Арал ауданы әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аудан аумағындығы тазалық мәселесіне қатысты арнайы мәжіліс өтті, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда ел Президентінің «Таза Қазақстан» акциясы аясында көркейту-көгалдандыру, сенбілік жұмыстары ұдайы жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Десе де аудандағы тазалық мәселесі көңіл көншітпейді.
– Бұл мәселеге қатысты жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізіп, қала, кент және ауылдық округтердегі тазалық мәселесін үнемі айтып келемін. Тазалыққа қатысты жұмыстар ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Бірақ қаланың көзге көрінер жерлеріндегі сұрықсыз көріністер бітетін емес. Өздеріңіз білетіндей, алда түрлі ауқымдағы маңызды іс-шаралар легі келе жатыр. Сырттан келетін қонақтар бар. Халыққа жағымды көңіл күй сыйлау үшін тазалық мәселесі өте маңызды екенін мен айтпасам да жақсы білесіздер. Сондықтан апта сайынғы сенбіліктер көзбояушылықпен жасалмауы керек, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң қаладағы секторлар мен нысандардың жай-күйіне жасалған мониторинг жұмыстарының нәтижесі арнайы слайд арқылы көрсетіліп, аудан әкімі көзге ұрып тұрған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде қалпына келтіру жөнінде жауаптыларға бірқатар тапсырма берді.
Қала көшелеріндегі кейбір істен шыққан жарықшамдарды қалпына келтіру, қоғамдық орындардағы кемшіліктер мен жол белгілеріне қатысты олқылықтарды реттеу және қаладағы кейбір көрнекі ақпарат құралдарының уақытылы жаңартылып тұруына қатысты бірқатар мәселені назарға алып, осы және өзге де кемшіліктермен жұмыс жүргізуді құзырлы мекеме басшыларына жүктеді.
Аудан аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының қазіргі жайын бағамдап, жұмыстар жоспарға сай әрі сапалы жүргізілу керектігін тапсырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!