Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Азат» қозғалысына – 35 жыл

13.08.2025, 9:15 184

HALYQLINE.KZ

Биылғы тамыз айының басында Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескен «АЗАТ» азаматтық қозғалысының құрылғанына 35 жыл толды. Осынау оқиғаға байланысты сол бір кезең туралы ойымызда қалған естеліктермен бөліскім келеді.

Кеңестік кезеңнің соңындағы елеулі өзгерістер Совет Одағы Коммунистік партиясының 1986 жылы ақпан-наурызда өткен ХХVІІ съезінен басту алады. Экономика тұралап бара жатты. Етік алу үшін жұрт ЦУМ-ға түнгі сағат үште барып кезекке тұратыны есте. Экономикалық реформа жүргізу үшін идеологиялық негіздер қажет болатын. Сондықтан әлгі съезде ұсынылған «Жариялылық, Қайта құру, Жеделдету» ұрандары қоғамда төңкерісті ойлар туғызды. Коммунизм құру туралы утопиялық жоспарлар нарықтық қатынастардың мызғымас жартастарына барып соғылды. Жариялылық қадамдары сталиндік биліктің қатыгездіктерін айыптады. Демократиялық өзгерістерге құлшыныс Қазақстанда 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін туғызды.

1987 жылы 28 мамырда Совет Одағының мызғымас күш-куаты туралы аңыздың күлін көкке ұшырған оқиға болды. Герман Федеративтік Республикасының 19 жастағы әуесқой ұшқышы Матиас Руст кеңестік күллі әскери әуе қорғанысы күштерін қапы қалдырып Мәскеудің қақ ортасына – Қызыл алаңға келіп қонды. Бұл шекарасынан жорғалаған тышқан өткізбейтін Кеңес Одағының қырағылығын шаң қаптырған оқиға кеңестік жүйенің беделін талқан етті. Адамдар одаққа сын көзбен қарайтын болды.

1988 жылы 1 шілдеде СОКП ХІХ конференциясында конституциялық реформаны жүзеге асыруға, Совет Одағында депутаттарды баламалы түрде сайлауға, президенттік билік енгізуге қатысты қарарлар қабылданды.

1989 жыл Қазақстан үшін елеулі өзгерістер жылы болды. Қазақ халқы үшін маңызды үш оқиға болды. Бірінші, Тіл туралы заң қабылданды. Екінші, Алаш арыстары ақталды, үшінші, «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Сондай-ақ астыртын Қазақстанның тәуелсіздік партиясын (ҚТП) құру жұмыстары басталды.

Алматы қалалық құрылыс жоспарлау мекемесінің директоры Нұрбақыт Қойшыбековтің кабинетінде қоғамдық 17 ұйымның өкілдері қатысқан жиындар өтіп, Қазақстанның тәуелсіздік партиясын құрудан гөрі Балтық жағалауы елдеріндегі «Саюдис» сияқты халықтық қозғалыс құрудың тиімділігіне көз жеткізілді.

1990 жылы шілденің 31-і мен 1 тамызда Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиет үйінде алғашқы құрылтайы өткізіліп, «Азат» азаматтық қозғалысы дүниеге келді.

«Азат» азаматтық қозғалысы ұлттық қоғамдық-саяси ұйым болды. Басты мақсаты – бағдарламасында «Халықаралық Одақтық шартпен біріккен ерікті де тәуелсіз жаңа қоғамдастық шеңберінде Қазақстанның шынайы мемлекеттік егемендігіне қол жеткізу» деп белгіленілді. Ол кезде толықтай тәуелсіздік біртіндеп жететін мақсат ретінде қарастырылды.

Құрылтайды тарих ғылымдарының кандидаты Сәбетқазы Ақатаев, партиялық жолдан шығып, күрес жолына түскен Қазақстан КП Алматы қалалық комитетінің бұрынғы екінші хатшысы Марат Шорманов және сәулетші Нұрбақыт Қойшыбеков жүргізіп отырды.

Қозғалыстың жеті тең төрағасы сайланды. Олар: Сәбетқазы Ақатай, Нұрбақыт Қойшыбеков, Марат Шорманов, Михаил Есенәлиев, Жасарал Қуанышәлі, Гүлжихан Биболдинова және Геннадий Головастиков.

Ал Жағда Бабалықов, Мардан Бәйділдаев, Мақаш Тәтімов, Камал Ормантаев, Әмина Нұғыманова сияқты аға буын өкілдері «Азаттың» Ақсақалдар алқасының құрамына сайланды.

Сол жылдарда Орал Сәулебеков, Сайын Шапағатов, Дәурен Сатыбалды, Хасен Қожахмет, Айсұлу Қадырбаева, Серік Ерғали, Сағат Жүсіп, Асқар Сырғабаев, Рахат Алтай, Самат Сақалұлы, Гүлшат Еру және тағы басқа ондаған азамат қозғалысқа белсене атсалысты.

«Азат» азаматтық қозғалысы Қазақстандағы демократиялық үдерістердің бастауында тұрды.

«АЗАТ» газетінің алғашқы екі санын журналист Марат Тоқашбаев шығарды. Кейін газетке Батырхан Дәрімбетов жетекшілік етті. Алайда ол өзі шығарған нөмірлерді қайтадан бірінші саннан бастады.

«Азат» азаматтық қозғалысы 1990 жылы Қазақстанның егемендік декларациясының баламалы жобасын жасады. Ол «Азат» газетінің 1 қазандағы санында жарияланды.

ГКЧП бүлігі кезінде төңкеріс жасауға талпынған бүлікшілердің қылмыстық әрекетіне саяси баға беріп, оған қарсылық акцияларын ұйымдастырды. «Алатау» телеарнасының директоры Айтан Нүсіпханның батыл рұқсатымен Ж.Қуанышалин, М.Тоқашбаев және Д.Көшім тікелей эфир арқылы ГКЧП-ның бүлікшілдік сипатын әшкереледі.

Мемлекеттік тілді қолдауға байланысты Үкімет үйі алдында бейбіт митингілер өткізді.

«Азат» азаматтық қозғалысы 1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан көтерілісіне саяси баға беруді және сотталған Желтоқсан қаһармандарын ақтауды талап етті. Соған байланысты түрлі акция, пикеттер мен бейбіт шерулер өткізді. Бірқатар көтерілісші босатылды да.

«Азат» қозғалысы Оралдағы казак-орыстардың жоспарлаған патшаға қызмет етуінің 400 жылдығына тойтарыс беріп, тойлатпай тастады. Оған құрамында А.Зейнуллин, О.Сәулебай, Ж.Қуанышәлі, А.Қадырбаева, Н.Оразбаев, Д.Сатыбалды, С.Ерғали сынды белсенділер бар жүзден астам қозғалыс мүшелері қатысты.

«Азат» азаматтық қозғалысының М.Есенәлиев, А.Асылбеков, Ж.Кенебай, А.Сырғабаев, А.Үсібалиева, Ж.Абдуллаева, Н.Әлімұлов, Ш.Жалжанова, Р.Алтайұлы, С.Сақалұлы, Г.Еруова сияқты белсенділері Семей ядролық полигонын жабуға бір кісідей атсалысты.

Жазушы Қалмұқан Исабаев бастаған құрамында А.Асылбеков, Бикеш Дүрменова, Светлана Қондыкерова, Б.Дәрімбет, Д.Сатыбалды бар азаттықтар басқыншы Ермак қарақшының Павлодар қаласында тұрған ескерткішін алдыртты.

Хасен Қожа-Ахметтің ұйымдастыруымен азаттықтар Алматыда тұрған қызыл чекист Дзержинский жауыздың ескерткішін күшпен алдыртты.

«Азат» азаматтық қозғалысы шын мәнінде ұлттық саяси қозғалыс бола білді.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң «Азат» қозғалысы миссиясын орындаған қоғамдық ұйым ретінде өз қызметін тоқтатты.

Суретте: «Азат» азаматтық қозғалысын алғаш құрушылар. 1989 жыл. Наурыз-сәуір.

Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

Фейсбуктегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: