Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ер мен әйел бірдей боламыз дегенде, табиғат бүлінеді, жаратылыс бұзылады»

14.12.2023, 10:00 197

Дастан  ҚҰРМАНБАЕВ,

Қызылорда  облысының  бас  имамы:

Қазір қоғамда ер мен әйел тақырыбы ашық талқыда жүр. Оған себеп те көп. Соңғы болған оқиғалар патриархалдық қоғамның іргетасы биіктеді деген ойға жетелейтін секілді. Бірақ біздегі қыз баласына деген құрметтің дәрежесі ондай ойдан алыс әңгімеге апарады. Сонымен, отбасындағы күйеуі мен жұбайының рөлі мен орны қандай? Осы сауал төңірегінде дін саласы маманының пікірін білуді ұйғарып, Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаевпен сұхбат құрған едік.

– Ассалаумағалайкүм, Дастан аға! Әңгімеміз ерлер қауымы жайлы болсын. Ислам дінінде ер-азаматтардың рөлі қыз баласына қарағанда үстем екені айты­лады. Яғни әйел ердің қабырғасынан жаратылған деген тәмсіл бар. Дәреже жайы осындай. Ал іске келсек, кейбір азамат өз әйелінің табысына күн көріп жүр. Дін саласының маманы ретінде ислам дініндегі әйел мен еркектің рөлі жайында  толығырақ  айтып  беріңізші.

– Уағалайкүмассалам! Ерлер қауы­мы дейсіз бе? (жымиды). Жалпы ер мен әйел тақырыбына қатысты қозғайтын, көтеретін мәселенің көбін ерлерге қарата айтқанымыз дұрыс. Өйткені Құран мен хадисте де үйлену, отбасы туралы үндеулер мен үгіттеулер көбіне ерлерге қарата айтылады. Көп міндеттемені ерлерге артады. Сол себепті оларды «үстем» деп айтқан. Аятта («Ниса», 34) сол сөздің артынша «оларға нәпақа табу міндетін арқалағаны себепті» деп айтылады. Шынымен әйел, бала-шағаның бар аманаты мен жауапкершілігін арқалайтын – ерлер. Міне, осы тұрғыдан айтылған сөз. Бұл ерлер әйелдерге күш көрсетсін, зұлымдық жасасын деген сөз емес, керісінше қорған болсын деген мағынада. Ерлер қауымының ең үлкен артықшылығы әйелдерді асырау болғандықтан, олар­дың әйелдердің қолына қарап, солардың тапқанына масыл болуын ешқандай тұрғыдан құптауға болмайды. Ибн Сирин деген хадисші ғалымның «Сен оның қолына емес, ол сенің қолы­ңа қарайтын әйел ал» деген сөзі бар. Ердің үстемдігі отбасына қамқор бола білгенде ғана орнайды. Әйтпесе сөзінің  құны  болмайды.

Сондықтан, Ислам дінінде құқық­тық тұрғыдан әйел, ер деп бөліп, бі­реуін екіншісінен кемсітпейді. Екеуі де дүниелік өлшеммен қарағанда да, ақырет­тік өлшеммен қарағанда да өздеріне тиесілі міндеттер мен жауапкершіліктерді арқалайды, өздеріне тиесілі сауаптар мен жазаларды толықтай алады. «Нахл» сүресінің 97-аятында былай дейді: «Мейлі ер болсын, әйел болсын, кімде-кім мүмін ретінде сауап­ты да, игілікті істер атқарса, Біз оған міндетті түрде пәк әрі жақсы өмір сыйлаймыз». Енді неге ер, әйел деп бөлген десеңіз, алуан түрлі қылып жарату – Алла Тағаланың шеберлігін көрсетеді.

– Бүгінде әйеліне қол көтеріп, белінен шыққан бөбегін зорлыққа қиып жатқан әкелер бар. Мұндайларға шариғат не дейді? Жалпы, осы жайында қоғам не білуі  керек?

– Жасыратыны жоқ, қазіргі мұсылман қоғамында әйел затын кемсітетін көзқарастар мен қорлайтын іс-әрекеттер көптеп кездесіп жатыр. Бірақ әйел затын қаралайтын бірде-бір аят, не хадис жоқ! Тіпті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) әйелдердің нәзік­тігін меңзеп оларды «шыныға» теңеген. Бір көште келе жатқанында әйелдер мінген жасаулы түйені жетектеген сахабаға «Шыныларды абайла!» деп ескерткені бар. Демек, біздегі «нәзік жандылар» деген тіркестің төркіні пайғамбар хадисінен шығады десек те болады.

Пайғамбар өмірін зерттейтін ғалымдардың айтуынша, ол кісі әйелге қол көтермек былай тұрсын, дауыс көте­ріп те сөйлемеген. Мысалы, Термизидің «Пайғамбар қадір-қасиеті» деген кітабында пайғамбардың көзін көрген сахабалардың былай деп айт­қаны кездеседі: «Пайғамбар ешқашан ештеңені сабамаған. Ол әйелге де, қызметшіге де қол көтермеген. Тіпті малды да ұрмаған». Біле білсек, пайғамбар­дың ең басты міндеттерінің бірі – Құран аяттарын, шариғат үкімдерін жүзеге асыру үлгісін іс жүзінде көрсету. Сондықтан, мұсылмандар әрбір істе пайғамбарға еліктеуі керек.

Пайғамбар өмірінен көбі біле бермейтін, білсе де мән бере қоймайтын тағы бір қызық мәлімет айта кете­йін. Ол кісінің хәл үстінде жатқанда ең соңғы айтқан өсиеті: «Намаздарыңа бекем болыңдар! Әйелдеріңе жақсы қараңдар!».

Бұдан да сорақысы – балаларын тірі жетім етіп, ұялмай жер басып жүрген безбүйрек әкелердің бары. Ислам балалардың мәртебесін, әсіресе қыз баланың құқығын қатты қорғайды. Бұрын арабтар қыз баланы жақтыр­майтыны соншалықты, қыз туса мал бақтырып қоятын немесе тірідей көміп тастайтын деңгейге түсіп кеткен. Ислам келіп осыны жойды. Құранда бұған қатысты қатаң ескертулер бар. Тіпті бір қыз тәрбиелеп өсірген адам жұмаққа кіреді деген қағида бар. Сондай-ақ, Қияметте Алла Тағала баласын тастап кеткен адамдардан теріс бұрылатыны  да  хадистерде  көп  айтылады.

– Ер мен әйелдің міндеті айтылған жерде отбасындағы береке мен бірлік қозғалады. Бірақ, оны жарастырып жүргендер де, құтын қашырғандар да баршылық. Отбасындағы ізгілік жайында  айтып  беріңізші.

– Иә. Шариғат отбасыдағы ер мен әйелдің міндетін белгілеген. Мен оны тек дау шыққанда төрелігін айту үшін ғана керек нәрсе деп ойлаймын. Әйтпесе, дұрыс отбасында санасу, міндетсіну емес, мейірім мен махаббат салтанат құру керек. Екеуі өмірге ұрпақ әкеліп, тұлғалар тәрбиелейтін үлкен бір мектеп екенін сезінуі қажет. Ұлттың, мемлекеттің болашағы екеуіне аманат екенін білсе ғана отбасында жауапкершілік болады. Ал жауапкершілік болған жерде береке де болады. Құпиясы  – осы.

– «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады?». Әйелді жақсы-­жаман деп бөлудің қажеті жоқ шығар, бірақ бала күнінде берілмеген тәрбие оның болашағын балталауы мүмкін. Осы тұста отбасында  ер балаларға қандай  тәрбие  берілуі  керек?

– Бізде «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген жақсы мақал бар ғой. Шынымен де, ер балаға бөлек, қыз балаға бөлек тәрбие берілу керектігі хадистерде де көп айтылады. Мысалы, пайғамбарымыз ер балаға атқа мінуді, суда жүзуді, садақ атуды үйретіңдер десе, қыз балаға тоқуды үйретің­дер деген. Екеуіне де ортақ тұстары көп. Бірақ ер баланың шымыр, қыз баланың нәзік болып өскені маңызды. Ер бала Отан алдындағы боры­шын, отбасы алдындағы аманатын  сезініп  өссе  деймін.

– Дұрыс айтасыз. Отан алдындағы борышы мен отбасы алдындағы жауап­кершілігін сезініп өскен бала кейін болашағы  бұлыңғыр  болмайтынына сенді­реді. Енді, ерді ер қылатын дүние қайсы? Ұл  баланы өсіргенде қандай қасиет­терді  бойына  сіңіру  керек?

– Менің пайымымда ерді ер қыла­тын үш қасиет бар. Олар – иманы, білімі және адамгершілігі. Иманды адам Құдайдан қорқады. Ал Құдайдан қорыққан адам жарына да, досы­на да қиянат жасамайды. Сол сияқты білімді, адамгершілігі мол адам сауат­ты, саламатты ұрпақ тәрбиелей алады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, әкенің бойындағы асыл қасиеттер балаға айтып, оқытпаса да беріледі. Қанмен келер, күнде көзімен көргенімен келер, әйтеуір бала ата-анасынан көргенін айнытпай көшіретіні белгілі. Сол үшін айтқан болса керек, «Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деген сөз бар халықта.

– Әңгімемізді қорытындылайық. Ашық әңгіме ойлы оқырманға біраз түсінік қалыптастырды деген ойдамын. Соңғы сауал болсын, қоғамда қалып­тасқан  «гендерлік  теңдік» ұғымына пікір білдіріңізші. Ер мен әйелді тең дәрежеде  қарастыру  харам  ба?

– «Ер мен әйел тең, бірақ бірдей емес» деген сөз бар ғой. Құранда да «Еркек әйел сияқты емес» деген аят бар. Расында да екеуінің де өзіне тән ерекшеліктері, артықшылықтары бар. Керісінше екеуі  бірдей  боламыз  дегенде  табиғат  бүлінеді,  жаратылыс  бұзылады. Бұл жерде Құдайдың шебер­лігі  мен  даналығы  бар.

– Әңгімеңізге рақмет, аға! Жұмысыңызға  сәттілік  тілейміз!

Сұхбаттасқан 

Ердәулет ҚАЛИЕВ

P.S. Жоғарыда айтылған әңгіме – тек діни тұрғыдан ғана емес, адамгершілік, шынайылық жағынан қарағанда да көңілге қонымды, іске икемді кеңестер. Сондықтан, отбасындағы татулық пен жұптар арасындағы ізгі қасиеттер берік болғанда, болашақ жарқын, ұл-қыздарымыз толық отбасында тәлім-тәрбие алады. Оны сіз бен біз болып қанға сіңіріп, жан-жағымыздағыларға айта білуіміз керек. Әрі ер мен әйел басыңқылық пен бағыныңқылық тақырыбында емес, болашақ, бала-шаға, арман-мақсат төңірегінде әңгімелессе, зорлық-зомбылық, өлім-жітім, жетім-жесір  жағдайы  азар  ма  еді…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: