Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралдың әмбебап қаламгері

30.11.2023, 10:20 340

Айналамызда қаншама дүние, бір-бірімен байланысып жатқан әлем, бізді қоршаған орта және танитын, танымайтын жандар бар. Солардың арасында өз ісінің шебері, тындырған шаруа­сын бұлдамайтын, басқалардың аз ғана жұмысы мадақталып жатқанда, мұныкі ескерусіз қалатын, қарапайымдылығынан, қайырымдылығынан айнымайтын  адамдар  болады.

Ол жайында шалғайдағы ауылда жүріп көп еститінмін. Күнделікті байланыс бөлімшесінен таратылатын газеттерде күлкіге көметін әзіл әңгімелері жиі жарияланып тұрады. Оқимыз, күлеміз, риза боламыз.

Алғашқы жолығуым шәкіртімді аудандық олимпиадаға апарғанда болды. Желтоқсанның борасынында екі күн жүріп, қазақ тілі мен әдебиетінен өтіп жатқан жарыстан кешігіңкіреп қалыппыз. Оқушыма екі күндік тапсырманы бірден орындауға тура келді. Қалаға жақын жерлерден келгендер қорытындыны есітіп қайтуға асығып тұрды. Сол аралықта сәл толық­ша, көзілдірікті, селдірлеу шашты кісі отырғандарды  жағалап  кетті.

– Ерғали ағай ғой. Әділ қазылар алқасының мүшесі, – деді  әлдекім.

Ерғали Абдулламен таныстығым осылай басталған.

Ата-бабалары Атырау облысының Теңіз ауданынан, Астрахань облысы Володар ауданымен шектесетін жақтан келіпті. Ондағылар балық аулау кәсібімен ертерек айналысқан, солардың тәжірибесін Арал теңізінде дамыту мақсатында кеңес өкіметінің тапсырмасымен қоныстандырылған. Атасы Кеңтоғай Абдуллабеков алғашқы балық кәсібін игеруші және үйрету­ші ретінде Сыр бойындағы балық ұжшар­ларында басшылықта болған. Әкесі Зейнет Кеңтоғаев білікті маман, экономист. Балық комбинатында тоңазыту цехы меңгеру­шісі, Арал флотында басшылық қызметте бол­ған. Дүниеден ертерек кеткен әке балаларына  кітаппен  дос  болуды  үйретіпті.

Ерғали Абдулла мектеп бітірген соң әртүрлі жұмыс істейді. Әуелі Арал май зауытында тоңазытқыш қондырғысының машинисі, механик, аудандық мәдениет бөлімінде әдіскер, нұсқау­шы, автоклуб меңгерушісі болады. Бойындағы жазуға деген әуестік шығармашылыққа ұласады. Қызыл­ордадағы пединституттың филология факуль­тетіне құжаттарын тапсырады. Түседі. Бітіріп шығады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімін аудандық білім бөліміндегілер алыс­тағы Атанши ауылындағы №69 мектепке жібере­ді. Үш-төрт жыл сонда сабақ береді. Кейіннен қала­дағы №64 мектепке ауысады. Осы қызметтен зейнетке шықты. Өмір жолын осылай сипаттауға болады, ал  шығармашылық жолы…

Қазақстан Журналистер Одағының, Халық­аралық Жазушылар Одағының мүшесі. Сати­ра­лық әңгімелері, өлеңдері «Дария жыры» (1982), «Күлеміз бе, қайтеміз» (1986), «Жүректегі  жауһар­лар»,  т.б. жинақтарда  жарық  көрді.

Тәуелсіздік алғасын аудан орталығында да газет­тер шығарыла бастады. Е.Абдулла мектептегі жұмысында жүріп осындағы «Арал ақиқаты», «Сыр айғағы», «Ай ару», «Құрылтай» секілді бірнеше басылым­ның редакторы болды. Бүгінгі күні аудандық «Қазақ тілі» қоғамы және Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестіктің басылымы «Арал  әлемі»  газетінде  сарапшылық  етеді.

Жазғандарынан сатираның сазы есіп тұратын оның 1986 жылы «Ара» жорналы жария­лаған «Жатыпатар» сатириктер додасында шағын әңгіме­сі ІІ орын алды. Бұл шағын қалада тұратын Ерекең үшін үлкен белес еді. Сонан соң «Жеңгейлер келіп қалыпты» (2007) деген тырнақалды туындысын, кейіннен «Еркектер жиналысы» (2008) жинағын шығарды. Шағын әңгімелерде езуіңнен күлкі үйіретін оқиғалар баяндалып, кейіпк­ерлердің бойындағы сан алуан  мінез  ашылып  жатады.

Әр жылдары Бекмырза хан атындағы об­лыстық  мүшәйраның, Жетес би атындағы жыр мүшәйрасының жүлдегері болды. 2021 жылы «Қабырғалы қаламгер» аталымымен ауданның үздік  жорналшысы  атанды.

Е.Абдулланың шығармашылық жұмыс­тарында өзіндік қолтаңба ерекше байқалып тұрады. Оның жергілікті сазгерлер Ғ.Дауылбаева, Д.Омаров, Т.Қоңыратбаев, С.Тілепов, Д.Көзмағанбетов, О.Ізбановтармен жазған бірнеше ән мәтіні, өз замандастарына, әріп­тестеріне арнаған арнау өлеңдері  бір  төбе. Бұдан басқа  әртүрлі  жинақ құрастырып шығарғандығын айта бастасақ, саусағымыз жетпей қалары сөзсіз. Кезінде жақсы араласып достасқан азаттықтың алғашқы жылдарында қайраткерлігімен танылған, ақын, боксшы бапкер, облыстық мәслихат депутаты, мектеп директоры болған, марқұм Аманқос Есмұр­заевтың үш жинағын құрастырып шыққаны үлкен еңбек болды. Әрине демеушілік жасаған азаматтарға үлкен алғыс білдіру керек. Осы кітаптардың аттарына назар аударып көрсек, «Ақиқат ақтаңгері», «Мұраты асқақ мұзбалақ», «Намыс найзағайы». Сыртқы мұқабасы мен атының өзі аттандап айғайлап тұр. Бұл жинақтарға А.Есмұрзаевтың кезінде әртүрлі басылымда жарияланған, сонымен бірге қолжазбада сақталған өлеңдері өңделіп, ол туралы естеліктер, арнау өлеңдер жинақ­талып берілген. Негізгі еңбек – Ерғалидікі. Небары қырық жасында қыршынынан қиылған, тірі болса, ұлты үшін аянбай қызмет етер тұлғаға айналар аяулы досына қойылған ескерткіш осындай-ақ болар. Менің оған «Аманқос артында сендей іздеуші досы болғанымен бақытты ғой» деге­нім бар. Шындығы солай, әйтпесе ескерілмей, елеусіз  қалып  жатқан  таланттар  қаншама?!

Бұдан басқа Ерғалидың бірнеше жинаққа шығармалары енген және бірнешеуінің құрас­тырылуына мұрындық болған. Олар – «Арал» атты жергілікті өңірге арналған энциклопедия­лық кітап, «Аралдың адамдары» және «Аралдық желтоқсаншылар». Соңғысын шығару барысында 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын қайтадан бастан кешкендей болды. Қазір алпыс­тан асқан, сол жылдары жастық шағын Алматыда өткізгендермен, сонда оқыған студенттермен байланыс жасай отырып, елудей желтоқсаншыны тапты, әрқайсысымен телефон арқылы жеке әңгімелесіп, олар жайында кітапқа түсірді. Кітап шыққаннан кейін де табылып жатқандар бар. Бұлар туралы аудан айнасы «Толқынның» бетінде үзбей жариялап келеді. Болашақта жинақтың көлемді болып  шығуы  әбден  мүмкін.

Сонау балаң кезден жазып жүрген өлеңдерін жинақтап, «Өмірімнің өлеңдері» жина­ғын шығарды. Онда өмір, қоғам, ондағы болып жатқан өзгерістерге деген ойлары поэзия тілімен  оқырмандарына  жолданған. Ақынның қайбір  жыры  болсын  заманымен үнде­сіп, заман­дасы­мен  сырласқандай  әсер  қалдырады.

Әйгілі Қожанасырдың өлген қазаны болу­шы  еді,  Ерғалидікі  ағаш қазан екен. «Ағаш қазан астындағы от» кітабы моншақтай әңгімелер­ден тұрады. Мұнда да Ерғалидың сатираға жақындағы, айналадағыларға сын көзбен қарай отырып мансапқұмарлықты, дүниеқ­оңыздықты, даңғойлықты, жатыпатарлықты, жалқаулақты, келеңсіздіктің бәрін-бәрін сатира садағына іліндір­генін байқаймыз. Өзі айтса: «Моншақтай әңгімелерді кез келген жерде – көшеде, жұмыста, демалыс орнында ойыма келген кезде қағазға түрте салып, кейіннен  дәптерге  түсіргенмін»  дейді.

Кітаптағы шығармалардан кейіпкерлер арасындағы тартыс, образ сомдау, сюжеттік байланыс іздемей-ақ қойыңыз, тек оқып шыққаннан кейін ойланған жөн. Сонда автор­дың айтпақ ойын түсіне бастайсыз. Оқып көрейікші. «Тыр­бына берсең, тырбына берсең, тың жол, тың бір­деңе, ілік табарсың. Ал тыртиып жата берсең, тырқиып далада қаларсың». Айтқаны ойға қона ма? Қонады. Ойландырады ма? Ойландырады. Немесе тағы да «Ұсыныс» деген моншақтай әңгіме. «Ана жерде жамырап, мына жерде жамырап жақтары ауырып жүрген одақтарды таратып, атына заты сай бір ғана «Жағымпаздар одағын» құруды ұсынамын». Бұған не айтасыз? Ұсынысын  қабыл  алған  жөн  болар.

Оның туындыларынан оқушысын илан­дыратын шынайылық байқалады. Ілгеріректе «Қазақ әдебиеті»  басылымында «Зарядталған әңгіме» деген шығармасы жарияланды. Әңгіме­нің соңында «бұл әңгімеге заряд берілген, оқығандарға ем жүреді, бірақ авторға он теңге салуды ұмытпаңыз» деген сөйлем болатын. Бір күні Ерғалидың мекенжайына он сом келіп тұр. Аңғырт оқырман әлгі сөзге сеніп қалып­ты. Бұдан кейін де салушылар көбейді. Содан  бұл  алған­дарының  барлығын  қайырымдылық  қорына  ауда­рып   жіберді.

Ұстаздығымен шығармашылықты қоса алып жүрген Ерғалидың алғашқысынан да ауыз толтырар табыстары баршылық. Шәкірті Назгүл Бердіқожақызы – белгілі ақын, Қазақ­стан Жазушылар Одағы мүшесі. Кезінде оны додалы жарыстарға апарып, бапкері және жанкүйе­рі болған. Бұдан басқа да ізін қуып ұстаз­дықты қалаған­дар, ақпарат саласында қыз­мет етіп жүргендар, жорналшылар, әде­биет­шілер  жетерлік.

Айтқандай, осы бір дүниені жазуыма түрткі болған жайт Ерғалидың екі алтыға, алпыс алтыға толғандығы еді. Біздер көбіне нольдері бар мерейтойларды атап өтеміз, ал мынандайлар атаусыз қалады. Алпыс алты дегеніңіз – адамның кемелдікке келіп, кейінгілерге үлгі айтатын, тәжірибесінен кеңес беретін, қарттыққа беріле қоймай­тын, өткен-кеткенді ой сарабынан өткізетін, әдемі қартаюды мұрат тұтатын  белесті  кезең.

Е.Абдулланың зейнетке шыққанына үшінші жыл. Осы жылдары оның шығармашылығы жаңа өріс тапқандай. Кейде додалы жарыс­тарға қосылған спортшылардың екінші тынысы ашылды, жүлделі орыннан көрінді деп жатамыз. Ол дәл осы айтылғандай шығармашылығында тың белес­терді  бағындырып  келеді. 

Өтебай  СЕРӘЛІ,

Ақтөбе  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: