Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пандемияның екінші кезеңіне дайындық қалай?

28.08.2020, 17:45 572

HALYQLINE.KZ Бүгінде аймақтағы коронавирустық инфекцияның таралуы бәсеңдеп, жағдайдың тұрақталғанын ресми орындар да мәлімдеп отыр. Халыққа да анық байқалуда. Қабылданған қатаң карантиндік шаралар нәтижесінде қол жеткізген жетістіктің бірі – осы десек қателеспейміз. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспаөз қызметінің мәлімдеуінше, облыс аумағында коронавирус инфекциясымен ауырған және қарым-қатынаста болғандарды бақылау мақсатында барлығы 210 инфекциялық төсек-орын ұйымдастырылды. Бүгінгі күні 48 науқас ем алуда, жүктеме 22,8 пайызды құрайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша күзгі маусымда пандемияның екінші кезеңі болуы мүмкін деген болжам бар. Осыған орай, «COVID-19» пандемиясының екінші кезеңінде облыстағы инфекция жұқтырған науқастарды уақытылы қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектер тізімі жасақталуда.

 – Пандемияның алғашқы кезеңінде орын алған дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмас үшін стационарлық және емханалық жағдайда жетіспеген дәрілік заттарға облыстық бас пульмонолог, облыстық бас инфекционистпен сараптама жасалып, «COVID-19» індетін емдеу хаттамасына сәйкес жасақталды. Тізімді жасақтау барысында короновирус және вирустық пневмония науқастарына 1-кезеңде қолданылған дәрілік препараттар негізге алынды. Құрылған қорға дәрілік заттарды сатып алуға қажеттілік 350 млн теңге қаражатты құрап отыр. Сондай-ақ, 200 төсек орынды тез соғылатын модульді инфекциялық аурухана құрылысына жер бөлініп, қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс қараша айында аяқталады деп күтілуде, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

2020 жылдың күз мезгіліндегі коронавирустық инфекциясының болжамды екінші толқынына жүйелі дайындық жұмыстары жүргізілуіне орай 3500 медицина қызметкерлерінің резерві құрылды. Көпбейінді облыстық ауруханасы және Қазалы ауданаралық ауруханасы жанынан демеушілік көмек арқылы оттегі станциясын құру жоспарлануда. Емдеу мекемелеріне сұраныстары арқылы демеушілік көмекпен орталықтандырылған оттегі беретін құрылғылар орнату жоспарлануда.

 – «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының демеушілігімен Қазалы ауданында 1 оттегі станциясы салынады. Бұл станция арқылы Арал және Қармақшы аудандары, Байқоңыр қаласы оттегімен қамтылады. Екінші оттегі станциясы «ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен «Көпбейінді облыстық ауруханасы» ШЖҚ КМК базасынан салынады. Бұл қала аумағындағы ауруханаларды және Сырдария, Жалағаш аудандарын қамтамасыз етпек. Үшіншісі Шиелі ауданынан бой көтереді. Қазіргі таңда қаражат мәселесі шешілуде, – деді аймақтың бас дәрігері.

Денсаулық сақтау министрлігіне 96 өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппаратына сұраныс берілген. Дүниежүзілік мамандар қауіптеніп отырған екінші кезең басталса, қажет болған жағдайда 21 инфекциялық және провизорлық төсек орындар қайта ашылатын болады. Одан өзге жергілікті бюджеттен 4 флюро және 4 дана стационарлы рентген аппараты сатып алынады жоспар бар.

«Сақтансаң, сақтаймын» деген қазақ тәмсіліне сүйеніп, халық өз-өзін оқшаулап, тазалық жұмыстарына мән беруі керек.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: