Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағаш: кәсіп пен кіріс

10.06.2024, 18:25 369

HALYQLINE.KZ

Жалағаш – ертеден шаруашылыққа бейім, кәсіпке біртабан жақын аудан. Тұрғындары да әр жаңашылдыққа тас-түйін дайын. Мұндайда бұқараның бақытын түгендеп, қалауын қалыс қалдырмаған мемлекеттік бағдарламаның да үлесі зор. Шаруасы шаш етектен болса да мұрнынан шаншылмай, істі дөңгелетуге ден қойған. Бұл ретте, естігенімізді емес, топырағына табанымыз тиіп, көргенімізді һәм түйгенімізді тәптіштеп жеткізбекпіз. Қоғамдық даму басқармасына қарасты өңірлік коммуникациялар қызметі мен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен өткен сапарды баяндайық.

Баспасөз туры барысында алдымен «Нұр» қап зауытына ат басын бұрдық. Техниканың гүрілдеген дауысы жұмыстың қызып жатқанын байқатты. Осы қарқынмен тәулігіне 10 мың дана шығады. Яғни, «күріш фабрикасы» атанған ауданның ақ маржан өніміне өң беретін қап осы зауытта өндіріледі.

– Атаулы кәсіпке қызығып, алғашында зерттеп көрдім. Кейін тәуекелге бел буып, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайыздық несие алып, іске кірістім. Бүгінде күріш, жем, қоқыс салуға арналған қап түрін шығарудамыз. Арнайы қапқа тапсырыс берушінің логотипі мен дизайны салынады. Негізі 4 адам жұмыспен қамтылып, өнім өндіруге атсалысады. Егер техника үдерісін баяулатсақ, 1-2 адамнан артылатын жұмыс жоқ. Құрылғыны Қытайдан алдыртсақ, шикізат Өзбекстан елінен әкелінеді. Сұраныс жақсы. Алдағы күз мезгілінде жұмыс қызу болатынына сенім мол. Қазір облыстағы қала-аумақты өніммен қамтып отырмыз. Енді еңбекті еселеп, шетелге экспорттасам деген ой бар, – дейді Асылхан Нұрасылов.

Иә, кәсіпкерлік – экономиканың күре тамыры. Сондықтан, көштен қалмай, өзгеден ілгері болу үшін ілкімді істің көбейгені лазым. Бұл бір ғана ауданның емес, елдің дамуына тікелей әсер етеді.

Жастар ғана кәсіп көзін табады деу – жаңсақ пікір. Мұны еңбек етуде ерінбейтін жалағаштықтар дәлелдеді. Мөрәлі Шәменов ауылына табан тірегеніміз сол еді, жылыжайды көзіміз шалды. Жерден өнім алып, еккеннің ебін табу оңай емес. Көкіністің күтімінен бөлек, жылыжайдың температурасы мен ылғалдылығын бақылауда ұстауға бап керек-ақ. Бағбан Бағдат пен жары күннің қайнаған ыстығына қарамастан тірлік етіп жүр. Езілмей, шірімей өскен қияр, түйнек салған қызанақ – төгілген маңдай тердің ақталғаны. Ауладағы өніммен аудан халқын қамтамасыз етіп отырғаны қуантты.

– Өткен жылы көшет отырғызумен айналыстық. Ал, биыл кәсіпті түрлендірсек деген ой келді. Қазір жылыжайда қызанақ пен қиярдың 2 түрі бар. Қиярды дүкенге сатып отырмыз. Қызанақтар енді қызарады. Күтіміне келсек, көзге көрінбейтін жұмысы көп. Өнім алу үшін өнімді еңбек ету керегін білеміз. Бөшкеге су толтырып немесе арнайы құрылғымен тамшылатып суарамын. Түйнек астындағы жапырақты, мұртшаларын кесуге кірісемін. Әйтпесе тұқым бермей, өнім алуға кедергі келтіреді. Алдағы уақытта тағы бір жылыжай салмақпыз, өйткені біреуі аздық етеді екен. Қазір құлпынайға сұраныс жоғары болғандықтан, жемістің осы түрін де өсірмекпіз, – дейді Б. Пұсырманов.

Көпшілік көктем басталса ауласындағы ағаштың көктегенін қалайтыны рас. Бірақ, күтіміне көңіл бөлмеген соң жердің де жеміс бермейтіні тағы бар. Бұл ретте шағын кәсіптен табыс тауып, тұрғындарға таза әрі пайдалы өнім ұсынған әулет мақтауға лайық.

Аудандағы айшықты істер мұнымен тоқтамақ емес. Балабақшаға жақындай келе, бүлдіршінін жетектеген ата-аналарды байқадық. Сөйтсек, сәнді киімін киген, жүзі балбұл жанған балалар мектепалды даярлық тобынан екен. Балабақшамен қоштасып, мектеп табалдырығын аттамақ. Қуанышты сәтке куә болып, «Жас қыран» балабақшасының жайымен таныстық. Жеке кәсіпкер Ғазиз Исахановтың қолдауымен негізі қаланған құрылыс жұмысы аяқталып, балалар игілігіне берілген. Ал ата-аналар дән риза.

– Заман талабына сай мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға көңіл бөлу артық етпейді. Балабақша 140 орындық, қазір мұнда 123 бала тәрбиеленіп жатыр. 2 жастан бастап қабылдаймыз. 6 топ, 12 тәрбиеші бар. Олар екі ауысым бойынша жұмыс істейді. Таңғы 08:00-ден 18:30 дейін бүлдіршіндер бақылауымызда. Уақытылы асын беріп, іс-шараға белсене қатыстырып, ой-өрісін кеңейтуде жаңа әдіс-тәсілдерді пайдаланамыз. Робототехника сынды арнайы кабинеттермен жабдықталған, би үйірмелері де бар. Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейміз. Мұндай санат бойынша 10 бала тіркелген. Сол себепті балабақшада логопед кабинетін аштық, жоғары білімді дефектолог маман қызмет атқарады. Нәтижесі жаман емес. Ата-аналар қуанышты. Әр баланың келешегін ойлай отырып, оқу бағдарламасына сәйкес білім мен тәрбие беру – негізгі мақсатымыз, – дейді балабақша меңгерушісі Қалдыгүл Дәулет.

Баланың тілін тауып, жақсыға үйрететін тәрбиешілердің беретін тәлімі де өз алдына бөлек. Расымен, білім ұясында ұмтылысты ұштап, ойды ұшқыр етуде тың тәсілдер қолданылады. Бұған тәрбиеші Зере Мұсаның сөзі дәлел.

– Тобымда 18 бала бар. Бәрі алғыр, зерек. Жас ерекшелігіне қарай тәрбие мен оқытудың бағдарламасын стандартты басшылыққа алып жұмыс істеймін. Балалардың түрлі әрекетін  ойын, қимыл, танымдық, шығармашылық арқылы дамытып отырамын. Олар заттық-дамытушы ортада  қажетті  дамытушы ойындар мен  құралдарды қолжетімді пайдалана біледі. Көбіне балаларды «Оюларды таны», «Асығым алшыңнан түс», «Фейсбол», «Кім жылдам?», «Арқан тартыс» сынды ұлттық қимыл-қозғалыс ойынын ойнатамын. Бұл арқылы қазақ халқының ұлттық ойынын дәріптеп, санасына сіңіремін. Нәтижесінде зейіні тұрақталып, танымдық, шығармашылық, коммуникативті дағды қалыптасады, – дейді ол.

Кентте идеясын жүзеге асыруға құштар кәсіпкерлер баршылық. Басым бөлігі балаға қуаныш сыйлауға ниетті. Еңсесін тіктеген «Ботақан» ойын сауық орталығының есігі дәйім ашық. Кіреберіске беттегеннен-ақ, асыр салып ойнаған бала күлкісі құлаққа жағымды естілді. Жалағаштық тұрғындар Қызылорда қаласындағы «Aray City Mall»-ға артынып-тартынып бармайды. Сонда отырған Жазира есімді ана да мұны тілге тиек етті. Ойын-сауық орталығының ашылғаны дұрыс болғанын жеткізді. Кәсіпкер Еркебұлан Каиповтың айтуынша, құрылыс 2022 жылы басталған. Бой көтерген зәулім ғимарат заманауи үлгіде жабдықталған. Алдағы уақытта да жөндеу жұмысы жалғасып, жаңа ойын алаңдарымен толықпақ. Айта кетейік, мұнда техникалық қызметкер, аниматор, даяшылар және тағы басқа қызметтерге 15 адам жұмыспен қамтылған.

Кіріс тек кәсіпкерлерге емес, жұмыс іздеп жүргендерге де бұйыратыны анық. Әрі аудан халқы да игілігін көруде. Иә, Жалағаш кәсіпкерлерді жатсынбайды. Атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралар да соның айғағы.

– Жалағаш ауданы бойынша өткен жылы 206 жоба 4,8 млрд теңгеге қаржыландырылған. Оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 22 жоба қаржыландырылды. Ал биыл 47 жобаға қаражат бөлу қарастырылды. Атаулы бағдарлама басталатын кезде дайындық жұмыстарын жүргізіп, 30 шақты кәсіпкер өтінішін қабылдап жатырмыз. Одан бөлек аудан боынша жобалар пулы жасақталды. Яғни, ауылға тың, жаңа жобалар әкелу мақсатында үздік бизнес идеялар байқауын жариялап отырмыз. Бұл 4 бағыттан тұрады. Үздік инновациялық жоба, үздік өндірістік жоба, үздік қызмет көрсету бойынша 100 мың теңге сыйақы тағайындалды. Ал төртіншісі – кәсіпке баулу бойынша мотивациялық ролик түсіру. Сыйақы мөлшері – 50 мың теңге. Алдағы уақытта да жобалар жалғасын таппақ, – деді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Жасұлан Дүйсекеев.

Түйін. Халықтың өмірі – шаруасында. Шаруасы күйлі болса, халық та күйлі. Сол халықтың жай-күйін реттеп, тұрмыс деңгейін тұрақтандыру – басшылықтың басты міндеттерінің бірі. Баспасөз турынан баян еткеніміздей, аудандарда кәсіпкерліктің дамуы қарқын алып отыр. Егер игі істер ізін жалғастырса, халық игілігін көрері анық. Сонда өнім іздеп өлермен күй кешіп, сыртқа жалтақтамайтынымыз сөзсіз.

Замира ҚОНЫСЖАН,

Қызылорда-Жалағаш-Қызылорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: