Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Руслан Рүстемов Қызылордадағы күріш өсірушілерінің проблемалары туралы айтты (Видео)

05.09.2024, 15:30 1142

Сенатор Руслан Рүстемов өз депутаттық сауалында Қызылорда облысындағы күріш шаруашылығының дамуын тежейтін ауыл шаруашылығының проблемаларын айтты.

Депутат азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және суармалы егіншіліктің өнімділігін арттыру үшін ғылыми негізделген және инновациялық әдістерді енгізу қажеттігін жария етті. Қызылорда облысында күріш шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігінде шешуші рөл атқарады, өйткені күріш елімізде жалпы тұтынатын дәнді дақылдардың 65%-дан астамын құрайды. Өңірде күріштің өнімділігі едәуір өсті, бірақ ауылшаруашылық техникасының ескіруі және мелиоративтік жағдайлардың нашарлауы шығындарды арттырады және шаруашылықтардың рентабельділігін төмендетеді.

«Қызылорда облысында егін шаруашылығын жүргізудің кезекті проблемасы – ғаламдық климаттың өзгеруінен пайда болып отырған су тапшылығы. Себебі, Қызылорда облысындағы егіс алқаптарының топырақ-мелиоративтік және гидрогеологиялық жағдайына байланысты қазіргі экологиялық ахуалды одан әрі күрделендірмеу үшін топырақты кезең-кезеңімен сумен шаю қажет. Өз кезегінде топырақты шаю үшін де көптеген мөлшерде су қажет. Өйткені, күріш егістерін одан әрі қысқарту инженерлік-дайындалған жерлердің тұздануын апаттық деңгейге дейін өсіріп жіберуі мүмкін және ол жерлердің ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалуына алып келеді», – деді Руслан Рүстемов.

Сенатор сонымен қатар күріш және жемшөп дақылдарының жаңа сорттарын өсірумен, сондай-ақ су және ресурс үнемдейтін технологияларды әзірлеумен айналысатын күріш шаруашылығы институтының ғалымдарының күш-жігеріне қарамастан, қаржының жеткіліксіздігі мен қажетті жабдықтың болмауына байланысты институттың мүмкіндіктері шектеулі болып қалатынын атап өтті. Қазақстанда күріштің ғылыми зерттеулері мен жаңа сорттарын өндіруге осы саладағы жалпы өнім көлемінің 0,05%-дан азы бөлінеді, бұл дамушы елдердің де, тиімді ауыл шаруашылығы секторы бар елдердің көрсеткіштерінен де едәуір төмен.

«Арал өңірі аймағында экологиялық тобымен тығыз байланысты ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру және күріш пен күріштік ауыспалы егістегі әртараптандыру дақылдарының жаңа сорттарын жасауды жылдамдату, күріш шаруашылығының су және ресурс үнемдейтін технологияларын әзірлеу үшін күріш институтының ғылыми-техникалық инфрақұрылымын қайта жаңғырту қажет. Аймақтағы егін шаруашылығын тұрақты дамыту және саладағы проблемаларды шешу үшін институттың материалдық-техникалық әлеуетін дамытуға, селекциялық және тұқым шаруашылығын, лабораториялық базасын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік инвестициялық жобаны қолдауды сұраймыз», – деді сенатор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: