Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы Сыр шаһарында сәтті жүзеге асырылуда. Берекелі іске барлық мекеме ұжымдары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, волонтерлер мен жастар және тұрғындар белсенді қатысып келеді. Олар қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге, азаматтық жауапкершілікті арттыруға, экологиялық сана қалыптастыруға ынталы және ниетті. Соның нәтижесінде қоғамдық игілікке қауымдасып атсалысу ортақ мүддеге айналды.
Бүгінгі күні қала аумағында 33 сквер-аллея және саябақтар мен демалыс орындары болса, халыққа қолайлы жағдай туғызу үшін солардың әрбірі күтімге алынып, жаңғыртудан өтуде. Соның бірі – Қорқыт ата мемориалды аллеясы.
Аймақ басшысының тікелей қолдауымен толық жаңғырту жұмыстары жасалған аллея ажарланып, келбеті көріктенді. Аумағы 39 мың шаршы метрді құрайтын саябаққа субұрқағы, спорт пен ойын алаңдары салынып, жарықшамдары орнатылды.
Жобаны жүзеге асыруға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Қайта жаңғыртылған Қорқыт ата мемориалды аллеясы енді тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті орнына айналатыны сөзсіз.
Бүгін жаңарған аллеяға ел ағалары, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, қала тұрғындары жиналды. Мұнда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасына белсенді қатысқан коммуналдық сала қызметкерлерінің, Қорқыт ата мемориалды аллеясын жаңғырту жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме мамандарының еңбегі еленіп, қала әкімі Нұржан Ахатов алғыс хаттар табыстады.
– Сіздерді тарихы терең туған өлкеміздің ғасырлық тойы және «Қала күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Өздеріңізге белгілі, аймақ басшысының қолдауымен бұған дейін 6 млрд 500 млн теңгеге қалалық мәдени-демалыс паркі жаңғыртылып, халық игілігіне берілген еді. Қазіргі уақытта 15 млрд теңгеге Президент саябағы қайта жаңалануда. Мұнда 10 млрд теңгеге жылдың 4 мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері бой көтеруде. Саябақта 5 млрд теңгеге Ботаникалық білім беру орталығының ғимараты салынуда.
Жоспарымыздағы мегажоба – Президент саябағы мен Астана шағын ауданын байланыстыратын, құны 9 млрд теңгеге Сырдария өзені үстінен жаяу жүргіншілер көпірі түседі.
Жергілікті бюджет есебінен 1,3 млрд теңгеге 20 көпқабатты үйдің аулалары абаттандырылып, оның аясында 19 футбол, 25 жаттығу, 21 балалар ойын алаңы және 13 демалыс орны салынуда. Бұл нысандар жақсы істердің жалғасы, жаңашыл жобаларымыздың бастамасы болғай, — деді Нұржан Сәбитұлы.
Іс-шара соңында шаһар басшысы ел ағаларына, қоғам қайраткерлеріне, ардагерлерге аллеяда жасалған жаңашыл жұмыстардың нәтижесін таныстырды.
Айта кету керек, жаңғырған Қорқыт ата мемориалды аллеясы «Қала күні» мерекесі қарсаңында ашылған болатын. Бұл қызылордалықтардың бос уақытын тиімді өткізетін жайлы және саялы орынға айналды.
Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!