Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

29.01.2025, 17:25 136

HALYQLINE.KZ

Бүгін Жалағаш ауданында осы тақырыпты форум өтіп, оған аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысты, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Күн тәртібінде қоғамда адал әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу мақсатында жастардың халық болмысына жат идеялардың жетегінде кетпеуіне, күйзеліске түспей, нигилизмге бой алдырмауының алдын алу айтылды. Қоғамда құқықбұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бірлесе атқаратын іс-шараларды айқындау мәселелері қаралды.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов өз сөзінде:

«Ел Президентінің 2025 жылы 9-сыныпты бітірушілердің жұмысшы және орта буын мамандықтары бойынша білім алуына ниетті жастарды 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамту тапсырмасына орай ауқымды жұмыстар қолға алынды. Жұмысшы мамандықтарға байланысты білім беру ұйымдарында онкүндік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Колледжге жұмысшы мамандықтарға гранттар берілуде. Осылайша, біз жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маманды қалыптастыра аламыз.

Жыл қорытындысымен аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасып, оның ішінде білім саласына қомақты қолдау көрсетіліп отыр.

2022 жылы Балалар жылы аясында 200 орындық Оқушылар Үйі мен 50 орындық Өнер мектебі пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 428,9 млн теңге бөлініп, Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары, облыстық бюджеттен 78 млн теңге бөлініп, Таң ауылындағы №118 орта мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Қазақстан халқына» қоры есебінен 250 млн теңге қаржы бөлініп, Жалағаш кентінде орналасқан №201 мектеп-лицейінің материалдық-техникалық базасын жаңарту және педагогтарды оқыту жұмыстары жүргізілді.

Жақын күндері аудан орталығынан жастарға қызмет ететін Спорт кешені мен Руханият орталығын ашу жоспарлануда», – деді.

Форумды аудан прокуроры Шыңғыс Есжанов жүргізді. Форумда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Алиев, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, Жалағаш ауданының түлегі Гүлзат Көбек, Жалағаш аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Өсер Мәулен, «Сенімен Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының басшысы Шәкизат Қаратайұлы және оқу үздігі, №32 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Мамырбай Бағдәулет өзекті тақырыптарда баяндама жасады.

«Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» форумы қорытындысымен оқушылар тарапынан пікір алмасулар болып, ұсыныстар тыңдалды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: