жүгінген. Алабама университетінен Стивен Н.Остад пен Кэтлин Фишер өз зерттеулерінде Батыс елдеріндегі әйелдердің ерлерге қарағанда дәрігерге көбірек баратынын, дәрі-дәрмекті көп қабылдай­тынын және ауруға байланысты жұмыстан көп  қалатынын  атап  өтті.

Жалпы, Қазақсанда әйелдердің саны да көп. Осы жылғы санақ бойынша қазақстандықтардың саны 19,14 миллионға жуықтады. Оның 9,84 миллионы – әйел,  9,29  миллионы – ер-азамат. Бір қызығы, әйел­дердің «жетпеуі» де ерлердің өмір сүру ұзақтығына әсер етеді екен. Осылай деп Падуа университетінің ғалымдары айтады. Олар отау құрмаған азаматтар үйленген ерлерге қарағанда қарттық әлсіздікке бейім келіп, денсаулығын құртады деп дәлелдепті. Сонымен қатар, жесір әйел мен тұрмысқа шықпаған әйелдің денсаулығы, керісінше, тұрмыстағы әйелдерге қара­ғанда жақсырақ келеді екен. Өмір сүре берсең, көре бересің деген осы. Осы тұста көп көріп, көп жасау үшін не істеу керек екені жайында отандық психолог Айгүл Мұнарбаевамен тілдестік.

– Ұзақ өмір сүрудің 7 қағидасы бар деп айтуға болады. Атап айтсақ, біріншісі – таза суды пайдалану. Күнделікті таза суды ішудің организмге берері мол. Дұрыс тамақтану да кіреді. Сондай-ақ, адам өзіне сенсе, өмір сүру жеңілдей түседі. Қисайған көлеңкеден кемшілік іздейтін адамдар көп. Сондықтан бірінші кезекте өзіңіздің күш-жігеріңізге сенгеніңіз абзал. Тек сеніп қана қоймай, еңбек ету керек. Сіз еңбекке деген құлшыныстың арқасында өмірді сүйесіз. «Өзім» деген менмендікті басып, отбасымен тығыз байланыста болу. Оларға көмектесіп, олардың жағдайын түсіну де сізге көп көмегін беереді. Бұл – ұзақ өмір сүрудің бесінші қағидасы. Одан кейін өмірдегі әрбір сәтке қуанып, содан бақыт табу. Ал, ең соңғысы – өмірде болып жатқан әрбір тосқауылға қарсы тұрып,  өмірдің мәнін түсіну. Осының бәрі адамның ұзақ жасауына ықпал етеді, – деді ол.

ТҮЙІН. Бірін айтып, екіншіге кетіп жатырмыз ғой. Десе де, әйел адамның ұзақ өмір сүруінің басты себебі осы 7 қағиданы тыңғылықты ұстауында деп ойлаған жөн. Өйткені отбасындағы жылылықты сақтап отырған да, күйеуі мен балаларының қас-қабағына қарап, жанын түсінетін де әлемді әлдилеген әйелдер екені сөзсіз. Сол себепті бөріктілерге қарағанда көріктілердің ұзақ жасауы – олардың қайсар мінезінде. Қазақта «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген мақалы бар. Алайда бұл мақалға ұлы Абай Құнанбаевтың сөзімен келіспейтінімізді айтқан дұрыс шығар. «Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар» деп жөн сөз айтқан. Ғалымдар алдағы онжылдықта ер мен әйелдің өмір сүру ұзақтығы бірдей болатынын айтты. Ол енді уақыт еншісінде…

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: