Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аллергия

01.01.2024, 10:00 295

HALYQLINE.KZ

Әзіл  әңгіме

Бүгін Жаңа жыл.Таң атпай әйелім Шапанай үйге құрметті қонақтар келетінін жария етті. Жұрттың жұбайлары үйіне дүние-мүлік пен жиһаздар толтырса, біздікі әкімдердің суреттерін, олардың өмірбаяндарын жинайды. Мәдениетті түрде айтқанда, коллекционер. Барлық облыс пен аудан әкімдерінің фотолары сарайда қабырғада ілулі тұр. Шапанай бүгін аудан әкімін үйге қонаққа шақырып қойыпты. Дастарқан алыстан көз тартады. Отыз жыл отау құрғалы көрмеген тағамдар бар.

– Үйге кім келе жатыр білесің бе?

– Иә, білемін, аудан әкімі Алдыбек пен оның әйелі Салтош қой.

– Шапанайдың беделінің қандай екенін көрдің бе? – деп мақтанды.

– Әрине, осы бойы көріп тұрмын. Бұл әкім ауданға қашан келіп еді?

– Төрт-бес жылдың шамасы болды. Керемет әкім. Ғажап кісі. Құдай тіл-көзден сақтасын. Ауданды гүлдендіріп, көшелерді түрлендіріп жіберді. Нағыз халықтың адамы десем артық емес. Жолдың бәрін жөндеді. Қаншама маңызды ғимараттар салынды.

– Рас, рас, – дедім.

Әйтеуір, әйелім әкімді мақтауға сөз таппай қалды. Мен ұйқылы-ояу ел ағасының келетініне әлі сенбей тұрмын. Көкейде жүрген сұрақтарыма дастарқан басында жауап алатын болдым. Бақыт қой нағыз.

Шапанайым тегін емес екен. Кімнің үйінен әкім шай ішіп еді?

Есіктің қоңырауы шыр етті.

– Ойбай, келді есікті аш, – деді әйелім.

Жүгіріп бардым. Жүрегім дүрсілдеп тұр. Ашып қалсам, «саумайкум» деп көршіміз Жоңышбай тілін шайнап тұр. Жаңа жыл мерекесін тойлауды елден бұрын бастап кетіпті. Шапанай түйкіштеп қуып шықты. Енді есікті жаба бергенде жарқ етіп аудан әкімі мен оның жұбайы үйге кіріп келді.

– Оо, хош келдіңіздер! Төрлетіңіздер, – деп біздің әйел желпілдеп ұшып жүр.

Қонақтарды төрге жайғастырдық. Әкім былай теледидардан сұсты көрінгенімен, маған жақыннан жайдарлы сияқты көрінді. Жымиып күле береді. Әйелі салмақты екен. Денесінің салмағы емес, мінезін айтамын.

– Ал, дастарқаннан дәм алыңыздар. Мынау француз коньягы тамақтың астында қалсын, – дей беріп едім, Шапанай бүйірімнен шымшып кетті.

Оның әдеті осы. Үйге біреу келсе сүйтеді. Сөз бермейді. Аудан басшысын менен қызғанып тұр.

– Айтпақшы, осы үйдің тұрақты тұрғыны Бұлбұлбек, – деп мені таныстырды. «Қожайыны десе ауызы қисайып кете ме?» деймін ішімнен тістеніп. Аудан әкімі мені білетіндей басын изеді. Бір-екі рет көшеде сәлемімді алмай кетіп еді.

– Сізді ел сыйлайды. Ауданды аяғынан тік тұрғыздыңыз. Мынау қазақтың салты бойынша үйден дәм татыңыздар. Жақында соғым сойдық. Семіз байтал. Қазысынан екі елі май шықты. Сыбағаңызды асып жатырмыз. Қалғанын салып береміз, – деп, Шапанай сөздің майын тамызып жатқанда ұялы телефоны бажылдады.

– Кешіріңіздер, бір минут…

Телефонын алып ас үйге шығып кетті. Көп бөгелмеді. Қолын бұлғап мені шақырып алды.

– Не болды?

– Масқара…

– Аманшылық па?

– Жаңа осы бойы подрушкам Макура хабарласты.

– Тоқсанға келген шешесі төсек тартып жатыр еді…

– Жоқ, ол емес, аудан әкімі орнынан түсіп қалыпты ғой.

– Қашан? – деп дауысым қатты шығып кетті.

– Бүгін дейді.

– Мейлі, ол бізге не керек? Жүр, қонақтарымызды сыйлайық, – дедім.

– Тоқтай тұршы, ойланып алайын.

Шапанайдың көзі шарасынан шығайын деп тұр. Осы Макураның білмейтіні жоқ. Қайдағы бір хабарларды елге таратады.

– Ойланатын ештеңесі жоқ. Бар, етіңнің нанын иле, – деп едім Шапанай тағы да бүйірімнен бұрап тұрып шымшыды.

– Біз неге қызметінен кетіп қалған әкімді сыйлауымыз керек? Ет түгілі жылытпа да жоқ, қазір үйлеріне қайтар, – деп маған бұйырды.

– Ойбай-ау, мен қалай айтамын?

– Амалын тап, болмаса бұл үйден бір жола кетемін, – деді ол.

Ай, қасқа басым-ай, екі ортада мен ұятқа қалдым-ау. Амал жоқ төргі бөлмеге бардым. Құрметті қонақтар жайғасып салаттардан жеп, шайды сіміріп отыр.

– Қайда кетіп қалдыңдар? Тағамдар тілді үйіреді екен, – деді әкім мырза.

– Жолдасыңыз қандай керемет пысық адам. Сіз бақытты жансыз ғой. Шапанай үшін осы тосты көтеріп қоямыз, – деп Салтош орнынан тұрды.

– Жоқ, керек емес сіздерден кешірім өтінемін, Шапанай қатты ауырып қалды. Ас үйде аяғы аспаннан келіп жатыр, – деп төмен қарадым.

Олар шошып кетіп орындарынан түрегелді.

– Қай жері ауырып қалды? Жедел жәрдем шақырыңыз.

Қонақтар ыңғайсыздана бастады.

– Әйелімнің ұстамасы бар еді. Үйге адам келсе, ауа жетпей ауырып қалады, – деп міңгірледім.

– Аллергия ма?

– Иә, иә тап солай.

– Ой, онда қиын болған екен, біз не істейміз?

– Білмеймін, ертең келіңіздер, – дедім.

– Жарайды, рақмет, – деп екеуі үйден шығып кетті.

Көзі адырайып қасыма Шапанай келді.

– Аллергия деген жаңа ауруың құтты болсын.

– Аллергия дегенше анемия демедің бе?

– Ой, сенде қырық түрлі ауру бар.

-Уф, құтылдық қой. Қап, шашылып бекерге шақырған екенмін.

– Неге? Орнынан түсіп қалса да былай жақсы әкім ғой. Әйелі де тамаша жан.

– Қайдағы?

– Жаңа жарты сағат бұрын өзің айттың емес пе?

– Осы әкім болып келгелі ауданның бәрін құртты, – деп әйелім аяқ астынан өзгеріп шыға келді.

– Жоқ, жақсы әкім, – дедім.

– Бейшара, сен оны қайдан білесің? Ол келгелі барлық туысқанын жинап алды. Әйелінің інілері бір-бір мекемені басқарып отыр. Қатыны бизнес ашты, – деп білегін сыбанып айқайға басты. Тап осы арада ұялы телефоны шыр етпегенде мені сабайтын түрі бар.

– Әлеу, Макурасың ба? Саған рақмет, әкімді қуып жібердім. Не?..

Түрі бозарып, еріндері көгеріп барады.

– Шапанай, саған бірдеңе болды ма? – деп, құшақтай алдым.

– Әкім…

– Әкім мана үйіне кетті ғой. Енді келмейді.

– Облыс.

– Қандай облыс?

– Ол облыс әкімі болатын болыпты, – деді. Әрі қарай жерге тізерлеп үнсіз отырып қалды. Сәлден кейін аллергия емес, жүрегін ұстап құлады. Амал жоқ, жедел жәрдем шақырттым. Дәрігерлер гипертония деп, емханаға алып кетті. Макура ақыры Шапанайды ауру қылды .Есіктің қоңырауы басылды. Манағы көршім Жоңышбай тағы келді. Екеуіміз әкімге жайылған дастарқанға жайғастық. Тілек айтып біраз сілтедік.

– Көрші, Жаңа жыл мерекесі құтты болсын!..

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Фото:  liveangarsk.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: