Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Менің өмір сүргім келеді…

04.03.2020, 15:55 3677

Поэзия

Ботадай боздап аспан жылайды,

Алдайды бәрін түлкі үміт.

Жапырақтардан жас тамшылайды,

Жапырақ жүрек бұлқынып.

Созады қолын жетім көңілім,

Құдайын аңсап барады ол.

Дұшпанкөз біреу секілді өмірім,

Өтірік күле салады ол.

Қандай адамбыз, неткен дүлейміз?

Қарлығаштарым, қоныңдар.

Жерден таппасақ, көктен тілейміз,

Ол жақта қандай өмір бар?

Жалғызсыратып жұтар әр күйді,

Қағидат бәлки шариғат.

Сезесіңдер ме жұпар аңқиды,

Жаңбырдан кейін табиғат.

Жауады жаңбыр, кейде өкініп,

Ойнайды өмір күйсандық.

Жауған жаңбырды үйде отырып,

Тәңірдің нұры дей салдық.

Бәлкім ол – менің анамның жасы,

Ғаламның жасы, наласы.

Жарық дүниені қараң қылмашы,

Ей, Адамзаттың баласы!

Жылап тұр аспан, жұбата алармыз,

Күліп тұр оған көп күнә.

Пенделер біздер күнәһарлармыз,

Періштелерде жоқ кінә.

Ғаламды былғап ғасыр өткенде,

Тәңірден рақым сұрамай.

Жұмыр жер толса қасіреттерге,

Көк аспан қайтсін жыламай…

29.10.2019ж.

***

«Барлық ақын – баласы бір ананың».

Мұқағали Мақатаев.

Жазмыштан, жалғыздықтан, жалқыдан

Көше кезіп, бордай тозып бәлен жыл.

Жүрегінен Құдай иісі аңқыған,

Ақындары ішіп кеткен әлем бұл.

Шұрқыраған құлындары өлеңнің,

Бұрқыраған шылымдары шоқтанып.

Ей, қара өлең, сен қай жылы көнердің…

Қара басып, қайда кетті Ботпанов?

Жалғыз өлең, жалғыз ауыз жылы сөз,

Жүрегіңді жарып шықса қайырлы.

Жалғыздықтың жанайқайы – ұлы сөз,

Тәңіріңді танып шықса қайырлы.

Ақын кеуде жанартауы өмірдің,

Жанып сөніп талай өлең көз ілді.

Жынды су да ала арқаны өлімнің,

Өлмейтіндей сезінгенмен өзіңді.

Сол жалғыздық бар ақынның наласы,

Тұл тірлікті құлдай болып кешкім жоқ.

«Барлық ақын – бір ананың баласы»,

Әкемізді танытатын ешкім жоқ…

***

Қара басып қажытып жүр қандай зіл?

Қараңғының көзін ашса шамдай жыр.

Қара суға қанған шөлім неліктен,

Мейірімге қанбай жүр…?

Мына жарық кімге жалған, кімге шын?

Жүректесің, жүрегіммен біргесің…

Махаббатқа көп адамдар сенбейді,

Жолы болмай жүргесін…

Намысым-ай бар мен жоққа жыртылған,

Мен бүрледім сол адами ғұрпымнан.

Не істер екем көпес достар бір күні,

Сатып кетсе сыртымнан…

Ай да жалғыз, күн де жалғыз көктегі,

Құдай жалғыз, мұңсыз қылған жоқ мені.

Жалғыз жарым адамдар бар тағдырлы,

Тағдырына өкпелі…

Адам біткен айналмай ма молаға,

Ақ пен қара, бақ пен нала обал ә!

Өз Құдайың жүрегіңде өзіңнің,

Жүрегіңді қаралауға бола ма?!

Қызыл-жасыл түрленеді дүние,

Тәңір бар ғой тағдырыңа кім ие?

Бәрі жақсы болатынын білсем де,

Бәрі бір кем дүние…

ДҰҒА  ЖЫР!!!

(Рүстем  Жанайға  арнау)

Ей, құбыласы түзу құтпан шал,

Қабылан жатыр қатынның,

құрсағына ұл бітсе,

Құдайдан сені тіледім.

Құдайын аңсап жұп-жұмыр,

құжыра болған жүрегің.

Кеудесін кекке толтырып,

Мен көзін ашқан бөлтірік,

Жапанда жырмен түледім.

Сен Құдайға ғана құл едің,

Қазаққа асыл ұл едің.

Адам боп тудың шешеден,

Көгерді сөзден көсегең.

Ескерткішіңе бара жататын күн туса,

Сенің атыңдағы көшемен.

Алла жар сонда Ақұдай қазақ қуанса,

Атамның құнын кешер ем.

Құлпытасыңда жазулы тұр ма қашалып,

Маңдайыңдағы пешенең.

Ақын тірілген Ар ма күн!

Сеземін сенде ақиқат барын, ар барын.

Ажалға өксіп лағнет айтқан шығарсың,

Адамға өршіп рақмет айтқан шығарсың.

Өлеңнен іздеп ғаламның ғайып бар мәнін,

Дұға жырымды дүние ғапыл қалса да.

Тал бесіктегі адам кейіпіңе,

Жер бесіктегі ақын рухыңа арнадым.

Тыңдашы көке!

Көкірегімді ғасыр күйігі кернейді,

Жетіскеннің Желмаясы желмейді.

Абдулланың жоқтығына ел сенбейді.

Қазалыда ақындарға Кеңсай жоқ,

Қара орман жұрт жүрегіне жерлейді.

Құдайақы ондай ақын өлмейді…

Ей, құбыласы түзу құтпан шал,

Қабылан жатыр қатынның,

Құрсағына ұл бітсе,

Құдайдан сені тіледім.

Сен бірақ әлі тірі едің….

***

Жабырқаған көңілімнің толқуын,

Жақсы көрдім күйреп мен.

Адамдардың қоштасудан қорқуын,

Жалғыздық қой үйреткен.

Торыққанда өлең кешу, сөз кешу,

Адамдардың жай мұңы.

Кездейсоқтық болмаса екен кездесу,

Қоштасулар қайғылы.

Жақындар да қылған мені керексіз,

Жалғыз жарым жортамын.

Жақсы көрем сені ешбір себепсіз,

Жоғалтудан қорқамын.

Құдайдың да құзырында жоқ ісі,

Қатын жолда маған да.

Жолда тұрған қатындардың көбісі,

Бұзылғаннан аман ба?

Хош көңілдің саған ауған аңсарын,

Ескі өмірім қаппай ма?

Мен өмірде өтіріктен шаршадым,

Бақыт қайда, бақ қайда?

Ақталу ол адалдыққа сендіру,

Жүрегіңді тыңда Ботам ұятты.

Жүрегіңді ақылыңа жеңдіру,

Бақытсыздық сияқты…

Ақмешітте есі кетіп ұнатып,

Жүрген ақын бақсы ғой.

Астанада Есіл сені жұбатып,

Еркелетсе жақсы ғой.

20.08.2019ж.

***

Кешір мені жүрегім, жұмыр етім,

Кезің көп қой өмірден түңілетін.

Сезім жоқ қой қайтесің бордай тозып,

Ол білмеді сезімнің құдіретін.

Кешір мені жүрегім, жұмыр етім.

Сені әуреге салдым ғой батпан мұңмен,

Бақытымды сұрадым батқан күннен.

Мен былғандым ғаламның былығына,

Сен кірлеме соға тұр пәк қалпыңмен.

Құдай үшін алдыңда ақталдым мен.

Жылатады жұлмалап неге сені?

Менің жаным жылауық емес еді.

Іште кеткен баланың тағдырындай,

Аянышты адамның келешегі.

Аямайды адамдар неге сені…

Жалғызсың ғой не сонша қараң қалдың,

Тәңір жасын көл қылып жанарлардың.

Жалғыздығын сездіріп шаншисың ғой,

Жалғыздықтан шаршаған адамдардың…

ТОҚАШ  ДОСЫМА!

Тілдеме досым тіршілігіңді,

Күндеме мәнін ғұмырдың.

Сезеді Құдай құлшылығыңды,

Сезбесе неге жығылдың?

Жұттың ба жұпар тылсым деміңді,

Барсың ғой барсың тірісің.

Естиді Құдай күрсінгеніңді,

Айқайлай берме құрысын.

Шыр еткен шақтан шапағат берді,

Жөнің жоқ еді алаңдар.

Мөп-мөлдір таза махаббат берді,

Былғады оны адамдар.

Ар, намыс берді, арпалыс берді,

Талауда талай қалғанмын.

Жеңдіріп мұңға арқа күштерді,

Жағасын алдық жалғанның.

Жүзі мақтаса, мыңы тілдейді,

Тағдырдан кінә көрме сен.

Күдік сейілер, үміт өлмейді,

Өлімнен бұрын өлме сен.

Қара басымды қаңтарып кетті,

Махаббатыма сеніп ем.

Көп достар менен жалтарып кетті,

Жалғыздық қалды менімен.

Шуақ түспейді көңілге кектен,

Ит қана туған үруге.

Ақың жоқ сенің өмірде кеткен,

Хақың бар бірақ сүруге.

Жаныңмен сүйші жұмыр ғаламды,

Кім үшін бірақ кім үшін…?

Естиді Құдай сыбырлағанды,

Айқайлай берме құрысын…

***

Жаратушым ақың бар ма ақында,

Жер мен көкке сыйдырмайсың себебі.

Уағыз біткен о дүниелік хақында,

Бірақ менің өмір сүргім келеді.

Өмір, өмір, өмір сүргім жоқ кейде,

Сұлулыққа, махаббатқа бас ұрып.

Аспан байғұс Тәңір жасын төкпей ме,

Адамдардың жылағанын жасырып.

Өзін қинап күліп жүрген кескін көп,

Мен өтірік күле беріп арландым.

Жазмыштан озып кеткен ешкім жоқ,

Сен де, мен де әпендісі жалғанның.

Құлап-тұрып, жылап-күліп жүр бәрі,

Бақ пен сордың екі арасын жол қылып.

Біз Құдайдың құлақкесті құлдары,

Жазғанынан жаңылу да сорлылық.

Адамдардың ақтығына сендім де…

Туғанымдай көре бердім барлығын.

Қоштасуға себеп іздеп келдің бе?

Қош бол, менің жазылмаған тағдырым!

Мен ақтықты аңсап ұштым ұядан,

Сен дайынсың ағыл-тегіл жылауға.

Сыйынбаған Құдайымнан ұялам,

Бұйырмаған бақытымды сұрауға.

Өгей  ғұмыр

Шарасыздың күйін кешсем дəл бұлай,

Панасызбын демес едім бар Құдай.

Өгейлігі əлсін-əлсін жылатып,

Туғанындай көре алмаған тағдыр-ай.

Шарпып өткен шақалақ нұр шала мұң,

Тауқыметтен тоз-тоз болған бала күн.

Қайда маған басқалардай тəтті өмір,

Қайда менің қасіретсіз ғаламым.

Ғазиз бастан мұң аунайды не түрлі,

Ғаріп қайғы қаратпайды бетімді.

Кедейліктің тұзын сорған тағдырда,

Өгейліктің өші кеткен секілді.

Бесік ғұмыр тербелмесе сірə да,

Кешіп түңіл тірлігіңді сұрама.

Туғанынан қаймығады бір əке,

Туғанына қайғырады бір ана.

Қанатына іліп алып құс қайғы,

Құдайыма алып неге ұшпайды?

Қарттар үйі, жетім жанар, жесір мұң,

Мейірімсіз ғаламшарға ұқсайды.

Туды тағы көкке керді ай төсін,

Шалқаяды шаруаға əй несін.

Тастан ауыр тағдырларға Тəңір-ау,

Тас төбемнен тас атқылап қайтесің?

Қабырғамды қажытқанда құса мұң,

Өксіп-өксіп өкінішті тұсадым.

Мешіттердің ауласынан іздеймін,

Адамдардың мейірімді құшағын.

***

Тағдырымнан ар, намыс жасып қалатын,

Дариясы дəуреннің тасып толатын.

Тас жігері құм болып үгітілсе де,

Тас жүрегі ес-түссіз ғашық болатын.

Ол мен…

Қалды жастығым жиырмада қалды заманым,

Ұялсам етті, ұялсам сəл қызарамын.

Назын ұсына сүйетін науат сезіммен,

Жазмышыма жазылған жалғыз адамым.

Ол сен…

Жылы жұмсақ жанымның жақұт кетегі,

Сергелдеңге сала ма уақыт не етеді.

Мені мүмкін жүз адам сатып кетері,

Бірақ білем бір адам бақытты етеді.

Ол кім…?

Қасиетті  Сыр-Ана

Абыз бабасы түнерген,

Аңыз даласы бұйра да бұйра құм өрген,

Жүз бір жыраудың сынығы қалған дүр елден.

Шежіре тұнған Сыр-Ана сенің төсіңнен,

Таудай батырлар аруақтанып күш алып,

Тұрмағамбеттер жыр емген.

Тереңге тартқан тамыры,

Сыйынары да, ұйығаны да Тəңірі,

Запыран құсып, заманда қалған зар үні.

Өлі тасына тірі тарихын таңбалап,

Жырланып жатыр қасиет қонған қара жер,

Нұрланып жатыр аруақтардың қабірі.

Күмбір де күмбір күй ақты,

Тұлпары дүлдүл, сұңқары ұшқан қияқты,

Ұлына намыс, қызына беріп ұятты.

Өлермен болған өр кеуделерін оқ қажап,

Есіл бойын ен жайлаған көп қазақ,

Ақмешітін сағынатын сияқты.

Құдайдың халық егізі,

Құдайдан ғана фəнидің бұлақ негізі,

Көзсіз батырдың, сөзсіз ақынның көп ізі.

Том-том тарихын парақтап,

Бетпақдаладан күңіренеді адақтап,

Қорқыттың кейде қобызы.

Сөзімнен кетсе тайып мəн,

Жыртығын жамап жүдеу жырымды байытқам,

Бодан дертімнен жарамды жалап айыққам.

Қалың жұртым-ау қабырғаң қаусап түңілме,

Жоғалтқандарым оралатындай түбінде,

Ботпанов кеткен ғайыптан.

Он сегіз мың ғаламат,

Туған топырағыңа татымайды екен обал-ақ,

Көшпелі жұрттан көне заманға салауат.

Ит болып тусам итаяғындамын көп елдің,

Ер болып тусам ел кегін қуып өлермін,

Аллаға бəрі аманат.

Демеңдер мені дүбəра,

Бабамнан қалған ата-жұртым ғой бұл ара,

Əр төбесінде жəдігер қалған мұраға.

Топырағында Тəңір ұлдары туылып,

Атырабында ұялап жатқан ұлылық,

Қасиетті ғой Сыр-Ана.

***

Түн. Жалғыздың сырласы,

Жалғыздық Құдайға жарасқан.

Ақындар ғашықтың мұңдасы,

Ақылдан адасқан.

Гүл. Сезімнің жұпары,

Хош иіс сездің бе ғаламнан?

Тəнің де пердесін тұтады,

Пəктікке жаралған.

Мен ғаріп, сүйдім де сені шын,

Бақыттың бал, уын тең ішкем.

Сен көктен түстің бе мен үшін?

Күнəсіз періштем…

Кіл, бақытсыз күйдегі,

Адамдар жылайды үндемей.

Тек, тағдырға кінə артпай сүй мені,

Тəңірді тілдемей.

Ғашықтың жанары қараң сəл,

Өзімдей көремін барлығын.

Екеуміз қауышқан ғаламшар,

Бұл менің тағдырым…

Ғаламды құштарлық өпсе де,

Жүректер жылайды, жаралы.

Көп ғашық қосылмай кетсе де,

Махаббат бар əлі…

Сол үшін ұрттап кесе мұң,

Сүйдім де ақылдан адасқам.

Жазмыш дегенің осы өмір,

Жалғыздық Құдайға жарасқан…

Ж-ға…

Жанымның жыртып ақ шүберегін,

Дертіме дауа тапшы демедің.

Өтірік күліп, өмір сүрем де,

Өкініп тұрып жақсы көремін.

Көрінген едің шуақтай маған,

Шөлдесең жаным бұлаққа айналам.

Күйбеңің қанша қанжылатса да,

Сүйгенін бірақ жылатпайды адам.

Мен сені құшқан ұлы түн қайда…

Оның да ертең күні тумай ма…

Ес-түссіз сүйген есер шағымды,

Ұмыт дейсің бе?

Ұмыту қайда…

Іңкəр сезімге бөленбей ғалам,

Мұңын шағады өлеңдей маған.

Жұлдыз көрінсе Айдың жанынан,

Есіміңді оқып өлердей болам.

Түн мені тағы ойға батырды,

Шығардым жалғыз ойланатынды.

Құдай да шебер ұмытпасын деп,

Аспанға жазып қойған атыңды.

Жақсы көрем деп жиі алдайсың ба?

Жан тəніңменен сүйе алмайсың ба?

Менің жүрегім кешірімді ғой,

Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?

Қара түндерде ай таранбаған,

Қолымды созам қайта орал маған.

Айналмаймыз ба ғашықтарға біз,

Жердің бетінде қайталанбаған.

Мұңайды жүдеп осы гүл бағым,

Жылайды жүрек қосылып жаным.

Өмір де өзің, өлең де өзің,

Байқамайсың ба осының бəрін.

Қарамады ол ұшықталсам да,

Қара бастым-ау түсіп сарсаңға.

Мұқағалиды тірілтіп алып,

Махаббатыма ішіп барсам ба…

***

Ақын мұңына толып қаламым,

Көңіл білтесін жатыр жаға алмай.

Өмірге құштар болып барамын,

Өлетін күнім жақындағандай.

Бес ғасыр жырлап болған қазақпын,

Бес қаруымның бірі жоқ.

Ел үшін атқа қонған қазақтың,

Ағаштан басқа түгі жоқ.

Қолда барыммен қорғансыз етті,

Жетесіз жұрттың жетегі.

Айтып өлгендер армансыз кетті,

Жазып өлсем де жетеді.

Иен даламның иесі қазақ,

Игілігінде күмəн көп.

Қара сөздің де киесі қазақ,

Шүбəм жоқ оған шүбəм жоқ.

Ғазал жыр оқып ғаламға марқұм,

Желдей еседі жөңкіліп гүбір.

Құрмаштан кейін маған да бəлкім,

Ауызын салар бөлтірік ғұмыр.

Қара қазақтың тағына тусам,

Алашта Абай бір бейне.

Исі қазақтың бағына тусам,

Жағамнан алып жүрмей ме…

Ақын  рухымен  тілдесу

(Абдулла  Сапарға  арнау)

Ғани да кетті жас жалын,

Мəдина кетті жазмышынан қас қағым.

Ойланыңдаршы, Əбекең кетті өмірден,

Қазалы сенің атыңнан қорқа бастадым.

Рақман рақым!

Рақман рақым қолымды жайдым Жаратқан,

Жағамды жыртып балтырымды ажал қанатқан.

Сен шындыққа біткен «Шоңғал» тас,

Мен «шоңғалға» біткен жас қына.

Өлігіңе де татымай, көкірегіме шер қатып,

Көзімнен жас пен қан аққан.

Қайран да менің Əбекем!

Жырымның жалғыз ғазалы,

Жұрынның соңғы қазағы.

Ақындар бəлки өлеңнің соңғы жолына,

Жазмышын да жазады.

Сенің қадірің қара орманыңның базары,

Сенің қабірің ұлы өлеңнің мазары.

Адырнасынан азалы əуен бабаурап,

Қабырғасынан сөгіліп қалды-ау Қазалы.

Жазғырып қайтем Құдайды,

Мазаратыңа түгендеп соқтық үр айды.

Атасы сөздің өлгенде,

Намыстың туы құлайды.

Еңіреп қалған жесір жар,

Емшекте қалған жетім жыр,

Құныңды кімнен сұрайды?

Дұға жырымның сəулесі түссе рухыңа,

Жүрегің соғып жер сілкінетін сыңайлы.

Ұзандығыңның алдында,

Ұжданы болса бұғар сұм.

Табыттың ішін тырналап,

тілімнің сөлін сығарсың.

Қарадан түлеп аһ ұрған

Абадан жүрек ақыным.

Сен,

Шындық Тəңірі шығарсың…

Мен орманға қарап ұлыдым.

Өлең мүрдесі көмілген,

Ойланыңдаршы,

Əбекең кетті өмірден…

Ұзандығыңның алдында,

Ұжданы болса бұғар сұм.

Табыттың ішін тырналап,

тілімнің сөлін сығарсың.

Қарадан түлеп аһ ұрған

Абадан жүрек ақыным.

Сен,

Шындық Тəңірі шығарсың…

Ақжол  ТҮМЕНБАЙ

Пікірлер:

Ерлан үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: