Бүгін А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қызылорда қалалық ардагерлер ұйымының кезекті ХІV конференциясы өтті. Конференция жұмысына қала әкімі Нұржан Ахатов, қалалық мәслихаттың төрағасы Ибадулла Құттықожаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Шакизат Төребаев, қалалық мекемелер мен кәсіпорындар және қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.
Қызылорда қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, конференцияда сөз сөйлеген шаһар басшысы Нұржан Сәбитұлы ардагерлер ұйымының қала өміріндегі орнын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, қаланың жан-жақты дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ардагерлерге алғысын білдірді.
Күн тәртібіне екі мәселе шығарылды. Алдымен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шахизат Төребаев 2024-2025 жылдары атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол өз баяндамасында ардагерлер ұйымының қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуы, жастарға өнеге көрсетуі, бірлік пен тұрақтылықты нығайту бағытындағы жұмыстарды кеңінен жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ұйымның Пленум және Алқа құрамдары сайланды. Алқа мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде қалалық ардагерлер ұйымының төрағалығына Өмірбек Шәменов, оның орынбасарлығына Серікбек Жүсіпов бірауыздан сайланды.
Шаһар басшысы ардагерлер ұйымына жетекшілік жасап, өзінің сүбелі үлесін қосқан Шакизат Төребаевқа алғысын білдіріп, қаланың ең жоғары марапаты «Құрмет грамотасын» табыстап, сый-сияпат көрсетті. Ал, жаңадан сайланған ұйым басшыларына сәттілік тіледі.
Конференцияны қорытындылаған Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы қала ардагерлерінің белсенділігіне жоғары баға беріп өтті.
Сондай-ақ, қаланың қоғамдық-саяси өмірінде белсенділік танытып жүрген бірқатар ардагерге алғыс хаттар мен «Құрмет грамоталар» тапсырылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!