Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТЕРІС БАТА немесе қыз бен қойдың жүрмейтін жері жоқ па?

07.03.2021, 12:00 1862

HALYQLINE.KZ

Осыдан 5-6 жыл бұрын іссапармен Әзірбайжан еліне баратын болдым. Бұл жаңалықты бір танысым ести сала маған: «Айнұр, сонда менің тәтем тұратын еді, барған соң хабарласып хал-жайын білші, бәлкім, тұрмысын да өз көзіңмен көрерсің» деп өтініш айтты. Қолыма телефон номері жазылған бір парақты ұстатты. «Қой мен қыздың жүрмейтін жері жоқ» деген рас екен ғой, Қызылорданың қызын Апшероннан көретін болдым» деп мен қуандым. Діттеген жерімізге жетіп, жедел деген шаруаларымызды реттеген соң, әлгі жерлесімнің тәтесіне телефон шалдым. Тұтқаның ар жағынан жағымды дауыс «алло» деп жауап қатты. Қысқасы, әзірбайжан халқына келін болған қазақ қандаспен біршама әңгімелестік.

Сонымен қызылордалық қыз Апшеронға қалай аяқ басты? Кеңес өкіметі кезінде ел есінде болар, біздің қаланың шет бөлігінде әскери бөлім орналасқан-ды, сол жерде одақтас 15 республиканың өкілдері жауынгерлік борышын өтейтін. Жергілікті бойжеткендер сондағы солдаттармен танысып, аз-кем махаббат құратын. Аз-кем дейтінім, көпшілігінің сезімі жауынгердің әскери мерзімі біткен соң бірден аяқталатын. Кейбір қыздардың аяғы ауырлап бөпесін құшақтап қалған кездері де жоқ емес. Сезімдері беріктері Қызылорданың қыздарын еліне келін етіп түсіруге өздерімен бірге алып кететін.

Біздің кейіпкердің де тағдыры солай болыпты. Қыз әзірбайжан күйеу баланы үйіне әкеліп, ата-анасынан рұқсат сұрауға келгенде ұлдары бір төбе болғанмен, моншақтысы жалғыз болған соң ана байғұс қарсы болыпты. Қыз қасарысады. Сол кезде анасы алақанын сырт қарата: «Сен Каспий деген теңізден ассаң, сенен туған қыз мұхит ассын! Әумин!» деп теріс батасын беріпті. 

Уақыт жылжи береді. Бұлар ұлды, қызды болады. Бір түйір қызы шет тілдері факультетін үздік тамамдап, Бакудегі бірлескен компанияда аудармашы болып қызмет жасап жүргенде, АҚШ-тан келген жігітпен дәм-тұзы жарасып, соған тұрмысқа шығады. Не керек, қызы осылайша мұхит асады. Сол кезде осыдан ширек ғасыр бұрын анасы назаланып берген теріс бата есіне түседі. Иә, бұл теңіз асып еді, бұдан туған қыз мұхит асты.

«Ешкімге ренішім жоқ. Тағдырымды өзім таңдадым. Өзім жаққан отқа өзім жылынудамын. Қателігім жеткілікті. Қатесіз тіршілік жоқ шығар. Қазақ еліне сәлем жеткізіңіз!». Апшерондағы әпкеміз осылай қоштасты.

Айнұр  ТҰҢҒЫШБАЕВА,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: