HALYQLINE.KZ Жақында ағам екі жүз теңгеліктің тиынын (темірін) әкеліпті. «Міне, жаңадан шыққан түрі» деп үйдегілерге көрсетіп жатыр. Жүз теңгеліктен өзгеше шыққан, дизайны да ерекше. Бірақ, мен қабылдай алмадым. Біртүрлі күйге түстім. Неге? Тиынның үлкені жүз теңгелік емес пе еді? Ақшаның құнсызданғанына емес, жүз теңгелік тиынның бір саты төменденгеніне көңілім күпті болды.
Мұның сыры – балалық шағымның ең бақытты күндерінде еді.
Мен қаһарлы қыс қылышын сүйрей бере дүниеге келіппін. Дәлірек айтсам желтоқсанның үшінші жұлдызы. Қыс деген аты болмаса, бұл айдың басы оңтүстікте қар жаумақ былай тұрсын, мұз да қатпайды десем қателеспеймін. Егіншілікті кәсіп қылған ауылдың тұрмысы осы мезгілде ақырын тұралайтыны бар. Сондықтан болар, менің туған күнім отбасыммен де, сыныптастармен де аста-төк тойланған емес. Ес біліп, мектеп бітірген соң, жора-жолдастан ұялып кафе жағалауды шығардық. Қыз-қырқын мен ығы-жығы достарым туған күнімді өткізіп, мәз-мейрам болып жүрсек те, менің ең бақытты шағымды қайталаған емес.
Ол кезде даярлық сыныпта оқимын. Мектепте мұғалима мені туған күніммен құттықтап бетімнен сүйді. Аналық мейірімді екінші адамнан сезгенде біртүрлі көзіме жас келді. Балалық ғой, сол қуаныштың көз жасымен үйге келдім. Алдымнан күтіп алған әкем:
– Әй, балам, бұның не? Жылағаны несі?
– Көке, менің бүгін туған күнім бе? – деп, әкемнің сұраулы жүзіне қарадым.
– Иәәәә… соған бола адам жылай ма екен? Әкем бетімнен сүйіп, Қапсыра құшақтап аспанға көтергенде, мен үшін ең биік шарбақ саналатын көрші мен біздің үйдің ортасындағы шарбақтың арғы жағын көрдім. Бала көңілге бұдан артық ғажап бар ма!?
Әкем ойланып тұрды да, қалтасынан жүз теңгелікті шығарып қолыма ұстатты. Екі мыңыншы жылдардың басында тоқыраудан енді көз ашқан ауылдың баласы үшін жүз теңге өте көп ақша болатын.
– Бұл маған ба? – Әлі де сенбей тұрмын.
– Иә, Қанат. Мектепте тәтті алып жейсің.
Болды. Бітті. Сол күні мен ең бай адам болдым. Көшеде ойнап жүріп тиынымды қайта-қайта қалтамнан тексеремін. Ақырында мазасызданып, анама алып барып бердім. Шыға бере анамның өз-өзіне: мұнша ақшаны балаға ұстата салғаны қалай?» деп сөйлеп жатқанын естідім. Маған ертерек бір күн өткізіп, мектепке бару керек. Бойымды мақтан билеп, балаларға жүз теңгелікті көрсетіп жатқан кезімді көз алдыма елестеттім.
Таңертең мектепке жиналып жатқанымды көрген анамның алғашқы сөзі:
– Оқымыстыға ұқсап ерте жиналдың ғой, ұлым?
– Мама, мектепте коржик кейде ерте бітіп қалады. Мен бірден жүз теңгеге бес теңгелік коржиктерді алуым керек, – деп, бар ойымды жайып салдым. Екінші ауысымда оқитын екі ағамның тырқылдап ұйқылы-ояу күліп жатқанын естідім.
Әншейінде он бес минут жүретін жолымды бес минутта жүріп бардым. Бірінші Мұхаммедті табуым керек. Мұхаммед – жаңадан қаладан ауылға қоныс тепкен ауқатты отбасының баласы. Ол ылғи асханандан не алса да менімен бөліседі. Біздің достығымыз бен сыйластығымыз әлі күнге сол қалпында. Сонымен аржағы айтпаса да түсінікті ғой. Асқазан күпті болғанша Мұхаммед екеуміз тәтті жеп, ақырын сыныптас балаларға тараттық. Бәрінің аузында мен: «Қанат бүгін жүз теңге жаратты»
Осыншама бақыт сыйлаған жүз теңгелік тиыннан екі жүз теңгелікті көп дей алам ба?! Үйге екі жүз теңгелікті таныстырып жатқан ағам менің тәтті естелігімді білмей отыр ғой. Дүкеннен артылған ақшамды қайтарып бергенде де жүз теңгелік етіп ұсақтап алатыным бар. Еріккеннің ісі сияқты болғанымен, бұл менің әкем сыйлаған бақытты ұмытпауыма себепші. Осы күні жүз мыңдап айлық алсақ та, дәл сол күнгідей берекелі болған емес. Себебі, қалаған затттарымды алуға еш жетпейді. Қанша таудың шыңына шықсам да, әкем көтерген биіктіктен аса алмады. Өйткені, ешқандай қырдан көршінің үйін көре алмаймын. Көңіл тоқ екен ғой сол кезде. Осы күні жұрттар секілді бастықтың «креслосын» емес, балалықтың бал күніне аңсарып ауып жүр.
Әлеуметтік желіден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!