Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақсуат ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды

22.12.2025, 8:45 63

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданындағы Ақсуат ауылында ауылдық елді мекендерде ерікті өрт сөндіру жүйесін нығайту мақсатындағы «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа бекеттің ашылу рәсіміне аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасұлан Түйменов, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш және азаматтық қорғау саласының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Іс-шарада аудан басшысы ауыл тұрғындарын жаңа бекеттің ашылуымен құттықтап, ауыл тұрғындары мен аудандағы төтенше жағдайлар саласына көрсетіліп жатқан қолдау, материалдық-техникалық тұрғыдан нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып өтті.

— Бүгінде Президентіміздің тапсырмасы негізінде, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен өңірдегі төтенше жағдайлар саласын материалдық-техникалық тұрғыдан нығайтуға айырықша көңіл бөлініп келеді. Бүгін Өздеріңіздің қатысуларыңызбен Ақсуат елді мекенінен өрт сөндіру бекеті ашылып, бекетке заман талабына сай 1 дана өрт сөндіру техникасы да табысталуда. Соңғы 2 жылда ауданға қарасты Қызылқұм, Майдакөл және Аранды ауылдық округтеріне өрт сөндіруші 3 техника табысталса, аудан орталығындағы өрт сөндіру мекемесінің 3 техникасы жаңартылды. Жыл басынан бері ауданымызда 24 өрт оқиғасы болып, былтырғы жылмен салыстырғанда 7 өрт оқиғасына азайған. Болған оқиға орындарына құтқарушылардың дер кезінде жетіп, нәтижелі жұмыс атқаруынан ешқандай қайғылы жағдайлар болмаған. Авариялық құтқару және шұғыл жұмыстарға 139 шығу болған, оның ішінде 56 адамға көмек көрсетілді. Өрт оқиғаларынан 35 тұрғын үй мен басқа да нысандар құтқарылған. Ауылдың амандығы мен тыныштығы әрқайсысымыз үшін маңызды. Ендеше, осы бекетте еңбек ететін өрт сөндіруші мамандарға сәттілік, қызметтеріне табыс тілеймін! Мереке қарсаңында ашылып жатқан жаңа нысан тағы да құтты болсын, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Өрт сөндіру бекетінің ашылу рәсімінде ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген ауыл тұрғындары мен салада жемісті еңбек етіп жүрген төтеншеліктер аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталса, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Алтынбек Сауытбекұлына Қазалы ауданының «Құрмет грамотасы» табысталды. Сондай-ақ бірқатар азамат Төтенше жағдайлар министрлігінің «Алғыс хаты» мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық төсбелгісімен марапатталды.

Ашылу рәсімінде ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасұлан Түйменов сөз алып, ауыл тұрғындары мен төтеншеліктерді жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуымен құттықтады. Ал, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Рзаханов ауыл халқының игілігі үшін істеліп жұмыстарға алғысын жеткізіп, батасын берді.

Мұнан соң қонақтар мен ауыл тұрғындары жаңа өрт сөндіру бекетінің ішін аралап көріп, техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Ғимарат барлық қажетті құрал-жабдықтармен, оның ішінде 1 дана жаңа өрт сөндіру көлігімен, қызметкерлердің жатын және асхана бөлмесімен толық қамтамасыз етілген.

Айта кетейік, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы негізінде Ақсуат ауылындағы ашылған жаңа бекет 6 елді мекенді, 1800-ден астам тұрғынды өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз етеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: