Көрші өзбек елінде жегілікті жігіттер ЛБГТ белсенділерін аңдып жүріп сабап кетеді екен. Ал бізде ЛБГТ насихатына заңмен тосқауыл қойылды. Кеше, 12 қарашада Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұрағат ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ЛБГТ насихатына тыйым салатын түзету қабылдады. Балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау мақсатында педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттайтын ақпаратты жариялауға енді шектеу қойылады. Бұл тыйым әлеуметтік желілерде, фильмдер мен жарнамаларда да қолданылмақ. Түзетулер баланың құқықтары, жарнама, мәдениет, білім, кино, БАҚ туралы тоғыз заңға енгізіледі. ЛГБТ насихатын шектеу мәселесі заңнамалық деңгейде Польша, Литва, Венгрия, Қырғызстан, Грузия және басқа да елдерде қарастырылған.
Қазақстан жұртшылығының немқұрайдылығы салдарынан бұған дейін түрлі айла-шарғы, басқа проблемалармен бүркемелеу, астарлы гендерлік саясат арқылы біржыныстылар бірқатар шаруаларын жылжытып алған. Тіпті А.Цой деген кәріс денсаулық сақтау министрі болып тұрғанда мемлекет есебінен жынысын ауыстыру оталарына рұқсат та беріп жіберіліпті. Мұндай теріс қадамдар түзетілуге тиіс.
Біздің қазақ халқында ЛБГТ сияқты бәтшағарлық құбылыс болған емес. Адам тұрмақ мал арасында мұндай құбылыс байқалса, ондай малды дереу бауыздап, етін жеместен өртейтін немесе көміп тастайтын. Сондықтан қазақ халқы біржынысты қарым-қатынастар насихатына тыйым салу туралы заң нормаларын толықтай мақұлдайды. Бұл біз ондаған жылдардан бері үздіксіз талап етіп келе жатқан заң қағидаттары болатын. Ол қазақ халқының әдет заңдарымен үндесіп жатыр.
Әдет (әдеттегі құқық) заңдары қазақ даласында өмірдің барлық саласын (мүліктік, отбасылық, қылмыстық, әскери ұйымдастырушылық) мәселелерін реттеп отыратын. Қазақта даулы мәселелер әдет заңдарының қисыны бойынша да шешіле беретін. Академик Салық Зиманов көп жағдайда әдет заңдары мемлекет заңдарынан жоғары тұратынын да ескерткен. Сондықтан қазақ халқының жас ұрпақты зиянды нәрселерден қорғау мақсатындағы талаптары Парламент тарапынан ескерілуі өте орынды.
Іс жүзінде гомосексуализм, ЛБГТ – адамзаттың табиғи өсіп-өнуінің жолын кесетін Құдай қарғаған құбылыс. Бұл туралы Құранда да Лұт қауымының жойылуы мысалға алынып көрсетілген. Ол – СПИД сияқты аса қауіпті жұқпалы дерттердің көзі. Ғалымдар зерттей келе оның табиғи емес, алдап, арбау жолымен, тіпті зорлықпен жасалып, күшпен таратылатын әрекеттер екендігін айқындады.
Педофилия дегенді бүгінде жұрттың бәрі біледі. Педофилдерді кішкентай ұл-қыздарға жыныстық зорлық-зомбылық жасайтын психологиялық дімкәс деп қояды, алайда ол ең алдымен – гомосексуалист. Сол педофилдер – ЛБГТ қауымдастығының өз идеяларын күшпен, яғни ұл балаларды зорлау жолымен өз қатарына қосатын агрессивті «гвардиясы». Мамандарға, діни тұлғаларға хабарласып, ішкі мұңын бөлісетін жас жігіттер көбіне бала немесе жасөспірім кезінде осындай жыныстық зорлыққа ұшырағандарын айтады. Сөйтіп ЛБГТ қатарына еріксіз қосылғандарын алға тартады.
Міне, ЛБГТ ешқандай да құқық қорғаушы емес, жас ұрпақты азғындық жолға итермелеуші лаңкестік топ екенін көріп отырмыз. Мұның ең қауіпті тұсы да осы. Өзін ЛБГТ қауымдастығынан, «көгілдірлерден» санайтындар өздерімен өздері болып қойса бір сәрі, олар азғындық дертті өмірлік тәжірибесі жоқ жастарға жұқтырып, қатарын көбейткісі келеді. Ілкі шаруасы мектеп жасына дейінгі балалардың санасын бүлдіруден басталады.
«Стратегия» қоғамдық қорының зерттеуі бойынша респонденттердің 84,2%-ы мемлекет тарапынан дәстүрлі құндылықтарды қорғау бағытында қабылданып жатқан шараларды қолдайтынын білдірген.
Пікіртерімге қатысқандардың 67,3%-ы ЛГБТ насихатын заңнамалық деңгейде шектеуді қолдайды, ал 79,8%-ы ЛГБТ насихаты жастар үшін өте қауіпті деп санайды. Мінеки, қоғамдық зерттеу, мінеки, халықтың ұстанымы мен көзқарасы!
Сондықтан Қазақстанда ЛБГТ қауымдастығы мен олардың әрекеттерін насихаттауға үзілді-кесілді тыйым салатын заңнаманың алғашқы қадамын біз құп аламыз. Қоғам белсендісі, петиция авторы Бағила Балтабаеваның ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағы деректі проза кеңесінің қолдауымен бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатының тақырыбы «Ұлтқа балта шабар ЛБГТ ұйымдарының насихатына жол жоқ!» деп аталуы да ұлт мүддесімен үндесіп жатыр. Игі қадамды Қазақстан Жазушылар одағының мыңға тарта мүшесі толықтай қолдайды.
Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),
жазушы-публицист.
(Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды).
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!