Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Кенеттен кезіккен ісім өмірлік азығыма айналды»

06.06.2024, 9:20 185

«Ақша табу қиын, жұмыс жоқ» деу – тек жалқаудың сандырағы. Дәл XXI ғасырда ақша табудың көзі көп. Кәсіп бастағысы келген адамға қаншама мүмкіндік бар. Тек тәуекел етіп, кішкене сәтсіздікке мойымай, ісіңді жалғастырсаң жеткілікті. Біздің бұл кейіпкеріміз мезгілдің ыңғайына сай аяқкиім тігіп, одан қалды жөндеуді кәсіп еткен. Қаламыздың креативті индустриясы мен отандық өндірі­сіне мол үлес қосып жүрген азамат Айдостың бұл іспен айналысып жүргеніне он жылға таяу уақыт болған. Тапсырыс қабылдап, тек қана сапалы, қымбат тері өнімдерінен аяқкиім тігеді. Сырттан келген базар тауарларының бағасы көңілге қонымды демесең, сапасы сын көтер­мейді. Ал Айдос дөңгелетіп отырған «Shoes service» шеберханасындағы арнайы тапсырыспен тігілетін аяқкиім бағасы ортастатистикалық тұрғын тұтынатын дүкендерден сәл ғана қымбат, бірақ бағасына лайық. Бұл кәсіпкер жөнінде ести салысымызбен, шеберханасымен танысып, өзімен жүзбе-жүз тілдесуді  жөн  көрдік.

Айдос Үмбетов 1988 жылы Қызылорда қала­сында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетін «Мұнай-газ ісі» мамандығы бо­йынша бітірген. Диплом алған соң арман қуып Алматыға аттанып, аяқкиім өндірісімен танысыпты. Екінші меңгерген мамандығы бүгін­гі айналысып жүрген ісіне тікелей қатыс­ты. Алматы технологиялық университетінің «Жеңіл өнеркәсіп» мамандығы бойынша да білім алған. Аяқкиім тігу мен жөндеу кәсібімен сол жақта жүріп танысады. «Антон Печатьков атты шебердің қол астында біраз уақыт қызмет атқарып, бұл кәсіптің әліппесін игердім» дейді кейіпкеріміз. 2012 жылы Алматы қаласындағы «Кож-мастер» аяқкиім жөндеу және модельдеу желісіне жұмысқа орналасып, Александр есімді шеберден біраз тәлім алады. Біршама уақыт сырт жақта тәжірибе жинап, аяқкиім өндірісінің жілігін шаққан азамат туып-өскен Сыр өңіріне оралып, өз шеберханасын ашыпты. Алғашында тапсырыстарды «Одежда» жанындағы дүкендердің бірінде қабылдаған. 2018 жылдан бастап Амангелді Иманов көшесіне ауысып, осы маңнан «Shoes Service» аяқкиім жөндеу  және  тігу  желісінің  негізін  қалады.

– Алғашында  бұл  іспен айналысу оңайға соққан жоқ. Бірқатар қиындық туын­дады. Біздің халық даладағы етікшілерге үйреніп қалған. Арнайы осы салаға бағытталған шеберханалардың бар-жоғына аса назар аудармаған кездері жұмысымды бастадым. Сәл уақыт өткеннен кейін қала тұрғындары біртіндеп келіп, тапсырыс та сәйкесінше үдей түсті. Алғашында жалғыз өзім жұмыс істеп, кейінірек тапсырыс көбейген соң қасыма жұмысшы ала бастадым. Қазіргі  таңда ұжымда үш адам, менімен қосқанда  4  адам  жұмыс  істейміз, – дейді  кәсіпкер.

Шебер бүгінде аяқкиім тігуге көбірек ден қойған. Былтыр осы істі әрмен қарай жаңғыр­ту мақсатында Алматыдан неше түрлі ресурс алып келген. Десе де, шебер аяқкиім жасау оңай іс емес, әлде де зерттеп, меңгеру қажет екенін  айтады.

– Кез келген адам бірінші аяқкиімге мән береді. Сондықтан да, аяқкиімнің сапалы әрі таза болуы міндетті. Біз былғары мен терінің, оны тігетін тігін машинасының сапасына жіті назар аударамыз. Сәйкесінше, бір аяқкиімнің жасалуына да біраз уақыт кетеді. Дәлірек айтсақ, егер бір тауарға баса назар аударып, басқа тігін, жөндеу жұмыстарын кейінге қалдырсақ, 3-5 күн, ал бәріне бірдей уақыт бөлген жағдайда 10 күннің шамасы кетеді. Әсіресе көктемнің басы мен орта тұсында тапсырыс көбейеді. Жер лайлана­ды, аяқкиімнен су өтпеу керек деген мәселе ғой. Ал жаз уақытында керісінше, тапсырыс сәл азаяды. Ал жалпы, аяқкиім шеберлерінің құрқол отыратын кезі жоқ. Мезгілге сәйкес тапсы­рыстың азаюы факторлары кезікпейді, – деп те атап  өтті.

Иә, отандық өнімге келгенде біраз жалтақтап қалатынымыз рас. Десе де, соңғы кездері тәуекелге бел буған, жоқтан бар жасай білетін  кәсіпкерлердің  қарасы қалыңдады. Айдос Үмбет­ов және оның «Shoes Service» шеберханасы бұған айқын дәлел. «Алматыға барғанымда не істерімді білмей қатты қиналдым. Кенеттен кезіккен жұмысым өмірлік азығыма айналды» деп шебер сөзін қорытындылады.

А.АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: