Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауыл айтқыштары

16.07.2020, 12:40 1083

«Көтермесең көңілді кір басады» дейді дана Абай. Сол айтқандай, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Кейден, Өзгент, Задарья, Қыраш ауылдары – өз көңілдерін өздері көтеріп жүрген ауыл. Сол елді мекендердің тұрғындары әзіл-қалжың айтуға келгенде бірінен-бірі асып түспесе, қалып кетпейтіні анық. Атап айтар болсаң, олар – Тайшыбек, Маутан, Тұрсымат, Садыр, Байділла, Асан, Қанжарбек, Мәдібек, Мейірбек, Мәнтай, т.б. Бұл тізімді әлі де соза беруге болады. Бірақ әзірге аты аталған ауыл айтқыштарының еріксіз езу тартқызатын қисық та қыңыр қалжыңдарын назарларыңызға ұсынамыз.

Күле-е-е отырыңыздар…

Жезденi  «жерлеу»

Қаймана қазақтың жезделерін кекетіп, мұқатып жүретіні мәлім. Тіпті ел-жұрттың көзінше келеке етіп, масқарасын шығармаса, бойларына ас батпайтыны тағы бар.

Бірде жаңақорғандық бір топ кісілер ағайындарының үйінен ас ішіп шығып, жаяу әңгіме айтып келе жатады. Арасында әзілдері жарасқан жезде мен қайнылар да бар көрінеді. Күн ыстық болса керек. Сол ауданда атақ-абыройы бар Зұлпыхар деген кісі:

– Әй, Тайшыбек, осы маған бір қалыпты ауа райы болмаса, ыстық та, суық та жақпайды, – депті қайнысына­ қарап.

Сонда Тайшыбек:

– О, жездеке, ондай жер бар ғой, – деп таңдайын тақ еткізіпті, айналасындағыларға бір көзін қысып қойып.

Қапелімде ондай жауапты күтпеген Зәкең:

– Ол қай жақта? – деп шын сеніп қалыпты.

– Ойбай, жездеке, ол мынау Құмсаба ғой, – деген екен ауыл маңындағы зиратты меңзеп.

Суға  батпайтын  бас

Алмасбек Нұртазаевтың Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары боп тұрған кезі болса керек. Оның қызметтік көлігін жездесі Төрехан айдапты. Ол әрі аңқау  әрі ақкөңіл кісі екен. Аудан басшыларының бірі болғандықтан, Алмасбек елді мекендерді жиі аралайды. Бір күні Қаратаудың етегіндегі ауылдардың біріне келіп, суға түседі. Сонда Төрехан:

– Маутан, осы менің басым суға батпайды. Сен соның себебін білесің бе? – депті шын пейілімен.

Сонда қисық та қыңыр сөзі қашанда дайын тұраты­н Маутан:

– Е, оны білмейтін несі бар?! Негізі, ішінде миы жоқ бас суға батпайды ғой, – деген екен.

Пайдакешін  қарай  гөр  өзінің…

Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған кезінде Жаңақорған ауданына қарасты бір мал бордақылау кеңшарында Тұрсымат деген кісі жұмыс істеген көрінеді. Ол күнде кешке үйіне жарты қап жем арқалап­ қайтады екен. Оның осы әдетіне кеңшар басшылары әбден үйреніп қалса керек. «Ауру қалса да әдет қалмайды» демекші, тіпті оның осы әрекеті қалыпты жағдайға айналыпты. Бір күні аталған кеңшарға Ердалы Оразов деген жаңа бас зоотехник келеді. Ол алғашқы күні-ақ Тұрсыматтың жарты қап жемді ұрлап бара жатқанын байқап қалып:

– Оу, ақсақал, мұныңыз не? – дейді білдей бір шаруашы­лықтың басшысын көзіне ілмей, жарты қап жемді жымқырып бара жатқан шалға таңырқап.

Сонда Тұрсымат еш саспастан:

– Е, бұл менің парсаңым ғой, – деп жүре беріпті.

Бас зоотехник ештеңе түсінбей, аң-таң боп қала береді. Ертесіне жөн білетін жұрттан сұрастырса, «Парсаң» дегені – таразының басын теңестіріп тұратын зат екен. Сөйтсе, әлгі шалдың: «жарты қап жем арқалап жүрмесем тепе-теңдікті сақтай алмай, ауып кетемін» дегені екен ғой. Пайдакешін қарай гөр өзінің…

«Дауасыз»  деп  қой

Қырықтың қырқасынан асып, елуге екі елі жетпей қалған Сейсенкүл деген келіншек тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, ай десе аузы, күн десе көзі бар қыз бала туып алады. Бұдан былай бала туғанды шектемек боп, оның атын «Кенжегүл» деп қояды. Адамның айтқаны емес, Құдайдың дегені болатыны рас. Әлгі Сейсенкүл келесі жылы да көтеріп қойып, тағы да қыз туады. Сөйтіп, азан шақырып, оның атын «Болдық» деп атаған екен. «Қисық сөз күлмекке жақсы» демекші, осы оқиғаның бәрін жақсы білетін Садыр деген құрдасы:

– Әй, Сейсенкүл, енді тусаң оның атын «Дауасыз­» қой деп әзілдеген екен.

Ермахан  ШАЙХЫҰЛЫ,

Балғабек  Қыдырбекұлы  атындағы

сыйлықтың  екі  мәрте  лауреаты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: