Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал-Қазалы жігіттерінің түріктерді тәртіпке түсірген төбелесі туралы

22.12.2025, 11:00 70

HALYQLINE.KZ

Осыдан төрт жылдай бұрын «Халық» газетінің электронды сайтында және өзімнің «Айтылмаған ақиқат» әлеуметтік парақшамда «1989 жылғы Жаңаөзен көтерілісі қалай басталды?» деген мақала жарияланған болатын. Онда 1989 жылдың 16-28 маусым аралығындағы көтеріліске себеп болған Жаңаөзен қаласындағы «Стройтель» клубына қарасты қаладағы жалғыз би алаңында билегісі келмеген қазақ қызын лезгин жігіті шапалақпен тартып жібергеннен басталғанын жазған едім. Көтеріліс нәтижесінде 200-дей адам өліп, кавказдықтар жаппай көшіп кетіп, қазір Жаңаөзен қазақтардың қаласына айналғаны жазылған.

Міне, осындай қақтығыс Алматыдағы қазақ пен түріктер арасында болғанын айтатын кез келді. 1976 жылдың мамыр айында қазақ мемлекеттік физкультура институтының 2-курс студенті, дэюдо күресінен республика чемпионы болған Жұмабек Құлыбаевтың жатақханадағы бөлмесіне сол кездегі студент, кейіннен спорт шебері болған Сапарбек Көбегенов келіп: «Жұмабек, М.Горький паркінің төменгі жағындағы «Малая станиция» деген жердегі елді мекенде түріктер қазақ жастарына күн көрсетпейді екен. М.Горький атындағы парктегі болатын би алаңына қызымен барған қазақ жігіттері таяқ жеп қайтады екен. Әбден шарасы таусылған қазақ жігіттері  кеш түссе, көшеге шыға алмайтын болыпты. Сол аймақтың жігіттері институтқа келіп көмек сұрады» дегенде, Жұмабек: «Сапарбек, сен өз группаңдағы жігіттеріңді жина, мен өз жігіттерімді жинап, кешкісін паркке барамыз» деді.

Жұмабек өзінің курстастарының ішіндегі балуан, боксшы, штангашы жігітерін жинауға кірсіп кетті. Қазалы ауданынан Қуанған Бакенов, Құттық Орналиев, Шәймерден Сарбалаев, Арал ауданынан Көлбай Данабаев, Құрақбай Құдайбергенов, Нағашыбай Сариев, Қызылорда қаласынан Ғанибай Мадалиев, Ерғанай Үмбетов секілді «сен тұр, мен атайын» дегендей сақадай 25 жігітті дайындап, шағын топ-топқа бөлініп, әр көшемен жүріп, кешкі сағат 21:30-де Горький паркіне жақын жерде бас қосқанда, барлығы шеттерінен кеудесінде намыс оты тұтанған 80 жігіт жиналыпты.

Сол жерде Жұмабек Құлыбаев пен Сапарбек Көбегенов курстастарына қысқаша мынадай нұсқау берді. «Жігіттер, қазір шағын топ-тобымызбен парктің шығар аузындағы әр талдың артына екеуден барып тығылып тұрамыз. Түріктер би алаңынан шығып келе жатқанда тұтқиылдан тап беріп ұрамыз. Сосын ешқайсысың да милицияға ұсталып қалмандар. Ұсталсаңдар, институттан шығып кетесіңдер. Біздің міндетіміз милиция рациямен қосымша наряд шақырғанша, түріктерді аямай ұрып тастап, құтылып кетуіміз керек» деп өз сөзін аяқтады.

Би кештеу аяқталып, түріктер тайраңдап шығып келе жатқанда қазақ жігіттері талдардың арасынан атойлап тап беріп, шеттерінен ұрып құлатқан соң, тұрмастай теуіп тастап, келесіне тап беріп, түріктерді лезде тым-тырақай қуып тастайды. Сол кезде қосымша милиция наряды келемін дегенше түріктерді жайпап, үстерінен аттап кетіп, қараңғы көшелермен қашып құтылады.

Жігіттердің риза болған жері, би алаңында тәртіпті сақтау үшін келген қазақ милиция жігіттері іштей риза болған болуы керек, араласқан жоқ. Тек қазақ жігіттері құтылу үшін қаша бастағанда ысқырып, төбелес орнына келе бастады. Міне, физкультура институты жігіттерінің ұйымшыл қимылы арқасында «Малая станиция» аймағындағы қазақтарға үстемдік құрған түріктерден ақысын алып берді. Кейін түріктер сабасына түсіп, қазақтарға тиіспейтін болыпты. Осы төбелестен кейін түріктер тағы да тиіспеуі үшін Физкультура институтының жігіттері сенбі мен жексенбі күндері М.Горький атындағы паркке барып, түріктерді бақылауда ұстады. Осылайша бір жыл бойы қадағалады, ал 1 мамыр мен 7 қарашадағы мереке күндері мен Жаңа жылда түріктерді би алаңына мүлдем кіргізген жоқ.

Сондай бір рейдке шыққан кезде жігіттер суретке түсіпті. Ортадағы сол жақтан үшінші тұрған, мойнында шарфы бар жалаңбас тұрған жігіт – балуан Жұмабек Әлиұлы Құлыбаев.

Міне, осылайша Қазалыдан шыққан екі атақты балуан, спорт шеберлері Сапарбек Көбегенов пен Жұмабек Құлыбаев түріктерге ұмтылмастай соққы беріп, қазақтың жерінде түріктердің тайраңдағанын талқандап тыйып тастаған болатын.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

Қазақстан  және  Халықаралық  Журналистер  одағының  мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: