Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Самолетті қауындыққа қондырған комендант

01.12.2022, 9:20 250

Осы күндері тұрғындары аудан орталығына, жақын  қалаларға самолетпен қатынайтын ауылдар бар ма екен?! Әй, жоқ шығар, болса да өзім естімеппін. Ал жетпіс, сексенінші жылдары Сырдың оңтүстік қиырындағы Қандөздің аэродромына таңертең Түр­кістаннан, ал түс мезгілінде Қызылордадан самолеттер қонып, ұшып  жататын-ды.

Ал аэродром қожайыны Мылтекең фуражкасының кокарды қоқайып, жамбасында офицерский планшеті сартылдап, ұшақтарды қабылдап, қайта аттандырып тұрар еді. Ара-арасында орыс летчиктерді туыс ағасының баласы секілді бір сыбап алып, АН-2-мен Ақат қора маңындағы қауындыққа қарай жөнеп бара жатады. Дария жағасындағы тоғайды бірер айналып, мал қарап қайтатын шаруақорлығы да бар. Ұшқыштарыңыз да коменданттың айтқанынан шыға қоймайды. Дауысы ауылдың ана шеті мен мына шетін гүрілдей қамтып жататын комендантыңыз ешкімді жатсынбайды. Бас тіреп келген кісіге дастар­қанын жайып, құдасындай күтетін қонақжай. Абат апамыз да мың болғыр кісі, ерінің сөзін бөлген емес, балаларымен бірге қонаққа зыр жүгіріп қызмет етеді. Ал қожайын болса, билік өзіне тигесін келушіні әңгімесіне еліктіреді, аң аулауға бастайды. Үш-төрт күн жанынан ұзатпасы анық. Шығарып саларында қоржын-қошқалағын толтырып жібереді. Сондықтан олар қайта Мылтекеңнің бір әжетіне жарағандарын мақтаныш тұтатындай. Оның үстіне аэропорттың облыстағы бастықтары бұрыннан аралас-құралас таныс-тамырлары. Олар да осында әдейілеп келіп, бірер апта құмға шығып, дария жағалап аң аулап, аунап-қунап қайтады. Әлгі қауын-қарбыз, қырғауыл, қояныңыз да ұшақтың бір бұрышында солай қарай ұшып  бара  жатады.

Иә, қызметі  өткен  кісінің  міндеті  де  өтімді. Жолдас-жора, ағайын-туыс, ауылдастары оның бетін қайтаруға  тәуекел  ете  алмас. Өйткені,  осындағы­лардың көбісі  қиналған кездерінде коменданттың жақсылы­ғын  көрген. Бір  емес, бірнеше  рет.

Ауылдағы талай үйдің бел ағашы мерген ағамыздың қолынан өткен. Сонау алпысыншы жылдары дария ортасындағы аралға өтіп, биік-биік тоғай ағаштарын шауып, оны қалтылдақ қайықпен бері алып өтетін жанкештілігін ескікөздер ұмыта қойған жоқ. Бұл – бір ғана қолғабысы. Басқа да жанашырлығы жетеді. Ал той-жиын, бақилық болған кісілердің соңғы сапары да оның араласуымен өтеді. Қысқы қар, жазғы шілде ауа райының қалай құбылғанына қарамастан мықты деген төрт-бес жігітпен мейманның қабірін дайындап, шариғатқа сай жөнелтетін сауапты ісі ше? Бұ шаруалар кез келгеннің қолынан келмесі түсінікті. Сондай-ақ, ит тиіп назарланған балаға оның бір түкіруі ем. «Сүф» дейді болды, сәлден соң әлгі көзі кіртиген сәби құлдыраңдап ойнап кетеді. Бір кереметі тентек-телілер Мылтекеңнің дауысы естілген жерде қара көрсетпейді. Байқаусыз түлен түрткендері Әзіретәлінің зіркілін көрді дей беріңіз. Есік пен төрдей жерге бірер ұшып түскендер коменданттың қаһарын мұнан кейін әсте ұмыта  қоймас.

Ескіше де білімнен хабардар ғой, кей молдалардың оның қасында шариғат айтудан тартыншақтайтыны сондықтан. Молда дегеннен еске түседі, бертінде ауылдың бір топ қариясы «ескіше хабарың бар, ауылға имам бол» деп оны ортаға алады, әрі-бері қашқақтаса да үлкендер қыр соңынан қалмаса керек. Сонда Мылтекең:

– Қоймадыңдар ғой, онда менің бір шартым бар, – дейді.

– Шартыңды айт, – дейді шалдар.

– Аң аулап оншақты күн ауылдан ұзап кететінім бар, бәлкім қалаға қыдырыстап бірер апта болмай қалуым мүмкін. Сондықтан көңілдеріңе келмесін, осы өледі-ау дегендеріңнің жаназаларыңды осы бастан шығарып қоямын. Сонан соң мені іздемей, жерлей бересіңдер.., – десе керек.

Мына сұмдықты естіген қариялар: «Дидарың құрысын!» деп осы жерден әңгімені үзіпті.

Иә, жоғарыдағыдай қайырымды әрекеттерінен Мылтекеңнің анау-мынау кемшілігі, тентектігі есепке алына бермейді. Жұрттың оның есімін жақын тарта жылылықпен атайтыны сондықтан болар. Дегенде, осыншама қайырлы ісі көп кісіні үнемі жайдары жүреді дегенге иланып қапы қалуға да болмас. Құрыштай берік, жұдырығы шоқпардай көкеңіздің шалқып келе жатқанында көзіне түспеген жөн. Анда-санда соғатын дауыл секілді сондай кездері ауыл көшесінде жан қалмайды. Иттер де қыңсылап, қуыс-қуысқа қашып тығылар еді. Енді бұ жағын сөз етпеймін, қалғанын өздеріңіз  шамалап, таразылай  берерсіздер..

Мылтықбай мергеннің фуражкасын айттық, планшетін айттық, ендігі кемі жамбастағы наган ғой. Оған да қысылатын ештеңе жоқ, аэродром қапталындағы екі бөлмелі үйшіктің бұрышында сүйеулі тұрған қосауызыңыз ұшқан аңды, жүгірген аңды жібермейді. Қаға берісте Көксұйықтың сайын, Қандөзарықтың маңын бір айналып келсе, қанжығасы майланып оралды дей беріңіз. Олжасын көңілі түскен адамға сыйлай салатын  жомарттығы да жұртқа белгілі. Сонымен қатар үш жасар өгізді алып ұратын балуан ағамыз құймақұлақ, шежіре адам. Дастан-жырларды  жатқа айтады. Бауыржан батырдың «Қаңғыған оқтан сақта, әділетсіз соттан сақта!…» деп келетін әйгілі батасын кемі сүт пісірім шегелейді. Сөз арасында сыбап алатындығы айналайынымен  бірдей  жұртқа қамқорлығы мол сегіз  қырлы, бір  сырлы  адам  еді.

Сол  Мылтықбай Тасманұлы биылғы жаз орта­сында 88  жасында  өмірден  өтіп,  бүкіл  ауыл жетім­сіреп  қалғандай…

Нұрмахан  ЕЛТАЙ,

жазушы-сатирик

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: