Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қарызсыз қоғам» халықтың қаржылық сауатын арттырады

19.08.2024, 9:10 201

«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫ НЕ ЖӨНІНДЕ?

«Қарызсыз қоғам» жобасы – «AMANAT» партиясының Қазақстан халқының қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған бастамасы. Бұл жобаға еліміздің 18 жастан асқан барлық азаматтары қатыса алады. Іріктеу кезінде қатысушылардың әлеуметтік мәртебесі ескерілмейді.

«Қарызсыз қоғам» жобасы несие бойынша берешегі бар, борышкерлер тізімінде тұрған, несиесін уақытында төлемеген азаматтарды қолдауға бағытталған. Тренинг қаржылық сауаттылық деңгейін көтергісі келетіндерге, өз қаражатын ұтымды пайдаланғысы келетіндерге, сондай-ақ өз ісін немесе бизнесін ашқысы келетіндерге және қаржы туралы білімге мұқтаж адамдарға пайдалы болмақ.

Жобаны жүзеге асыруға еліміздегі Freedom Bank, Банк Центр Кредит, Halyk Bank, Altyn Bank, Breke Bank, Еуразиялық банк, Forte Bank, Home Credit, Jusan, Nurbank, Bank RBK т ұйымдары қаржылай қолдау көрсетеді.

«Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқытудың бірінші легі 2023 жылдың 2 мамырында басталып, 2023 жылдың соңына дейін жүргізілді. Бұл аралықта еліміздің 8 өңірінде: Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау, Маңғыстау облыстарында 65 мың адам қаржылық сауаттылық негіздерін оқыды.
2023 жылы 1 қыркүйекте Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, оның игілігін бүкіл халық көруі керегін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағдарлама қысқа мерзімде өз тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Сондықтан Президент Үкіметке саяси партиямен бірлесіп, жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырды.

2024 жылы «Қарызсыз қоғам» барлық өңірлерді қамтып, кең ауқымда іске асырылуда. Биыл 200 мыңға жуық ересек халықты, 100 мың студент пен 450 мың оқушыны қаржылық сауаттылық негіздеріне оқыту жоспарлануда.
«Қарызсыз қоғам» жобасысының қисынды жалғасы ретінде Жамбыл облысының Меркі ауданында алғашқы «Агросауат» оқу-әдістемелік орталығы ашылды. Жаңа орталықта кез келген тұрғын ауыл шаруашылығының түрлі бағыттары бойынша теориялық білім алады және практикалық дағдыларды да үйренеді. Қатысушылар тәжірибелі зертханаларға, жобасын іске асыру үшін барлық құралдарға қол жеткізе алады.

БАҒДАРЛАМАНЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ НЕДЕ?

ҚР Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, қазақстандықтардың несие бойынша қарыздары 18 триллион теңгеге жетті. Соңғы үш жылда тұтынушылық несие сегментінде өсу үрдісі байқалады.

Халықтың 84%-ының, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар екені анықталды. Соңғы бір жарым жылда бұл көрсеткіш 27%-ға өскен. 90 күннен астам мерзімге кешіктірілген қарыз сомасы шамамен 1,4 триллион теңге болған. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр.

Сайып келгенде дамыған FinTech және қаржылық сауатсыздық үлкен әлеуметтік мәселелер туғызуда. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайызы және ең бастысы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі жыл сайын халық қарызының өсуін арттыруда.

Оқыту курсының негізгі мақсаты – халықтың, негізінен, болашақта ел экономикасын қалыптастыратын жас ұрпақтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін құру.

ЖОБА АЗАМАТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ САНАТТАРЫНА АРНАЛҒАН?

Жобаға қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізгісі келетін, кредиттік міндеттемелерсіз болашақты құрғысы келетін, өзіне, отбасына және жақындарына қаржылық сауаттылықты арттыруға көмектескісі келетін, несиелік тәуелділіктен және коллекторлардың тұрақты назарынан құтылғысы келетін барлық азаматтар қатыса алады. Жоба бизнес ашқысы келетін, жеңілдетілген несиелер секілді мемлекеттен қаржылық қолдау алғысы келетін және бизнесті дамыту бағдарламаларына қатысқысы келетін азаматтар үшін де пайдалы.

ОҚЫТУ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Қатысушылар 30-50 адамнан тұратын топта офлайн форматта бес күн оқиды. Бір ай ішінде сабақтар үш топта жүргізіледі. Әр дүйсенбіде білім алушылардың жаңа легі жасалады. Сабақтар таңғы 9-дан 17:00-ге дейін өтеді. Оқуға шамамен 40 сағат беріледі. Әдетте, түске дейін қатысушыларға теориялар үйретіледі, ал түскі астан кейін жеке консультациялар жүргізіліп, әр қатысушы үшін практикалық сабақтар өтеді. Тренингтерге жазылу үшін qogamfin.kz сайтында өтінім қалдыру керек немесе жергілікті атқарушы органға (әкімдікке) немесе AMANAT партиясының өңірлік кеңсесіне жүгіну қажет.

Оқу барысында қатысушылар қаржылық сауаттылық бойынша мынадай білімді меңгереді:

  • қаржылық сауаттылық негіздері, жеке қаржыны басқару, жинақтау, сақтау және көбейту, жеке/отбасылық бюджетті есепке алу.
  • дисконттаудың негізгі принциптері, практикалық мысалдары, қаржылық бағалау әдістері.
  • кредит түрлері, кредиттеу кезіндегі есептеу, депозит түрлерін, банк ставкаларын, пайыздарын зерделеу, сондай-ақ инфляция, банк жүйесі, сақтандыру және қор нарықтары туралы ақпарат алу.
  • қаржылық тәуелсіздікке қадамдар, қаржылық жоспарлау құралдары, қарыздарды оңтайландыру, қарыздар мен несиелерді жою, инвестициялар.
  • мінез-құлық экономикасы. Қаржылық шешімдер қабылдаудағы когнитивті қателер.
    Сонымен қатар, білім алушылар алаяқтық схемалар мен қаржы пирамидаларын, жеке тұлғалардың банкроттық туралы заңын қарастырады. Қатысушыларға кірістерді арттыру жолдары, сондай-ақ ШОБ-ты мемлекеттік және мемлекеттік емес қолдау шаралары, тиімді банк құралдары, бизнес-жоспар құру әдістемелері түсіндіріледі, конкурстарға қатысуда қолдау көрсетіледі.
    Қатысушылардың өтініші мен тілегі бойынша әртүрлі заңгерлік кеңестер беріледі. Тренингтер аяқталған соң қатысушыларға сертификат және әрі қарай өз бетінше жұмыс істеу үшін жұмыс дәптері беріледі. Мұнда берілген сертификат қаржы сарапшысының жыл сайынғы тегін қолдауына және заңгерлік кеңестерін алуға құқық береді.

ТРЕНИНГ ҚАНДАЙ НӘТИЖЕ БЕРЕДІ?

Бірінші оқыту легі 2023 жылдың 2 мамырында басталып, 2023 жылдың соңына дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында еліміздің 8 өңірінде 65 мың адам қаржылық сауаттылық негіздерін үйренді.

Оқыту кезеңінде 2023 жылғы 2 мамырдан 1 желтоқсанға дейін мынадай заң көмегі көрсетілді:

  • 30 889 азамат проблемалық мәселелер бойынша, оның ішінде борыштар мен кредиттер бойынша, әрі қарайғы ықтимал іс-қимылдарды егжей-тегжейлі түсіндіру мен заңгерлік кеңес алды.
  • 83 азамат қажетті құжаттар топтамасын қалыптастырудан бастап, соттан тыс банкроттыққа өтінім беруге дейін толық қолдау мүмкіндігін алды.
  • 2704 азаматқа заң нормаларын бұза отырып жасалған нотариустардың атқарушылық жазбаларының және олар бойынша жеке сот орындаушылары салған бұғаттардың күшін жоюға көмек көрсетілді.
  • 14 178 қатысушыға берешекті реттеуге және кредиттік қарызды қайта құрылымдауға көмек көрсетілді (борышкерлер өтеудің жаңа ыңғайлы кестесін алды).
  • 605 адам түрлі мәселелер бойынша құқықтық көмек алды, оның ішінде алаяқтық фактілерінің алдын алып, алаяқтық фактісі бойынша полиция басқармасына өтініштер жасалды, талап қою жобалары жасалды, сот мәселелері бойынша қолдау көрсетіліп, проблемалық мәселелер бойынша түрлі мемлекеттік органдарға хаттар жолданды.

Бүгінгі таңда 2024 жылдың басынан бері 48 941 адам «Қарызсыз қоғам» жобасында білім алып, тұрмыстық жағдайын жақсартты.

Жобаның барлық кезеңінде әрбір қатысушының жағдайы егжей-тегжейлі қарастырылады. Қаржылық мәселелерді шешуде заңгерлік, консультациялық және құқықтық көмек көрсетілді.

ҚАНДАЙ ЖҰМЫС АТҚАРЫЛДЫ?

2024 жылы 5 ақпанда Қазақстанның барлық өңірлері мен қалаларында «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқытудың екінші толқыны іске қосылды. Өңірлерде бір жыл бойы жұмыс істейтін 150 қаржы сарапшысы арнайы дайындалды. Бұл уақытта білікті мамандар тұрғындарға өзекті қаржылық мәселелерін шешуге көмектеседі және сапалы көмек көрсетеді.

Сонымен қатар, биылғы ақпан айында оқушылар ағынын тиімді басқару үшін qogamfin.kz онлайн платформасы іске қосылды. Сайтта ыңғайлы онлайн оқытуға өтініш беруге болады. 2024 жылдың 1 наурызында несиесі бар әйелдердің бірінші республикалық форумы өтті. Оған өңірлерден қатысушы әйелдер мен кәсіпкер әйелдер шақырылды, олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, бизнесте қалай даму керектігін және қаржылық тұрақты өмір құруды үйретті. Әр өңірде кәсіпкер тәлімгерлер әйелдерге кәсіпкерлік дағдыларды үйретеді және бизнесті жүргізу процесінде қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, құжаттар топтамасын қалыптастыруға және жеңілдетілген кредиттеуге және мемлекеттік гранттарға бизнес-жоспарлар жазуға көмек көрсетіледі.

«AMANAT» партиясы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, «Halyk Bank» және «Банк Центр Кредит» банктерімен «Қамқоршы AMANAT» қорын құру туралы меморандумға қол қойды. Осылайша партия аграрлық кооперативтер арқылы «Қарызсыз қоғам» түлектерінің табысын арттыруға ниетті.

Проблемалық несиесі барлардың табысын артыру үшін «Қамқоршы AMANAT» аясында Жамбыл облысы Меркі ауданында «Агросауат» атты алғашқы орталық ашылды. Бұл орталықта тілек білдірушілер теориялық білім алып қана қоймай, ауыл шаруашылығының түрлі бағыты бойынша тәжірибелік дағдыларды игере алады.

Сарапшылар елдегі әрбір ауылдық округке скрининг жүргізіліп, экономикалық перспективасына талдау жүргізген. Осылайша Мерке ауданында 9 бағытта тауар өндіріп, адамдардың табысын көбейтуге болатыны анықталған. Жаңа орталықта жидек өсіру, қант қызылшасын егу, жем-шөп, сүтті ірі қара, етті ірі қара, құс шаруашылығы секілді шаруашылықтар ашып, 150 адамды қарыз деңгейінен шығару мақсаты қойылған. Қара тізімнен шыққан тұрғындар әрі қарай мемлекеттің бизнесті қолдау бағдарламаларына, «Ауыл аманаты» бағдармасының 2,5 пайыздық неисесіне жүгіне алады

Пилоттық жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда Үкімет деңгейінде тиісті бағдарлама қабылданады.

2024 жылға арналған алдағы жоспар қандай?

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептерінде, колледждерінде және жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылықты оқыту бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, оқулық жазатын әдіснамалық топ құрылды. Бұл топ Финляндия мен Эстония тәжірибесін алуға арнайы барып, ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Осы оқу жылының соңына дейін барлық дайындық жұмыстарын аяқтап, жазғы кезеңде педагогтарды оқыту жоспарлануда.

Сонымен қатар, биыл 200 мыңға жуық ересек халықты, 100 мың студент пен 450 мың оқушыны қаржылық сауаттылық негіздеріне оқыту жоспарлануда.

https://qogamfin.kz/kk

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: