Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Орталық Азия геосаяси қысым аймағына айналып барады. Қазақстанның әрекеті не болмақ

08.01.2026, 9:30 267

Әлемдік зерттеу институттары соңғы жылдары Орталық Азияға қатысты дабыл қаға бастады. Бұрын халықаралық саясатта екінші кезектегі, шеткері аймақ ретінде қабылданып келген Орталық Азия бүгінде Ресей, Қытай, АҚШ және Еуроодақ сынды ірі державалардың қауіпсіздік, энергия, көлік дәліздері мен стратегиялық ресурстарға қатысты мүдделері тоғысқан аймаққа айналды. Украинадағы соғыс, Ресейге салынған санкциялар, АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық әрі экономикалық текетірес Орталық Азия елдерін жеке-дара емес, бірлесіп әрекет етуге алып келіп отыр.

Италиялық Special Eurasia институтының бағалауынша, Орталық Азия елдері соңғы жылдары геосаяси сын-қатерлерге ұжымдық жауап іздеу жолына бет бұрған. Бұл үрдіс кездейсоқ емес. Санкциялық қысым күшейген жағдайда Қазақстан мен Өзбекстанның энергетика экспорты, ал Қырғызстан мен Тәжікстанның Ресейден келетін еңбек мигранттарының аударымдары тікелей тәуекел аймағында қалуы мүмкін. Аймақтағы күштер тепе-теңдігі де айқын күрделене түсті. Ресей әскери әріптестік пен қауіпсіздік тетіктері арқылы өңірдегі негізгі ойыншы ретіндегі орнын сақтап отыр. Қытай болса ашық саяси ықпалдан гөрі, экономика, инфрақұрылым және шекара қауіпсіздігі бағытындағы «жұмсақ бақылауға» басымдық беріп келеді. Ал соңғы бір жылда АҚШ пен Еуроодақ Орталық Азияға назарын күшейтіп, аймақтағы геосаяси теңдеуді одан әрі шиеленістірді.

Бұл әрекеттердің салдары елімізде анық көрініп жатыр. АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуға «95 пайыз жақынбыз» деген мәлімдеме жасағанымен, соғыс аяқталмайынша санкциялық қысым әлсірейді деу қиын. Керісінше, Батыс елдері санкцияларды айналып өту арналарына бақылауды күшейтіп отыр. Бұған Ұлыбританияның Қазақстан бизнесіне санкциялық комплаенс бойынша арнайы нұсқаулық жариялауы және Астананың қайта экспортқа рұқсат беру тетігін енгізуі дәлел.

Энергетика саласы да жаңа кезеңге өтті. Reuters агенттігінің мәліметінше, Еуроодақ 2026 жылдан бастап Ресей газына қатысты жаңа келісімдерден бас тартуды жоспарлап отыр. Бұл Еуропаның Қазақстан мұнайына қызығушылығын арттыратын фактор. Алайда мынадай тәуекел барын да жасырмаған жөн, Қазақстан мұнайының 80 пайызы Ресей аумағы арқылы тасымалданады. Геосаяси ахуал ушыға түссе, экспорт қауіпсіздігі де сұрақ астында қалуы мүмкін. Осы жағдайда Қазақстан «Орта дәлізге» үміт артып отыр. Каспий теңізі, Кавказ және Түркия арқылы өтетін бағыт стратегиялық балама ретінде қарастырылғанымен, сарапшылар оны Каспий құбыр консорциумын толық алмастыра алмайды дейді. 2024 жылы бұл бағытпен небәрі 3,3 млн тонна мұнай экспортталған. Үкімет 2030 жылға дейін көлемді үш есе арттыруды жоспарлағанымен, бұл ұзақ әрі күрделі процесс екені жасырын емес.

Ал 2026 жылға қарай Қазақстанның ең ұтымды геосаяси картасы – сирек кездесетін металдар болып отыр. Бұл бағытта бәсеке ашық жүріп жатыр. Еуроодақ Қазақстанда сирек металдарды өндіру жоспарын бекітсе, АҚШ C5+1 форматында бұл саланы экономикалық ынтымақтастықтың басты бағыты ретінде атады. Америкалық Cove Capital компаниясының Қазақстанда вольфрам өндіруі – осы бәсекенің нақты көрінісі.

Сарапшылардың айтуынша, сирек металдар бүгінде тек экономикалық ресурс емес, геосаяси активке айналды. Әлемдік қордың басым бөлігі Қытайда шоғырланғандықтан, АҚШ пен Еуропа тәуелділікті азайту үшін Орталық Азияға бет бұрды. Бұл Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қысымдардың да қатар келетінін білдіреді.

Қысқасы, Қазақстан 2026 жылға қарай көпвекторлы саясатты сақтай отырып, бір мезетте бірнеше ірі ойыншымен күрделі келіссөз жүргізуге мәжбүр болады. Геосаяси тепе-теңдікті сақтау бұрынғыдан да қиын. Ал бұл жолы қателесу құны әлдеқайда жоғары. Осы тұста Тоқаевтың әрекеті қалай болатыны беймәлім. Бірақ бейбітшіліктен алыстамаймыз деп сенім білдірейік.

Коллаж автордікі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: