Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйелдер мерекеде не алғысы келеді?

02.03.2023, 12:00 636

Көктем мезгілі ғажайып мерекеге толы. Ең алғашқы күнінен бастап, ерекше ай екенін сезіндіретін көктемде қазақстандықтар 8 наурыз мерекесіне айрықша көңіл бөледі. Себе­бі нәзік жандыларымызды қуантатын, оларға сый мен құрмет көрсететін күн. Бұл күні қыз-келіншектер құлпырып, өздерінің ең жақын адамдарынан сыйлық күтеді. Біз осы тұрғыда әртүрлі жастағы қыз-келіншектерден олар үшін бұл мерекенің маңызы туралы, дәл осы күні қандай сыйлық қалайтындарын сұрап білдік. Бұдан бөлек, нәзік жандарға сыйлауға бола­тын  сыйлықтар  тізімімен  бөлісетін  боламыз.

Жаныңа жақын жандардан сыйлық алудың орны қашанда ерекше болады. Әйел кісілер жұбай­ларынан, қыздар жігіттерінен, балақайлар әкесінен, әжелеріміз баласынан сыйлық алса, ең үлкен сезім мен құрмет осы емес пе? Иә, мамандардың өзі сыйлық беру арқылы адам сезімін, эмоциясын білдіретінін, яғни берудің де, алудың да  маңызы  жайлы  айтады.

– Әйелдерді әркез сыйлау, олардың ішкі жан дүние­сі  мен  адами қасиеттерін бағалау аса маңыз­ды. Бұл мереке күні жұбайлары әйелдеріне тек бағалы сыйлық беріп ғана қоймай, оған бір күнін арнап, көңіл бөлгеннің өзі оны қуанышқа бөлейді. Себебі қазір заманның өзгерісіне байла­нысты, екі жастың бір-біріне көңіл бөлуі сейіліп барады. Сондықтан, нәзік жандыларға берілген сыйлықтар – оған жасалған қамқорлық ғана емес, үлкен махаббаттың белгісі. Әр әйел тек 8 нау­рыз  мерекесі мен туған күнінде ғана сыйлық алмауы керек. Олар күнделікті сыйлыққа лайықты. Ол  үшін  мереке мен арнайы күндерді белгілеу керек емес, – деді  психолог  маман  Айгүл  Мұнарбаева.

Ал бізбен пікір бөліскен әйелдер қауымы да мереке қарсаңында жақындарынан ерекше құттық­тауды, жолдастарынан бағалы сыйлық­тарды қалайтынын жасырмады.

– 8 наурыз – нәзік жандылардың мерекесі. Жүзіне күлкі үйіріліп, көктеммен қатар жеткен мерекеде арулар қуанышты боп жүреді. Өйткені, көктем шуағына бөленіп, күн сәулесінен көркемдік қуат алатын қыздар қауымының тұнжырап жүруі тіпті мүмкін емес. Мереке қарсаңында берілетін сыйлықтар, әдемі гүлдер, қорап-қорап тәттілер ерекше көңіл күй сыйлайды. Әрине, бұл сұрамсақтанып сыйлық алуды немесе түк көрмегендікті білдірмейді. Көңіл үшін жасалған әрбір әрекет жанға жылулық сыйлайтыны сөзсіз. Сол себепті, айтулы күнде сыйлық жасаудың айыбы жоқ деп білемін. Өзім де құрбыларым мен анама, сіңлілеріме ерекше етіп сыйлық жасаймын. Қазіргі жастардың басты қалауы – бренд заттар, менің де, – дейді 18 жастағы студент  Айгерім  Өтеп.

Ал 30 жастағы Ботакөз Тасмағанбетова бұл мерекені  әр  жылы  әрқалай  өткіземін  дейді.

– 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесін асыға күтемін. Әр жылы әр қалай өткіземін, көбінесе үйде боламын, кейде қыз-келіншектермен бас қосып, қызықты өткізетін сәттер де болады. Бірақ, ерекше етіп, есте қалатындай тойлаймын, тек жақындарыма сыйлық жасауға асығамын. Және жақындарымның шын көңілмен берген сыйлығына қуанамын. Сыйлық беру мен алу – сүннет. Сондықтан, тек мерекеде ғана емес, жай күндері де жақындарымызды қуантуымыз керек. Ал өзім демалыс орталықтарына арналған сертификатты бір жан сыйласа екен деп жүрмін, – деді ол.

Ал үлкендердің бұл мерекеде күтетіні – тек балалары мен елінің амандығы. Балаларының жылы сөзінің өзі бір марқайтып, немерелерінің қолдан жасаған сыйлығына шаттанып отыратын қарт әжелерімізге қамқор болу басты кезекте.

Сонымен, 8 наурыз – барлық нәзік жандыларға арналған мереке. Бұл күні жұбайына, анасына немесе сүйіктісі мен қарындасына сыйлық іздеп, қандай түрін таңдасам болады деп ойланып жүрсеңіз, назарыңызды біздің берген кеңеске бұрыңыз. Иә, қазір жас қыздар бағалы, бренд заттарды сыйлыққа алғысы келеді. Яғни, бренд сөмке, люкс әшекей-бұйым мен түрлі опа-далап және қасына бір шоқ гүлі болса жеткілікті. Ал орта жастағы қыз-келіншектерге сұлулық салон­дары мен демалыс орындарына арналған сертификат, соңғы үлгідегі телефон, алтын әшекей-бұйым мен үй жабдығына керек затын алып, қасына әдемі гүлін қоссаңыз бола­ды. Байқағанымыздай, қыз-келіншектердің жасы ұлғайған сайын сұранысы да жоғарылай түседі. Ал 35-40 жастағы кей аналарымыз шетелге саяхатты қаласа, енді бірі көлік немесе қымбат бұйымдар берілсе дейді. Үлкен әжелеріміз де емдеу орталықтарына сертификат қалай­тынын жасырмайды. Дегенмен, бұл нәзік жандылардың ішкі қалауы болғанымен, олар да сыйлық ұсынушының ниеті мен ықыласын басты назар­да ұстайтынын ұмытпаған жөн. Сонымен қатар, арулардың барлығы бір құшақ гүлге риза болатынын да есте сақтау керек. Сондықтан, мереке күні қаржылай қиындықтар туындаса, жақыныңыздың гүлге деген талғамын анықтап, құшақ  гүлмен құттықтауға  тырысыңыз.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: