Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Саламатты ауылданбыз

07.08.2025, 17:20 227

HALYQLINE.KZ

Арал ауданы орталығынан шалғай орналасқан, түтіні түзу, бірлігі мен тірлігі жарасқан Жаңақұрылыс ауылы тұрғындары үлкен қуанышқа бөленуде. Салт-дәстүрімізді, саламатты өмір салтын ұстану жөнінде ауыл ардагерлері, орта буын азаматтарының басты қағидасы – жастарға үлкенді сыйлау, алдынан кесе өтпеу, алдына түспеу, үлкендердің ықыласы мен батасын, ризалығын алуға тырысу, «жұрт алдында әдепті бол, жақсы мінез-құлқыңмен өзгелерге өнегелі әсер қалдыр, көптің ортасында өзімбілермендікке салынба, дөрекі мінез, дөң қабақ көрсетпе, қайырымды, мейірімді, кішіпейіл, кешірімді, ата-анаң мен ел-жұртыңа, отаныңа адал бол» деп ұрпағымыға өнеге айтып, іштарлық, қызғаншақтық, көреалмаушылық және ішімдіктен аулақ болу. Ішімдік жүрген жерде ұрыс та болады, отбасы да бұзылады, ұрлық та болады, елдің бірлігі мен тірлігі болмайды. Айналып келгенде өзің азап шегесің, мәпелеп өсіріп отырған әке-анаңның кеуіліне айықпас жара салып, келешек опа бермейтіндігі түсіндіріліп келеді. Бүгінгі күні осындай ұлағатты сөздерді естіп, ата-аналарыңның қабағына кір шалдырмай, саламатты өмір салтын ұстап келе жатқан ауылдың орта буын және ауыл жастары ауылымздың мақтанышына айналды. Мақтанышқа айналғаны емес пе, Жаңақұрылыс ауылының аудан бойынша саламатты ауыл атануы, ауылдың ауызбіршілігінің арқасында жастарымыздың келешегінің кемелденгені.

Сәрсенбінің сәтінде Арал аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Тасқынбаев Нұртай Ілиясұлы, Арал ауданы прокуратурасының аға прокуроры Жанесенова Ақмарал Оңталапқызы, учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Ізмағанбетов Ғалымжан Жомартұлы және де басқа мобильді топ өкілдері келіп, ауыл ардагерлері, ауыл тұрғындары, мекеме басшыларымен кездесті. Арал аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Нұртай Тасқынбаев Жаңақұрылысқа келу себебін айтты. «Жаңақұрылыс елді мекенінде статистикаға қарасақ, соңғы 5 жылда ешқандай қылмыстық іс тіркелмеген. Осы себепті ауылға келіп, сіздермен жүздесіп, ой-пікірімізді бүкпесіз бөліссек. Саламатты ауыл тізбесіне кіру әр ауылға бұйыра бермейді» деп, игі істерге тілектестігін білдірді. Аудан прокуратурасының аға прокуроры Ақмарал Оңталапқызы саламатты ауыл атануына себепші болып отырған ауыл тұрғындарының ауызбірлігі, ауыл ардагерлерінің ұлағатты, өсиетті сөздері, отбасынан алған тәрбиесі мен үлкендердің сөзін тыңдай білген ауыл жастарына алғысын айтты.

Ауыл азаматы Темір Ашығалиев ауыл жастарының бағыты жақсы, ешқандай жағымсыз әдеттер болмайтынын алға тартты. «Тойға және де басқа қуанышты істерге жеткен балаларымызды үйде уайымдамай отырамыз, өйткені оларға сенеміз, жағымсыз әдеттер жасамайтындығына. Жастарымыз спортпен айналысады, және де учаскелік инспектор, полиция майоры Ғалымжан Жомартұлына үлкен рақмет, ауыл жастарымен тығыз байланыста болады» деді ол.

Ал, ауыл ардагерлері келген қонақтарға рақметін айтып, олардың ел алдында абыройы асқақтап, келешегі кемел, еңбегі жемісті бола беруіне және біздей саламатты ауыл елімізде көбейе берсін деген тілектерін білдірді.

Сердалы  ШАЛБАЕВ,

Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: