Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда төтенше жағдай режимі қалай іске асырылады?

16.03.2020, 16:18 998

 «Атамекен» ҰКП қазақстандықтарға, әсіресе бизнеске төтенше жағдай режимі нені білдіретіні жайында ағымдағы уақытта бар ақпаратты жинақтады

Еске салсақ, ҚР Президентінің жарлығымен 2020 жылғы 16 наурыздағы сағат 08:00-ден бастап 15 сәуірдегі сағат 07:00-ге дейін төтенше жағдай енгізілген.

 Анықтама үшін.

«Төтенше жағдай туралы» ҚР Заңы 1-Бабының 5) тармағына сәйкес, төтенше жағдай – азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғау мүдделерiнде ғана қолданылатын және азаматтардың, шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтарына жекелеген шектеулер белгiлеуге жол беретiн және оларға қосымша мiндеттер жүктейтiн, мемлекеттiк органдар, ұйымдар қызметiнің ерекше құқықтық режимі болып табылатын уақытша шара.

Жарлық мәтінін мына сілтемеден жүктеп алуға болады.

Енгізілген шаралар Қазақстанда бизнестің жұмысына әсер етеді. Кәсіпкерлерге енгізілген төтенше жағдай нені білдіретінін егжей-тегжейлі қарастырып көрелік.

  1. Ірі сауда объектілерінің қызметін шектеу  

Сауда объектісі егер оның сауда ауданы – 2 мың шаршы метрден кем болмаса ірі болып саналады («Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңы 1-бабының 53) тармағы).

ҚР Сауда және интеграция министрлігі төтенше жағдайда азық-түлік маркеттер мен базарлар жұмысы жалғастырылады, ірі сауда объектілерінің жұмысы шектеледі, көпшілік жиналатын  сауда – ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтатылады деп хабарлады. Сондай-ақ ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуін сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін санитарлық қауіпсіздік шараларын күшейтумен шектеу белгіленді. Сауда объектілерінде кинотеатрлар, балалар орталықтары, басқа да ойын-сауық алаңдары жабылуы тиіс.

Азық-түліктік емес базарларда санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейтумен жұмыс уақытын 11.00-ден 17:00-ге дейін шектеу белгіленді. Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді сату жабық қаптама түрінде ғана іске асырылады.

Оы ретте азық-түліктік және азық-түліктік емес шағын дүкендер, сонымен қатар сауда–ойын-сауық орталықтардан тыс жерде орналасқан ШОБ-тың басқа да объектілері дүкен иелерінің қалауынша жұмысын жалғастырады.

Анықтама үшін.

ҚР Кәсіпкерлік кодексі 144-бабының 6-тармағына сәйкес эпидемия, карантиндiк объектiлер және аса қауiптi зиянды организмдер ошақтары, инфекциялық, паразиттiк аурулардың таралуы, уланулар, радиациялық авариялар туындаған немесе олардың туындау қатерi төнген жағдайларда, объектiлерге жоспардан тыс тексеру тексерілетін субъектіні алдын ала хабардар етпестен және тексерудi тағайындау туралы актiнi тiркеместен, оны кейiннен құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органға келесi жұмыс күнi iшiнде ұсына отырып жүргiзiледi.

  • сауда – ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және көпшілік жиналатын басқа да объектілер қызметін тоқтату.

Көпшілік жиналатын объект деген не? Бұл сауда, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсетудің ғимараты, нысан, орынжай, кәсіпорын, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт, мәдени-ағарту және ойын-сауық ұйымдары, сауық орындары, барлық көлік түрлерінің вокзалдары, мәдени ғимараттар.

Бұдан бөлек, мұндай объектілерге денсаулық сақтау, білім беру ұйымдары, бір мезгілде жиырма бестен және одан да көп адамның келуіне шақталған қонақүйлер жатады («Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңы 1-бабының 5) тармағы).

  • Ойын-сауық, спорттық  және басқа да бұқаралық,  сондай-ақ отбасылық той-думандар, астарды өткізуге тыйым салу.

Төтенше жағдай кезеңінде қандай іс-шараларға тыйым салынады?

Ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар –  көп көрерменнің бір мезгілде болуы көзделетін рухани, мәдени-бұқаралық іс-шаралар.

Сонымен қатар  спорт құрылыстары мен объектілерінде, сондай-ақ спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған ашық жерлерде өткізілетін спорттық-бұақаралық іс-шараларды өткізу (соның ішінде жаппай жарысу) шектеледі («Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР Заңы 40-1-тармақшасы).

Осы тармақ бойынша кеңейтілген түсіндіру күтеміз, пайымдауымызша, кез келген бұқаралық жиналыс – вирустың таралуына әкеп соғады, демек мұндай шараларды болдыртпау және сондай жиналысқа қатысудан бас тару жөн.

  • Қазақстан Республикасы аумағына кіруге, сондай-ақ көліктің барлық түрімен ел аумағынан шығуға шектеуді белгілеу. ҚР Сыртқы істер министрлігі елге кіруге қойылған шектеу шетелде жүрген қазақстандықтарға қолданылмайтынын хабарлады. Республикаға келу шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға жабық.

Бізге кәсіпкерлер «осы шектеулер көліктің барлық түрімен (авиа-, теміржол, авто-, су көлігі және т.б.) тасымалданатын сауда жүктеріне қолданыла ма?» деген сұрақпен жүгінуде.  Қазіргі таңда Ұлттық палата тиісті түсіндірмені ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетінен күтіп отыр. Жаңартылған деректер осы материалда жарияланады.

«Атамекен» ҰКП ел кәсіпкерлерін дүрбелеңге берілмей, вирус таралуына қарсы күрес үшін қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырады. Ұлттық палата  келтірілген зардапты төмендету мақсатында Үкіметпен бірлесіп, тиімді шараларды әзірлеу үшін бизнес тап болған барлық проблемаларды бақылауға алып жатыр.

Еске салсақ, мына сілтеме бойынша, сондай-ақ 1432 нөмірі арқылы кәсіпкерлерге сауалнама жүргізуді жалғастырамыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: