Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әр қала, әр сапар – бір кітап

30.06.2022, 10:40 880

Руслан  МЕДЕЛБЕК, 

жиһангер:

Әр елдің мәдениеті мен ғұрпын, тілін етене жақын тану үшін саяхаттаудың маңыздылығы зор. Өйткені, саяхат адам жанына қанат бітіріп, өмірін жарқын ете түседі. Әлемде сіз бен біз білмейтін, көрмеген таңғажайып қалалар мен көріністер жетіп артылады. Ал, ол қызықтарды жан рақаты үшін аралап, дүниетанымы мен өміріне ерекшелік үшін хоббиына айналдырған жандар жоқ емес. Сондай жер-жаһанды аралап, өзін өзгеге де, өзіне де мойындатып жүрген жанның бірі – жиһангер әрі журналист Руслан Меделбек. Әлемнің 40-тан астам мемлекетіне барып, бала кезгі арманын орындап жүрген жанмен әлеуметтік желі арқылы сұхбаттасқан едік. Әңгімеміз қызықты әрі сәтті шықты.

– Сәлеметсіз бе, Руслан аға?! Сізден әлем сая­хатшысы ретінде парақшаңызды оқып, керек кеңестер  алып  жүрмін. Жалпы, жиһангер болу­ға  ынтызарыңыз  қашан  ашылды?

–  2010-2011 жылдары әлемді аралауға өте қатты құштарлығым ашылды. Мектепте география пәніне қызығушылығым көп болды. Тіпті, 5-6-сынып оқып жүрген кезімде әлем елдерінің астанасын, картадағы орындарының бәрін жатқа білетінмін. Яғни, бала кездегі «досым» әлем картасы мен глобус еді. «Ол не?», «Бұл кім?» деген кітаптарды оқығанды ұнататынмын. Қызығатыным соншалық, қыркүйек­те берілген география кітабын бір айда оқып тастайтынмын. Соның арқасында география сабағынан аудандық, қалалық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі келетінмін. Осы қызығушылығым арманымның орын­далуына  септігін  тигізді  деп  ойлаймын.

– Саяхатқа деген ынтықтығыңыздың арқасында ең алғаш қай елге баруды көздеп, жиһангерлігіңізді  бастадыңыз?

– 2011 жылы ҚазҰУ-де 2-курс оқып жүргенімде ең алғаш Парижге бардым. Осыдан кейін саяхатты жаным сүйе бастады. Париж қаласынан келгеннен кейін ағылшын тілін үйрену­ге көштім. Себебі, саяхаттағанға шет тілін  білу  маңыздырақ.

– Иә, саяхатсүйгіш  қасиетіңізбен  әлемнің 40-тан астам еліне барғаныңызды білемін. Қандай мемлекет саяхаттағанға қолайлы екен, оны да  аңғарған  боларсыз?

– Маған барлық аяқ басқан елдерім қолай­лы болды. Десе де, ең тиімділікті алатын болсақ, Түркия және Еуропа елдерінде саяхаттаған жақсы. Және алғаш саяхат жасайтын болсаңыз, Еуропа елдерін таңдағаныңыз абзал.

– Сондай-ақ, сіз әлеуметтік желідегі жеке парақшаңызға қызықты ақпараттар мен керек кеңестерді жазып отырасыз. Бірақ, саяхатқа шыққандағы ұстанатын ең басты ұстанымыңыз жайлы  айтпапсыз?

– Саяхатқа шыққанда барынша позитив алып кету. Көп нәрсе көру үшін аз ұйықтап, көп аралау – басты ұстанымым. Сонымен қатар, құр жүрмей жергілікті тұрғындармен әңгімел­есіп, түрлі тамақтарын жеп көріп, әр саяхаттан  өзіме  керекті  білім  аламын.

– Саяхат  сізге  не  береді?

– Саяхат – мен үшін ерекше терапия. Барған елімді мынау жақсы, мынау онша емес деп бөлмеймін. Себебі әр сапарға шығу үшін тер төктім, уақытымды бөл­дім, зерттедім, армандадым, мақсат еттім. Сондықтан, ұшақтан түскенде позитивті жаныма серік етемін. Мен үшін әр сая­хат – сабақ. Әр сапарым сабырлыққа жетелейді. Сая­хаттаудың арқасында ақшаны басқарып үйрендім. Тапқан қаржыны орынды жұмсау, саяхатқа ақша жинау, үнемдеу, дүние емес, паспортқа штамм жинауды түсіндірді. Саяхат мені талай тәуелділіктен құтқарды. Стереотиптерді, комплекс­терімді жойды. Адамды алаламауға, барлығына тең қарауға үйретті. Біреуге қамқор болуға, бар білгеніңді үйретуді, бөлісуді тоқытты. Сондай-ақ, саяхат менің білімге деген тәбетімді ашты. Оқысам, білсем, көрсем, әлемді танысам деген  аштық  әлі  бар. Әр қала, әр сапар – бір кітап. Сапардың әр сәті санам­дағы  «сөрелерде»  жинаулы  тұрады.

– Ендігі сұрағымды оқырмандарға да пайдалы болсын деп қояй­ын. Саяхатқа шыққандағы ең керек  кеңестермен  бөліссеңіз.

– Әрине, әлеуметтік парақшамдағы мені оқитын оқыр­мандарымның менен асып түсіп, бәрін біліп отырғанын қалаймын. Сая­хатқа шық­қанда ұялы телефоныңызда бес қосымша болғаны  жөн.  Олар: Maps me және Google maps онлайн картасы, Google аудар­масы, LiveMD  немесе Спасатель Lite және Booking.Com пәтер қарайтын қосымша болғаны да дұрыс. Сондай-ақ, шетелге шығар алдында дәрі-дәрмек алып барыңыз. Себе­бі ол жақта дәрі қымбат. Өте аз жүк алуға тырысыңыз. Артық жүк, артық киім – артық проблема. Ақшаңызды картаға салып алу маңызды. Және пас­порт, жеке құжаттарыңыздың көшірмесін міндетті түрде жасату керек. Құжаттарды өте сенімді жерге сақтаймыз. Сонымен қатар, алтын, жүзік, алқа, сырға, ноутбук бәрін елде қалдырыңыз. Саяхатқа рюкзак сумка­мен шығыңыз, әрі оның замоктары, қалтасы өте мықты болуы тиіс. Әдетте топ болып саяхаттаған тиімді. Ал жалғыз сапар­лайтын болсаңыз, жақындарыңызбен жиі хабарласып отырыңыз. Ең бастысы, ақшаны ешқашан әуежай­да ауыстырмаңыз. Айта берсем,  өте көп. Бәрін  жадыда  сақтау  қажет.

– Шет мемлекеттердегі біз білмейтін тың ақпараттарды  айтып  берсеңіз.

– Мен үшін әрбір саяхатым қызықты оқи­ғаларға толы. Себебі алғаш көретін елімнен қызықты, танымды заттар, құбылыстар мен оқиғалар іздеп барамын. Айта кететін болсам, Швеция елінде барлық тұрғындардың әлеуметтік жағдайы бірдей. Неге? Өйткені олар өздеріне жететіндей жұмыс істеп, күндерін қолайлы өткізеді. Швеция – өте жоғары салы­ғымен танымал ел. Адам көп пайда тап­қан сайын көп салық төлейді. Сондай-ақ, шведтер экологияны сүйеді. Елде­гі қоқыс­тың 99 пайы­зы қайта өңделеді. Содан болар Швецияға қоқыс жетпей, олар оны Норвегия мен Англиядан сатып алады. Олар сол қоқыс­ты жағып, қыста мыңдаған пәтерді жылытады. Бірақ, қоқыстарды өңдеп, пайдаға жарату жағынан голландықтар әлем бойынша алда тұр. Ал, Венецияны 50-100 жылда су алу қаупі бар. Сондықтан, қазір Венеция­ға кіру ақылы түрде. Польшадағы Вроцлав қаласында турис­терді қызықтыру үшін 400 гномның ескерткішін қойған. Көшеде кетіп бара жатсаңыз, алдыңыздан гном ескерткіші атып шығуы мүмкін. Қалада гномдар орналасқан жерлер белгіленген карта да бар. Айта берсем, жетерлік…

– Иә, түрлі қызықты мәліметерден хабардар болғыларыңыз келсе, Руслан ағаның Instagram парақшасынан біле аласыздар. Сонымен аға, осыншама елдерге бару үшін ақшаны қайдан таба­сыз?

– Саяхат ақшасыз болмайды. Әр саяхатқа кемі 200 мың теңге кетеді. Ақшаны еңбектеніп табасыз.  Мен  саяхатқа ақшамды еңбекпен тауып келемін. Табысымды басқаруды үйрену барысында сапарға шығу бақыты бұйырады. Жалғыз мысал, көлікке емес, саяхатқа қаржы жинадым.

– Соңғы  сауал  болсын, жалпы  саяхат  туралы  ашып  айтсаңыз?

– Өмірді саяхатқа дейін және кейін деп  екіге бөлуге болады. Саяхат – Римнің тас қаласын аралау, Париждің атмосферасын сезіну, Банконгтың кептелісінен шаршау, Нью-Йоркте ауыз ашылып жүру, Праганы жаяу шарлап аяқ талдыру, Стамбулдағы қарба­лас өмірге сүңгу, Анталияның жаға­жайының  толқынымен сырласып отыру. Сая­хат – өмірде көлік я қымбат көйлектен басқа да құндылықтар бар екенін үйретеді. Саяхат – әр елден, әр жерден келген соң өз еліңдегі өмірді жақсартуға үлес қосуға жәрдемдеседі. Саяхатқа шығу үшін тапқан табы­сыңның кем дегенде 20 мың теңгесін жинау керек. Ең алғаш Ташкентке барып көріңіз, одан келгеннен кейін Түркияға барамын деп мақсат  қойсаңыз,  саяхатты қалай хоббиға айналдырғаныңызды  білмей  де  қаласыз.

– Әңгімеңізге  көп  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: