Бүгін қаладағы №71 мектеп-интернатында «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» атты аудан әкімінің балаларға арналған жаңа жылдық шыршасы өтті. Көңілді шараға Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысып, балалардың өнерін тамашалады.
Жаңа жыл – әр баланың асыға күтетін ерекше сәті. Мұнда ғажайыптар әлемінің түрлі кейіпкерлері мен әр жылдың жауапкершілігін арқалаған жануарлар әлемі балаларға ерекше көңіл күй сыйлайды.
Жаңа жылдық ғажайып кешке ауданның талантты да дарынды оқушыларынан барлығы 100-ге жуық бала қатысты. Олардың қатарында оқу үздіктері, конкурстар мен түрлі байқаулардың жеңімпаздары және ерекше балалар бар.
Жаңа жылдық шырша мерекесі жас өнерпаздар дайындаған қойылыммен басталды.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы балалармен бірге жаңа жылдық шырша шамын жағып, оқушыларды мерекемен құттықтады.
– Қымбатты балалар! Жаңа жылдың жарқын табалдырығында баршаңызды көріп отырғаныма ерекше қуаныштымын. Бұл мереке – балалықтың шат күлкісі мен үлкендердің ақ тілегі тоғысатын, жүрекке жылу сыйлайтын айрықша сәт. Жаңа жыл – әр үйге үміт, әр балаға арман ала келетін мереке. Осы кешке қатысып отырған балалардың жарқыраған жанары – ертеңге деген сенімнің белгісі. Ал сол сенімді аялап, баланың болашағына бағыт беріп отырған ұстаз бен ата-ананың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Жас ұрпақтың бойына білім мен тәрбие дарытып, болашаққа жол ашып келе жатқан еңбектеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Жаңа жыл баршаңызға денсаулық, береке, мол қуаныш әкелсін. Балалардың күлкісі әр шаңырақта жаңғырып, армандар ақиқатқа айналсын, – деді аудан басшысы.
Бұл кеште барша оқушыларға аудан әкімінің атынан қыстық киім беріліп, арнайы дәмді торт тарту етілді.
Көңілдерді шат қылып, балалардың жан сарайын жадыратқан жаңа жылдық ғажайып кеште өнерлерін ортаға салған балалар Аяз атадан сыйлық алып, көпшілік қошеметіне бөленді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!