Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіп бастаймын деушіге қолдау бар

28.08.2024, 17:23 324

Жұмыссыздықтың зиянын тартып отырған қаншама адам бар. Көпшілігі дипломның жоқтығын айтып, квалификациялық маман бола алмайтынын алға тартады. Ал енді бірі кінәні өзінен емес, өзгеден іздеп, жұмыс істеуге, қандай да бір кәсіп бастауға деген құлшынысының жоқтығын жемқорлыққа жабады. Рас, жемқорлық – бүгіннің ауқымды мәселесі. Десек те, мемлекет іс бастаймын, халықтың игілігіне бөленемін деген жанның бетін қақпайтыны анық. Жалпы, Сыр өңірінің егін шаруашылығымен күн көріп, көбіне сол төңіректегі істерді кәсіп еткен мекен екендігі бесенеден белгілі. Бірақ та, Қызылордада көбі айналыса бермейтін, алғашында істің қиындығанан жүрексініп, тартыншақтайтын кәсіптерге иелік етіп отырғандар да жоқ емес. Солардың бірқатарымен танысып, кәсіптің тыныс-тіршілігіне куә болу мақсатында бір топ журналист баспасөз турында бас қосқан едік. Қызылордада жасалған үлкенді-кішілі кәсіпорындардың жұмыс барысынан ақпарат алдық.

Жоғарыда айтып өткендей, мемлекет тарапынан кәсіп бастаймын немесе бастаған кәсібін ұлғайтып, одан әрі жаңартамын деушілерге әрдайым қолдау табылады. Бұған дәлел – мемлекеттен қайтарымсыз қаражат алып, тың кәсіп бастаған Ерлан Өтепов. Ол бүгінде екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Газ пештері, ұшақ секілді ауыр құрылымды техникаларға жоғары қысымды түтікше жасауды бастағанына үш айға жуық уақыт болған.

  Бұл кәсіпті негізі бір жыл бұрын бастағанмын. Бірақ, қаражат жетіспеушілігіне байланысты жұмысты тоқтата тұруға тура келді. Үш ай көлемінде мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіпкерлік басқармасының көмегімен 5 млн теңге көлемінде қаржы алдым. Біз алдыртқан құрылғы бір айда 100-150 түтікшеге дейін шығара береді. Өңірімізде бұл кәсіппен айналысатындар саусақпен санарлықтай, – деді ол.

Кәсіпкер кәсібіне керекті жарақтарды Қытайдан тапсырыс беретіндігін, сондай-ақ бұл істі бастау үшін қомақты қаражат керектігін, кәсіпорындағы сырт көзге аса қымбат болып көрінбейтін құрал-жабдықтардың бағасының өзі миллион теңгеге шығатындығын атап өтті.

Баспасөз туры барысындағы екінші кейіпкеріміз – «Алтын тас» кәсіпорнының негізін қалаушы Нұрбек Тұрғанбеков. Жас кәсіпкер бұл кәсіппен 2015 жылдан бері айналысып келеді. Ол 2022 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ көмегімен 25 миллион теңге қаражат алған. Артынша, бұған дейін кәсібін жан-жақты домалатып, тіпті кей кездері ағасының үйінде қызметін жалғастыруға тура келген кәсіпкер үлкен кәсіпорын ашуға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда өңірдің көп бөлігін тас төсеніш пен керамикалық плиталармен қамтамасыз етіп отыр. Кейіпкеріміздің айтуынша, «Алтын тас» басқа өңірлермен де тығыз байланыста.

 – Мекеменің орналасқан жері Жезқазғанға баратын жолға жақын болғаннан соң, Қызылордаға ат басын бұрған адамдар біздің қызметімізге жүгініп жатады. Олардың айтуларына сүйенсек, Жезқазғанда бұндай дәрежедегі тас төсеніштерді табу қиынның қиыны, дейді ол.

Біз Нұрбектің кәсібі жөнінде бұған дейін де «Тас төсенішті кәсіп еткен» мақаласын жариялаған еді. Сәуірдің кезінде барғанымызда «әзірге – «өлі маусым». Жаз жақындағанда тас төсенішті тұтынушылардың саны көбейеді» деп еді. Жаздың соңғы айындағы қарбалас жұмыстан бұл сөзінің растығына куә болдық. Нұрбек алдағы уақытта кәсіпорын көлемін үлкейтуді жоспарлап отыр.

Халық-хабар

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: