Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастардың денсаулығы алаңдатады

07.10.2020, 12:40 1300

HALYQLINE.KZ Ел президенті жастардың денсаулығы мен әл-ауқатын инвестициялаудың маңыздылығын мойындады және жастарға қамқорлық жасайтын қызметтерге қолдауды арттыруға міндеттеді. Бұл сондай-ақ, 2019 жылдың қараша айында Найробиде өткен маңызды саммит кезінде де айтылған еді. Үкімет жаһандық аудиторияға Қазақстанның әр аймағындағы Жастар денсаулық орталықтарын (ЖДО) қаржыландыруды жалғастыру туралы міндеттемесін растады. Оның ішінде ақпарат пен кеңес беру, жастарға қолайлы жыныстық және репродуктивті денсаулықты қорғау қызметтерін ұсыну да бар.

Осы бағдарламаны енгізу үшін ЮНФПА ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, жастарға ыңғайлы қызмет көрсету жүйесін құруда. Бұл жұмыс елдегі Жастар денсаулық орталықтарын тұрақты дамыту стратегиясын әзірлеуді, ЖДО мамандарының жұмысын реттейтін бірқатар хаттамаларды және жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының репродуктивті денсаулық туралы хабардарлығын арттыру секілді бірқатар мәселелерді қамтиды. Сонымен қатар Жастар денсаулық орталықтары білім мен озық тәжірибені басқа ұйымдарға беретін «ресурстық» институттарға айналдыру мақсатында Орталықтарға қолдау көрсетіледі.

Жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын сақтау мәселелерін кешенді шешу мақсатында 2015 жылы Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық жастардың денсаулық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Бұл – жасөспірім кезеңінің ерекшеліктеріне байланысты денсаулықты сақтау проблемаларына қолжетімді, қайырымдылық, сенім принциптері бойынша кешенді медициналық, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсететін мекеме.

Бүгінгі күні аталмыш орталық жастардың денсаулығын сақтау мен нығайтуда маңызды рөл атқарады. Қызмет көрсету нәтижесінде 2015-2020 жылдары көмекке жүгінген жасөспірімдер мен жастардың саны 1,7 есеге өсті. Жыл сайын жасөспірімдер мен жастар өз денсаулығына қамқорлық көрсетіп, гинекологтардан, урологтардан және орталық мамандарының кеңесіне жүгінеді.

Қазақстанда жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау маңызды мәселе екені белгілі. Ресми статистикаға сүйенсек, Қызылорда облысында 2019 жылы қыздардың туу коэффициенті 15-17 жас аралығындағы әрбір 1000 қызға 3,2-ні құрады. 2017 жылы бұл коэффициент 15-17 жас аралығындағы 1000 қызға 4,3-ті құраған. Одан өзге жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың жиілігі 15-29 жас аралығындағы жастар арасында 2019 жылы 68 жағдайды құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 1,2% төмендегенін аңғартты. Сонымен қатар, жасөспірімдердің едәуір бөлігі ретсіз жыныстық қатынас тәжірибесіне алаңдамайды. Өйткені жас жігіттердің 40%-ында 3 немесе одан да көп серіктес болған. Ерлі-зайыптылардың шамамен 16%-ы бедеулікке ұшырап отыр.

Қазақстан бүгінде жасөспірімдер арасында суицид деңгейі жоғары ел болып қала береді. 2019 жылы Қызылорда облысында кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 6 жағдайы тіркелді, оның 3-еуі ауыл тұрғындары. Әлеуметтік зерттеулер қорытындысы бойынша Қазақстандағы 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдердің үштен бір бөлігі жыныстық белсенді болғанымен, 91%-ы АҚТҚ/ЖҚТБ туралы жеткілікті біліммен қамтамасыз етілмеген. 15-19 жас аралығындағы жыныстық белсенді жастардың 14,8%-ы соңғы 12 айда жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) белгілерінің кем дегенде біреуінің болғанын хабарлады. Алайда олардың көпшілігі медициналық мекеменің медициналық көмегіне жүгінбеген. Сонымен қатар, 2011-2018 жылдар аралығында Қазақстанда АҚТҚ-ға шалдыққандар санының 106%-ға өсуі тіркелді. Ал мұның 62%-ы жыныстық жолмен берілетіні белгілі.

Қазіргі жастардың өтпелі жас кезеңінен қаншалықты жақсы өткені тек олардың өмірін ғана емес, бүкіл әлемнің болашағын айқындайды. Жеткіншектер мен жастардың денсаулығына, біліміне, құқықтары мен мүмкіндіктеріне инвестиция салу – бұл болашаққа құйылған инвестиция. Алайда, өтпелі кезең – бұл жастардың жаңа және бұрын таныс болмаған өмірлік жағдайлармен бетпе-бет келетін, балалық шақтан ересек өмірге өту кезеңі. Олар денсаулықтарына және әл-ауқаттарына қауіп төндіретін жаңа өмірлік дағдылар мен тәжірибелерді тез үйренулері керек.

 – Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жастардың репродуктивті денсаулығы олар үшін арнайы жағдайлар жасалған кезде жақсы қамтамасыз етіледі. Жастар денсаулығы орталықтары – бұл қолжетімділік, ақпейілділік және еріктілік қағидаттарына негізделген жасөспірімдер мен жастарға арналған кеңестер мен қызметтердің халықаралық деңгейде танылған интеграцияланған жүйесі. Біз жасөспірімдерге өте қажет кеңестер мен көмек беретін орталықтарды қолдау арқылы жастардың дені сау және бақытты болып өсуіне ықпал етеміз, – деді Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы «Халық» қорының атқарушы өкілі Раймбек Сисемалиев.

Болашақта Жастар денсаулығы орталықтарының тұрақты және дәйекті жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ЖДО қызметтерін стандарттау бойынша қосымша жұмыс қажет болады. Жұмысқа барлық ЖДО-лар бойынша консультациялық-сауықтыру қызметтерінің бірыңғай стандарттарын құру және оңтайландыру кіреді. Бұл стандарттар пациенттермен қарым-қатынасты басқарудан бастап, жастардың денсаулығы мен әл-ауқатының кең таралған қажеттіліктерін шешуге және Жастар денсаулық орталықтарының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге дейінгі көптеген аспектілерді реттейтін болады.

Облыстық жастар денсаулығы орталығы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: