Кеше Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Әжібеков бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен жылы салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 15 млрд 181,4 млн теңгені құрады. 8298 гектарға ауыл шаруашылық дақылдары егіліп, негізгі дақыл күріштің 3856 гектарынан 19 858,4 тонна өнім алынды. Егілген 368 гектар бидайдан 379 тонна өнім, 130 гектар картоптан 1625,0 тонна, 1329 гектар көкөністен 16 612,5 тонна, 990 гектар бақшадан 13 464,0 өнім жиналды. Ал, мал шаруашылығы бойынша 2 591,9 тонна ет, 3 556,3 тонна сүт, 777,1 мың дана жұмыртқа өндірілді. Жалпы, қала бойынша мүйізді ірі қара 23 158 бас, уақ мал 28 562 бас, жылқы 16 256 бас, түйе 2 917 бас, құс 16 344 бас өсірілуде.
Қала тұрғындарын көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар биыл да жалғасады. Ақжарма мен Қарауылтөбе ауылдық округінен маусымдық кезеңге картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егуге 10 гектардан барлығы 20 гектар (әр отбасыға 10 сотық) егістік жер бөлінетін болады.
Есепті мерзімде жер телімдеріне қатысты 46 жер комиссиясының отырысы өткізіліп, барлығы 3251 құжат қаралды, оның ішінде 1578 өтініш бойынша оң хаттамалық шешім қабылданып, 1673 өтініш бойынша заң талаптарына сәйкес келісім беруден бас тартылды.
Өткен жылы жер учаскесін нысаналы мақсатына сай игермеген кәсіпкерлік мақсатында 894 жер учаскесі анықталды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы көлемі 917 гектарды құрайтын 8 жер учаскесі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Сонымен қатар, жайылымдық мақсатында игерілмеген 894 жер учаскесінің пайдалануына жүргізілген мониторинг нәтижесімен көлемі 75 437,72 гектарды құрайтын 744 жер учаскесіне мал басы тіркелді. Қалған 150 жер учаскесі бойынша меншік иелерін нақтылап, мал басын тіркету жөнінде жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, көлемі 4,39 гектарды құрайтын мемлекет меншігіндегі жерді заңсыз иеленген 79 тұлғаға әкімшіліктік жазалау шаралары қолданылып, 12 829 700 теңге әкімшіліктік айыппұл салынды.
– Жалпы, Қызылорда қаласы бойынша 70 518 азамат жер кезектілігіне тіркелген. 2005 жылы кезектілікте 11 163 азамат тіркелген болса, оның ішінде қалған 2 387 азаматқа жер учаскелерін табыстау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Қызылорда қаласында пайдаланылмай жатқан жер учаскелерінің игерілуі бойынша талдау жұмыстары жүргізілуде. Бөлім мамандары мақсатына сай уақытылы игерілмеген жер учаскелерін анықтап, заң талабына және тиісті алгоритмдерге сәйкес мемлекетке қайтару жұмыстарын жүргізуде. Аталған мемлекетке қайтарылған жер учаскелерін келесі кезектегі азаматтарға табыстау мүмкіндігі артады, – деді бөлім басшысы Мейрамбек Темірханұлы.
Айта кету керек, 2024 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 140 маманға 51,6 млн теңге көтерме жәрдемақы және 50 маманға 369,2 млн теңге бюджеттік несие берілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!