Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кассирдің бір күні

20.02.2020, 10:48 531

Бүгін мен үшін ерекше күн. Журналистика әмбебап сала болған­дықтан, өзіңді әр қырынан сынап көру мол тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Қаламыздағы ең ірі сауда орнындағы «фаст-фуд қалашығында» мені қызықтырған кассирлік кәсіпте өзімді сынап көруге бел будым. Кешіккенді жаным сүймейтін­діктен, барлығынан  ерте  бару­ға тырыстым. Ішке кірген соң, күзетшіден администраторды шақыруын сұрадым. 15 минут өткен соң 30-35 жас шамасындағы әйел адам келді. Өзімді таныс­тырып, келген­ себебімді айттым. Ол кісі бірден қуана келісім  берді.

«БУРГЕР-ТАЙМ»  БАСТАЛДЫ

Ең алдымен, ұжыммен таныстым. Бұл жерде жұмыс істейтіндердің басым­ бөлігі студенттер екен. Әкімгер жұмыс барысын түсіндіріп, «Бургер-тайм» деп аталатын орынға кассаға орналастырды. Бір орында екі кассирдің жұмыс істеуі міндетті. Әр орынның өзіне тән формасы бар. Үстіме формамды киіп, жанымдағы серігімнің айтуымен, жан-жағымызды жинастыруға кірістік. Тазалық жұмыстары аяқталды. Мәзірлерді тиісті орындарына қойып, компьютерге жаңа ауысымды тіркедім. Ендігі кезек, ас мәзіріндегі тағамдарды жаттап­, асханада бар-жоғын білу. Негізі, жұмыс уақыты таңғы сағат 9:45-те басталады, ал сауда орнының екінші қабаты 10:00-де өз жұмысына қызу кіріседі. Әні-міне дегенше алғаш­қы тапсырыс беруші де келді. Ол – жерлес әнші Төреғали Төре­әлі­нің қарындасы. Көлемді тапсырыс беріп, өзімен ала кететіндігін айтты. Таңғалғаным сонша, 20 минут көлемінде әзірленетін тағам бес минуттың ішінде дайындалып, әп-сәтте әнші­нің қарындасына берілді. Оның таны­малдығы  әсер етті немесе біз өзге клиенттерді көп күттіреміз. Кей кісілердің жолы болғыш келеді, негізі.

Алғашқы тапсырысты ойдағыдай орындаған соң жұмысқа үйренісе баста­дым. Бұл жерге күніне мыңдаған адам келіп-кетеді. Менің міндетім – алдыма келген тапсырыс берушіні әрдайым күлімдеп қарсы алу. Тәулі­гіне 13 сағат бойы тік тұрып, аяқ бүк­пестен жұмыс істеу қиын, әрине. Түрлі қызықты сәттер орын алды. Кейде келген тапсырыс берушінің көңіл күйі жақсы болып мәдениетті сөйлесе, кей кездері тәкаппар, дөрекі жандар да бой көрсетеді. Бұл адам­дардың тәрбиесі ме, әлде жара­тылысы ма, ол жағын кейін бағам­дармын. Барын­ша түсіністік танытып, кіші­пейіл болдым. Күніне кем дегенде бірнеше адам шу шығарып келеді. Біреулері дайындалған тағам ұнамайды деп, тіпті тез әзірленетін өнімнің жартысына дейін дәм тат­қаннан кейін ақшаның қайтарылуын талап етеді. Адамдар кейде сондай қызық.

«…МЕНІҢ   АҚШАМ   БАР…»

Ақшам уақытында жасы 35-40-тар шамасындағы әйел пиццаға тапсырыс  бергісі келіп, мәзірді қарап жатыр екен. Мен бағасын айтып едім, «мен сенен ақшасын сұрағаным жоқ, менің ақшам бар» деп жекіп тастады. Иә, расымен қаражаты бары көрініп-ақ тұр. Десе де мәзірдегі тағамның баға­сын айту – менің міндетім. Бірақ, «менің ақшам бар» деген сөзден кейін өзіңді ақшасыз сезініп қалады екенсің. Әйтпесе, «бағанадан бері бағас­ын айтпайсың ба?» дегендер де маған таңсық емес. Сол үшін өз мін­детіме адал қарауға тиіспін.

Қызылорда қаласының 90%-дан астамы қазақша сөйлейді. Яғни, қаламыздың тұрақты тұрғыны аталып кеткен басқа ұлт өкілдері де жергілікті тілге құрметпен қарайды. Бұл жайтты мақтана айта аламыз. Кейде тапсырыс беруге басқа ұлт өкілдері келгенде «Здравствуйте!» десең, «Сәлеметсіз  бе!» деп жауап қайырады. Сол сәтте қатты ұялғаным өңімнен бірден байқалады. Көбінесе, қазақ бауыр­ларымыз орысша амандасып, тапсырыс береді. Мұндай жағдайда қан­дасым  екенін біле тұра қазақша жауап­ беремін. Бір байқағаным, әйелдер қауымы орысшалап сөйлеуге бейім. Мақтаныш па, әлде өркөкіректік пе?

АЛУАН-АЛУАН  АДАМ  БАР…

Кейде асханада бірнеше заттың қатар таусылып қалатын кездері бар. Сондай жағдайда қажетті тауар әке­лінгенше тығырықтан шығудың өзі – өнер. Тұтынушылардың сұраған таға­мы­ болмай, «іште таусылып қалды немесе сәлден соң тапсырыс бересіз бе?» деп ақталып түсіндірсек, «несіне ашып тұрсыңдар, жауып тастаңд­ар!» деп ұрысып кететін адамдар­  жеткі­лікті.  Өзімнің фаст-фуд тағамдарына «жеріктігім» жоқ. Және оның адам ағзасына зиян екенін біле тұра іздеп келетін жан­дардың көптігіне қайран қалдым. Қазіргі  таңда  бұл тағам­ түрі­не сұраныс күннен-күнге артуда. Тіпті, бүл­діршіндердің  өзі  «қытырлақ  картоп»  деп  сұрап  тұрады.­

Бір күнге «сұрап алған» кассирлік қызметімнің аяқталуына жарты сағат уақыт қалды. Ерлі-зайыпты кісілер донерге тапсырыс берді. Жолдасы  ащы суға «қызып» алғанға ұқсайды. Негізі, ол кісілердің таңдаған тағамы­ 10 минутта әзірленетін еді. Бірақ, тапсырыс берген бойдан «неге дайын емес?» деп ашуға булықпасы бар ма? Теңселіп тұрып, жұмыс орнымызды жайратып сала ма деп қорықтым. Өздігінен балағат сөздер айтып, намысыма тиді. Барынша сабырлық сақтап, үндемеуге тырысып бақтым. Қоғамдық орын болған соң, күзетшілер келгенше өз жұмысымды атқарып, тапсырысын тез арада дайындап бердім. Одан кейінгі жұмысты тәртіп сақшылары атқарып, ағамызды мәдениетті түрде шығарып салды. (Елестетіңізші, масаң адам келіп, аманаттап алған жұмысыңның бүкіл затын қиратып, күл-паршасын шығарып кетсе, мені жұмысқа алған кісіге қай бетіммен қараймын?).

Жалпы, «фаст-фуд» – жеңіл әрі тез дайындалатын тағам түрі болғандықтан, тұтынушыға өте қолайлы. Ең алғаш рет Америкада дайындала бастаған деген дерек бар. Бастапқыда кедейлерге арналған зиянды тағам болып есептелсе, кейіннен бұл тағам түрлері мейрамханалардың басты мәзіріне енді. Бүгінде американдықтардың күнделікті асына айналған. Қазақстанда да жастардың сүйікті асы екенін мойындауымыз керек. Үйде ас әзірлеуге ерінгендер тез әрі оңай дайында­латын тағамға тапсырыс береді­. Бұл тиімді, әрі қолайлы. Есесі­не семіздік дертіне жылдам шалдықтырады. Және бақылау орталығының есептеуіне сенсек, жылына 248 мың америкалық осы ауру түрінен өледі-міс. Адам денсаулығы үшін тиімді тамақ­тана білу маңызды. Тиімді тамақ­тану – құрамында қоректік заттард­ың толық мөлшері бар тағаммен ағзаны дұрыс әрі уақытылы қамтама­сыз ету. Ал, фаст-фуд өнім­дері қаншалықты қолжетімді бол­ғанымен, оны үйреншікті асқа айналдыру  дұрыс  емес.

Тоғжан  ҮБАЙДІЛДАҚЫЗЫ,

ҚМУ-дың  4-курс  студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: