Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Діни тұрақтылық – қоғам дамуының кепілі

25.09.2025, 7:30 164

HALYQLINE.KZ

Қоғамның тыныштығы мен елдің бірлігі, ең алдымен, діни тұрақтылықпен өлшенеді. Бейбіт өмірдің іргесін шайқалтатын кез келген діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екені анық. Қызылорда қаласында бұл бағытта жүйелі жұмыстар тұрақты түрде жүріп жатыр. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы билік, құқық қорғау құрылымдары мен қоғамдық ұйымдар күш біріктіріп, тұрғындардың діни сауатын арттыруға, заң аясында түсіндіру жұмыстарына басымдық беруде. Соның арқасында қаладағы діни ахуал тұрақты сипатқа ие деуге негіз бар.

Қоғамның тыныштығы мен елдің бірлігі – халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді дана халқымыз. Ал сол бірліктің басты кепілі – діни тұрақтылық. Өйткені бейбіт өмірді шайқалтатын кез келген діни экстремизм мен терроризм – мемлекеттің де, қоғамның да іргесіне сызат түсіретін қатер. Сондықтан да бұл бағыттағы күрес – құқық қорғау органдарымен қоймай, барша азаматтың ортақ парызы.

Қызылорда қаласында осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау құрылымдары, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар өзара үйлесімді әрекет етуде. Негізгі мақсат – тұрғындардың діни сауатын арттыру, заңды түсіндіру, жастардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру. Бұл ретте ата-бабамыздан жеткен «Отанды сүю – иманнан» деген ұлағатты сөз ерекше мәнге ие.

Қазіргі уақытта Қызылорда қаласы аумағында 7 конфессияны қамтитын 32 діни бірлестік ресми түрде тіркелген. Олардың басым көпшілігі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттер. Барлық діни ұйым «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң шеңберінде қызмет атқарып келеді.

Діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі – діни мазмұндағы әдебиеттерді таратуға қойылатын заңдық талаптардың сақталуы. Осы мақсатта қалада діни әдебиет сататын дүкендерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Қоғамдық даму бөлімі тарапынан бұл бағыттағы тексерістер жүйелі жүргізіліп, заңсыз таратылымға жол берілмей отыр.

Қазіргі заманда жастардың негізгі ақпарат көзі әлеуметтік желі екенін мойындамасқа амал жоқ. Сол себепті, бұл кеңістікте де діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары назардан тыс қалған емес. Facebook, Instagram, TikTok, Telegram, ВКонтакте және YouTube желілеріндегі ашық әрі жабық топтар мен парақшалар тұрақты түрде қадағаланады.

Қала әкімдігі әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар ашып, қоғамды сақтыққа шақыратын бейнероликтер, постерлер, мақалалар жариялап келеді. Әрбір контент КОНТР ақпараттық жүйесінде мақұлданып, көпшілікке ұсынылады.

Жыл басынан бері қалада діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған бірқатар әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Қала көлемінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған насихаттық шараларды ұйымдастыру» және «Облыс тұрғындары арасында дін қызметкерлерінің қатысуымен діни ағартушылық жұмыстарын жүргізу» жобалары ерекше.

Аталған бастамалар аясында РАТТ және РАНТ мүшелері Нұрсұлтан Мамедалиев, Елдос Жұмаділда, Сәкен Алдашбаев түрлі аудиториямен кездесулер өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл іс-шаралар қоғамның сан алуан топтарын қамтыды. Дәлірек айтқанда, жұмыссыз жастардан бастап, базар саудагерлері мен өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға дейін, маргиналды топтар мен студенттерден бастап, сотталғандар мен олардың жақындарына дейін, сондай-ақ еңбек мигранттары, ауыл тұрғындары, спортшылар, мәдениет пен медицина саласының өкілдері де назардан тыс қалған жоқ. Тіпті ардагерлер үйінің тұрғындарымен де жеке кездесулер ұйымдастырылып, олардың діни сауатын арттыруға бағытталған әңгімелер өрбіді.

Зайырлы мемлекет құндылықтарын насихаттау мақсатында қала мешіттері қызметкерлері мен жамағаты арасында кіші футболдан «Теңбіл доп» ойыны ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ұлттық, мәдени және отбасылық құндылықтарды дәріптейтін бейнероликтер әзірленіп, әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таратылуда.

Қызылорда қаласында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы іс-шаралар кешенді әрі жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстардың ауқымы кең. Әлеуметтік желілердегі күнделікті мониторингтен бастап, тұрғындарға арналған нақты әлеуметтік жобаларды іске асыруға дейінгі бағыттарды қамтитынына куә болдық. Осындай кешенді іс-шаралардың түпкі мақсаты айқын – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, халықтың санасын теріс идеологиядан қорғау, әсіресе жастарды радикалды ағымдардың ықпалынан алшақ ұстау.

Ең бастысы, бейбіт өмір мен ынтымақтың қадірін жете ұққан қала тұрғындары да бұл бастамаларды қолдап, ортақ жауапкершілікті сезініп отыр. Әрбір азамат діни тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға өзіндік үлесін қосу қажеттігін түсіне бастады. Осылайша Қызылорда қаласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар тек бүгінгі күнмен қатар, болашақтың да тыныштығына жасалған сенімді әрі нақты қадам болып отыр десек, артық айтқанымыз емес.

А.ЖАЙШЫЛЫҚ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: