Бүгін Наурызнама онкүндігінің «Жаңару мен жаңғыру» күні аясында Сырдария ауданы орталығында ағаш отырғызу акциясы өтті. Экологиялық акцияға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» патиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы және қоғам белсенділері мен аудан тұрғындары атсалысты. Олар өз қолдарымен жас көшеттер отырғызып, туған жердің табиғатын көркейтуге үлес қосты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ресми ақпарат таратты.
Жаңғырудың жаңа лебі көктемдік көшеттер «Жастар Аллеясы», «Сыр Сұлуы» паркі, «Тағзым алаңы» және ауданның барлық аймағына отырғызылды. Аудан басшысы бұл бастаманы зор ықыласпен қолдап, аудан тұрғындарын туған жердің көркеюіне үлес қосуға шақырды.
– Бүгін біз туған жерімізді көркейту мақсатында, «Жаңару мен жаңғыру» күні аясында ұйымдастырылған ағаш егу акциясына жиналдық. Бұл – тек экологиялық іс-шара ғана емес, сонымен қатар, келер ұрпаққа жасыл желекке оранған, таза орта қалдыруға деген жауапкершілігіміздің айқын көрінісі. Табиғатты қорғау – әрқайсысымыздың ортақ парызымыз. Ата-бабамыздан «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақыл сөз бар. Ағаш егу – ғасырлардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан игі дәстүр. Бүгін отырғызылған әрбір көшет ертең саялы ағашқа айналып, айналамызды көркейтіп қана қоймай, табиғаттың тепе-теңдігін сақтауға үлес қосады деп сенемін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Акция қорытындысы бойынша аудан аумағында 1000-нан астам жас көшет егіліп, жаппай көркейту, көгалдандыру, әктеу жұмыстары жүргізілді. Аудан тұрғындарын тазалық сақтауға шақырамыз!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!