Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралқұмдағы жағымды жаңалық

19.02.2020, 11:32 1393

Ғаламтордан «мұнан төрт-бес мың жыл бұрын айыр өркешті түйе Орта Азияда, сыңар өркешті түйе Африкада алғаш қолға үйретілген. Қазіргі таңда сыңар өркешті жабайы түйе жойылып кетсе, айыр өркешті жабайы түйе Монғолияның Гоби шөлінде ғана сақталған. «Сахараның салтанаты» атауын иеленген түйе түлігінің қадір-қасиеті бағзы заманнан мәлім. Ежелгі кезде сауда-саттық түйелі көш керуендері арқылы жүргізілген. Бір жолы Самарқан саудагерлері Жібек жолы арқылы 30 мың түйемен сапарға шыққан деген бар. Қазақ даласында да түйе өсіруге баса мән берілген. Ертеректе Ақтөбе өңіріндегі Сортаңды, Шақытты жерлерін жайлаған Қара деген кісінің 3 мың түйесі болған деседі. Қазақстанда айыр өркешті түйе жиі кездеседі. Оны кейбір аймақтарда «айыр түйе», Арал мен Каспий аралығының тұрғындары «түс түйе» десе, жабайы түрі «қаптағай» деп аталады. Айыр өркешті түйе ғылыми тілде «бактриан» делінеді. Салмағы 450-690 килоға дейін тартады. Қазіргі кезде айыр өркешті түйенің қолға үйретілген үш (қалмақ, қазақ, монғол) түрі бар. Біздің елімізде қазақтың айыр өркешті түйесі көп өсіріледі. Ол құрғақ далалы, шөл-шөлейтті жерлердің табиғи жағдайларына жақсы бейімделген. Аңызақ ыстыққа, үскірік аязға төзімді келеді. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, ,Қызылорда , Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстанның кейбір аудандарында кездеседі. Сыңар өркешті түйені ғылыми тілде «дромадер» дейді. Қазіргі кезде қолда аруана деп аталатын тұқымы бар. Жабайы түрі жойылып кеткен. Оның жалпы аты – «нар». Ұрғашысы – «мая» немесе «аруана», еркегі – «үлек». Сыңар өркешті түйе ыстыққа төзімді, бірақ қатты аязға шыдамайды. Орта Азия мен Қазақстанда ғасырлар бойы халықтық сұрыптау әдісімен өсіріліп келеді. Қазіргі таңда түйені еті, қымыраны және шудасы үшін өсіру пайдалы. Мамандардың пікірінше бір түйенің беретін өнімі 15 қойдың беретін өніміне тең» дегенді оқығанда елең ете түстім.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» авто жолы бойында орналасқан Аралқұм елді мекенін жүргеншілер жақсы біледі. Темір жол мен авто көлік жолы кесіп өтетін ауылдың ахуалы бөтен емес. Сауда-саттық жасауға да ыңғайлы. Әрі-бері өткен сайын жол жиегінде құтыға құйылған балдай шұбат, шебер өңделген балық , өзге де ұсақ-түйек сатып тұрған адамдарды көресіз. Маңдай терін сорғалата төгіп, бейнеттеніп өсірген малының өнімін сатып, отбасының ризығын айырса нсі айып?!Жаздың аптабында, қыстың ызғырық аязында кәсіп жасау да оңай емес. Елді мекенге жақындағаннан маң-маң басқан түйелер келесін жиі кездестіресің. Осынау түр-тұлғасы ерекше жаратылған ойсылқара түлігі табиғаты қаталдау өңірдің тіршілігіне жақсы бейімделген.

Жуырда Аралқұмда жағымды жаңалық орын алғанын бұған дейінде жазған едік. Оқырмандарға түсінікті болуы үшін айтар сөзімізді тарқатыңқырап жеткізсек.

Жыл басталысымен Аралқұм елді мекенінде Болат Жаңабаевтың бастамасымен ауыл орталығынан сүт қабылдайтын пункттің ашылған еді. Өткен жылы осы істі қолға алған Болат сүт қабылдау пунктін ашу бағытында Алматы қаласында орналасқан «Нар» ЖШС-мен келіссөздер жүргізді.

Келіссөз нәтижесінде «Нар» ЖШС-нің өкілі Ғалым Капу Аралқұм ауылына арнайы құрылғыларды жеткізіп, шикі түйе сүтін қабылдай бастады. Жергілікті жерден жиналған сүт арнайы салқындатқыш қондырғысы бар автокөліктермен Алматы қаласындағы құрғақ сүт өндіру зауытына жөнелтіліп, өндірілген өнім алыс-жақын шет елдерге экспортталатын болады.

Сүт қабылдау пункітінің ашылу рәсімінде Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев жаңа бастамаға сәттілік тілеп, бұл қадамның өңірде сүт белдеуін құрудағы кешенді жұмыстардың бастауы болатынына, ауылға үлкен серпін беретініне сенім білдірді. Сүт қабылдау пункті сүт құятын цистерналар, сүт сауғыш арнайы аппараттар, электр қуатын беретін аппараттарға қоса сүт құрамын тексеретін аппарат пен қосымша ыдыстармен жарақталған. Пункт толықтай іске қосылғанда , бес адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Ауылдық округке қарасты әрі жақын орналасқан елді мекендерде түйе өсіріп отырған тұрғындармен келісім жасалып, сүттің әр литрін жергілікті бағаға қосымша үстеме бағамен сатып алу, жазғы маусымда жеке иеліктерден тәулігіне бір жарым тонна сүт жинау жоспарлануда. Қазіргі таңда түйе сүтін қабылдау пункті Сексеуіл кентінде де іске қосылды. Таяу күндерде Жақсықылыш кенті мен Шижаға елді мекенінен де осындай пункт ашу жоспарланып отыр.

Жаздың аптап ыстығында тез бұзылатын өнімді тасымалдау аса жауапты іс екені баршаға мәлім. Осы орайда сүт өнімдерін өңдеуді қолға алу да келешектің еншісінде.Мұндай жағдайда қосымша жұмыс орны ашылумен қатар, жергілікті халықтың сүт өндіруге деген ынтасын да арттырары анық.

Жұмабек Табынбаев,

Арал ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: