Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ұлттық мұра» жобасы аясында келіндер сайысы өтті

17.05.2023, 18:20 382

HALYQLINE.KZ Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстанып, сәні мен салтанаты жарасқан қазақ келіндерін насихаттау мақсатында партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында бастауыш партия ұйымдарының нысаналы трансферт есебінен «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалы мен «Еңбек ауылдық округі» БПҰ-ның ұйымдастыруымен партияның аудандық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдары арасында «Ісмер келін» сайысы өтті. Аталған шараға ақылына көркі сай, он саусағынан өнер тамған, партия мүшелігіндегі және 18-35 жас аралығындағы келіндер қатысып, өзара сынға түсті.

Іс-шараның басты мақсаты – қазіргі жас келіндер арасына ежелден ұмыт болған ата -дәстүр салтымызды қайта жаңғыртып, қазақ келінінің бойынан табылуы керек игі қасиеттерді қайта жандандыру, өнер әлеміне жетелеу, ежелден қазақ келіндеріне тән әдемілік пен ізеттілік, инабаттылық сияқты асыл қасиеттерді насихаттау. Сонымен қатар, ақылды да, үлгілі келіндерді елге таныстыру.

«Ісмер келін» сайысын «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева ашып, қазақ келіндеріне тән қасиеттер, салт-дәстүрлерді дәріптеу туралы айтып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Жас ұрпақтың бойына ұлттық салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз, адамгершілік пен имандылықты бойларына сіңіртіп, ұлтжандылыққа баулып, ата-бабаларымыздан қалған бай мұрамызды жаңғырту, мейірімді, зерделі, тәрбиелі болып өсуге баулу баршамыздың міндетіміз – деді Қаншагүл Мұстафаева.

Сайыстың ерекшелігіне сәйкес қатысушылар опа-далапсыз, қазақ келініне тән қарапайым отбасылық киім үлгісінде болу, сахна мәдениетіне, сөйлеу мәнеріне баса назар аударылды.

Ұйымдастырылған сайысқа қатысушылар негізгі 3 кезең бойынша өз өнерлерін ортаға салды. 1-кезең « Салт-дәстүрді білесіз бе»?. Қатысушылар жартылай дайындалған қолөнер бұйымдарын ұсынады. 2-кезең «Сұрақ-жауап». Бұл кезеңде қатысушы келіндер ұлттық салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап береді. 3-кезең «Үй тапсырмасы». Яғни, қазақтың ұмыт болып бара жатқан қазақтың ұлттық тағамдарын дайындау жөнінде видеоролик әзірлейді және дайын тағамдарды арнайы дайындалған орынға орналастырады.

Сайысқа әділ бағасын беруге Сырдария ауданының «Құрметті азаматы, облыстың Құрметті ардагері, Сырдария аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы – Жаналиева Ұлмекен, ардагер ұстаз, облыстық «Парасатты Әже», облыстық «Мерейлі отбасы» сайысының жеңімпазы, аудандық «Әжелер» ансамблінің мүшесі, «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің 10 дүркін лауреаты – Жалғасбаева Балкүл және жерлесіміз, жыршы, ҚР мәдениет қайраткері, фольклортанушы Саймағанбетов Берік қазылық жасады.

Ұйымдастырылған сайысқа 11 келін қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша «Инабатты келін» номинациясы бойынша «Жаңадария ауылдық округі» БПҰ атынан қатысқан Хамитова Айжан, «Ибалы келін» номинациясымен «Қаракеткен ауылдық округі» БПҰ-нан Ізімбет Манура, «Шебер келін» номинациясымен «Мақпалкөл ауылдық округі» БПҰ атынан Қыпшақбай Айдана және «Көрікті келін» номинациясы бойынша «Мырзабай ахун ауылдық округі» БПҰ атынан қатысқан Тайжан Айсұлу марапатталды. 

Жүлделі 3 орынға «Аққыр ауылдық округі» БПҰ-нан Оразымбет Қымбат, «Аққұм ауылдық округі» БПҰ-нан Абажанова Ақмарал және «Мәдениет ауылдық округі» БПҰ-нан Рахметова Арайлым марапатталды. Кезекті 2-орынға «Ақсу ауылдық округі» БПҰ атынан қатысқан Көлжанова Назгүл мен «Бұқарбай батыр ауылдық округі» БПҰ-ның қатысушысы Жұмабаева Гаухар иеленді. Үш кезеңді қамтыған сайыс барысында барлығынан өзінің өнерімен оза шапқан «Еңбек ауылдық округі» БПҰ қатысушысы Нұрмағанбет Ағжан жүлделі 1 орынға ие болды. Қаншама күнгі дайындық, қарбалас осы кезеңдердің барлығынан өтіп көптің көңілінен шыға білген «Таң ауылдық округі» БПҰ атынан қатысушы Мейірманова Зарина «Ісмер келін» сайысының Бас жүлдесін жеңіп алды. Барша қатысушылар «AMANAT» партиясының арнайы дипломдары мен қоса бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Бүгінгі сайысқа қазылық жасаған төрешілер «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының Атқарушы хатшысының арнайы «Алғыс» хаттарымен марапатталды. 

Сайыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан «Еңбек ауылдық округі» БПҰ төрағасы Жаманов Мейрамбекке, ауыл әкім Қалданов Қайруллаға, ауыл әкімдігі, ауылдық дәрігерлік амбулаториясына, ауылдық мәдениет Үйі және М.Байділдаев атындағы №232 орта мектеп ұжымына алғысымызды білдіреміз.
Шара соңында барлық қатысушылар мен көрермендер тың идеяға толы тағылымды шараға бастама болған «AMANAT» партиясына өз алғыстарын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: