2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Бұл бастама еңбек нарығындағы маңызды жұмысшы мамандықтарына деген сұранысты арттыру, жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға ынталандыру, сондай-ақ жұмысшы кадрлардың біліктілігін жақсарту мақсатында қолға алынған. Жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңыздылығын арттырып, мамандардың кәсіби деңгейін көтеру және жастарды сапалы мамандықтарға дайындау арқылы ел экономикасына оң әсер ету көзделуде.
Кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Жұмысшы мамандықтары жылы» туралы Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің әдіскері Нұрмағанбет Айтбай және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Сәулет және құрылыс өндірісі» БББ жетекшісі, т.ғ.к. Гүлназ Жакапбаева өз ойларымен бөлісті.
– Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы үлкен маңызы бар қадамдардың бірі болды. Қазіргі уақытта мемлекетті дамытуда жұмысшы мамандардың рөлі айтарлықтай жоғары. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы елдің экономикалық негізін қалыптастыруда басты орынға ие. Экономиканың тірегі болып табылатын ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін жастардың саны артып келеді. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарды қолдау шаралары да үнемі назарда ұсталып, олардың маңыздылығы арттырылуда. Жастарды кәсіби бағыттау және жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыру мақсатында түрлі оқу бағдарламасы мен оқу орындарына қолдау көрсетілуде. Бұл қадамдар еліміздің еңбек нарығын дамытуға және болашақта қажетті мамандарды дайындауға зор үлес қосады, – деді Нұрмағанбет Оразбайұлы.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бұл бастаманы қолдап, жұмысшы мамандық иелерін даярлау мен қайта даярлауда белсенді жұмыс жүргізуде. Университет инженерлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс, IT және өндірістік технологиялар салалары бойынша білім беріп, студенттерді тәжірибелік оқытуға басымдық береді.
– 2025 жылды ел Үкіметі жыл сайынғы стратегиялық бастамаларды іске асыру аясында «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті де осы бастамаға белсене қатысып, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын кеңінен насихаттауда. Жас мамандарды кәсіптік бағдарлау және жұмысшы мамандықтарға қызығушылықты арттыру мақсатында университетте түрлі көрме, семинар мен форум ұйымдастырылып, осы салалардың маңыздылығы көрсетілуде. Қызылорда облысында жұмысшы мамандықтарын игерген жастарға «Жұмыспен қамту жол картасы» және «Даму» мемлекеттік бағдарламалары аясында түрлі грант ұсынылып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңейтілді. Алдағы уақытта құрылыс саласын жандандыру мақсатында бірнеше іс-шара жоспарланып отыр. Жалпы, жұмысшы мамандықтары жылы Қызылорда облысында кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, жастарды еңбек нарығының қажетті мамандықтарына тарту бағытында маңызды қадам саналады. Бұл іс-шаралар аймақ экономикасының дамуына және жастардың жұмысқа орналасуына оң әсерін тигізетініне сенімдіміз, – деді Гүлназ Абсадыққызы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!