Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдария: Ауданның инвестициялық әлеуеті артқан

02.08.2024, 18:46 443

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әр аудан-ауылда өнеркәсіп, инвестиция, инновация салаларын дамыту қолға алынып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға байланысты жұмыстар атқарылуда. Сыр өңірі де аталған жұмыс аясында жоғары көрсеткішке жетіп, ұлттық экономиканы дамытуға үлес қосып келеді. Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев жыл басынан бері атқарылған жұмыс жайын баяндап, өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында брифинг берді. 

Ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасқан. Өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі салаларында айтарлықтай өсім байқалады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге артты. Өңдеу өнеркәсібінің де көлемі едәуір ұлғайып, ауданның экономикасында маңызды рөл атқарды. Инвестициялар көлемі де айтарлықтай өсіп, аудан экономикасына салынған қаражат көлемі көңіл қуантады. 

Ауданның бюджеті жыл басында бекітілген көлемнен айтарлықтай ұлғайып, 15,4 миллиард теңгеге жетті. Бұл қаржылар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген жобалар қаржыландырылып, ауданның дамуына оң әсерін тигізді.

Сырдария ауданы ауыл шаруашылығы саласында да елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Мұнда 34 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, оның ішінде сыр салысының көлемі 21 852 гектарды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсімді көрсетеді. Мүйізді ірі қара, жылқы және құс саны да айтарлықтай артты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2,7 миллиард теңгеге жетті, ол өткен жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артқан. Суды үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында аудан бойынша 13 шаруашылық құрылымы 31 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 3340 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ жаңбырлатып суару әдісімен 40 гектар жерге күнбағыс, 10 гектар жерге жүгері, 50 гектарға бақша дақылдарын орналастырып, күтіп баптауда.

–Жол құрылысы саласында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Ауданда 178 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудандық маңызы бар жолдардың жағдайы айтарлықтай жақсарды. Тереңөзек кентінде 7 көше, Қоғалыкөл ауылында 6 көше, С.Сейфуллин ауылында 6 көше, Бесарық ауылында 4 көше, Қалжан ахун елді мекенінде 1 көше жөндеуден өткізілді. Бұл жұмыстар ауданның инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған және тұрғындардың жүріп-тұруын жеңілдетті, – деді Б.Сәрсенбаев

Ауданда тозығы жеткен электр желілерін жаңарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бірнеше ауылдық елді мекендердің электрмен жабдықтау жұмыстары аяқталды. Мысалы, Шаған ауылындағы электр желілерімен жабдықтау жұмыстары толық аяқталса, Қалжан ахун елді мекенінде жұмыстар басталды. С.Сейфуллин және А.Тоқмағанбетов елді мекендерін электрмен жабдықтауға бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Аудан тұрғындары орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Дегенмен, ауыз су жүйелерінің тозығы жетуіне байланысты қайта жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында 9,8 шақырым ауыз су құбырлары жаңартылуда.

Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар саласында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Ауданда 2 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстары, 1 мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, 4 әлеуметтік нысанға газ отыны қазандығын орнату және балалар ойын алаңдарын салу жұмыстары жүргізілді. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған арендалық тұрғын үйлер сатып алу үшін 1 миллиард 484,6 миллион теңге бөлінді. Бұл үйлер жыл аяғына дейін салынып, мұқтаж азаматтарға табысталады.

–Сырдария ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұрақты назарда. Ауданда 2803 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, олардың көпшілігі белсенді түрде жұмыс істеуде. Биылғы бірінші жартыжылдықта 16,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсім байқалды. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 3 миллиард теңгені құрайтын 249 жобаға қаржылай қолдау көрсетілуде. Мысалы, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының Қызылорда филиалы арқылы 808 миллион теңгеге ауыл шаруашылық техникалары мен құрал-жабдықтар алынды. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Іскер» бағдарламасы бойынша 2,3 миллиард теңгенің жобалары қаржыландырылды, – деді аудан әкімі.

Денсаулық сақтау саласы да жылдан жылға дамып келеді. Тереңөзек кентіндегі аудандық аурухананың кәріз станциясы және паллиативтік медициналық көмек көрсету ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде. Аманкелді ауылдық дәрігерлік амбулаториясы да күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ауданға 6 жаңа санитарлық автокөлік беріліп, медициналық қызмет көрсету сапасы артты. Денсаулық сақтау саласын жақсарту мақсатында республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Әлеуметтік салаларда да оң серпін бар. Ауданда 52 білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 5 инновациялық мектеп-лицей бар. Аз қамтылған отбасылардың балалары 100% ыстық тамақпен қамтылған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аудан орталығында 300 орындық жаңа мектеп құрылысы басталады. Бұл жоба мектеп инфрақұрылымын жақсартып, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді.

Жыл басында әлеуметтік желіде аудан тұрғындары Тереңөзек кентіндегі Н.Ілиясов көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу туралы мәселе көтерген болатын. Аудан әкімдігі сол сауалға байланысты «Тереңөзек кентінде бірінші кезекте мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік нысандар орналасқан Ғ.Мұратбаев, Д.Қонаев, Ж.Құттыбаев, Р.Алшынбаев, Жеңістің 50 жылдығы, Қазақ, Ә.Тәжібаев, А.Абдулпаттаев және Қ.Бөдеев көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салуға жобалар әзірленіп, облыстық бюджеттен қаржыландырылуға ұсынылды. 

Сонымен қатар, Сіз атап өткен Н.Ілиясов және Д.Керейтбаев, О.Мәлібаев, А.Әлиакбаров, Н.Бердіқұлов көшелеріне тротуар салуға жобалар демеушілікпен әзірленуде. Бұл көшелерге жаяу жүргіншілер жолын салу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады» деп жауап берген. Айтылған мәселенің бүгінгі жай-күйін сұрағанымызда, биыл 6 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып жатқанын мәлімдеді. 

–Бұл мәселеге келсек, бірінші кезекте мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік нысандар орналасқан «Жеңістің 50 жылдығы», «Д.Қонаев», «Қ.Бөдеев», «Р.Алшынбаев», «Ж.Құттыбаев» т.б. көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Қалған көшелердің жоба-сметалық құжаттарын келер жылы облыстық бюджетке ұсынамыз. Әр мәселені кезек-кезегімен шеше береміз, – деді аудан басшысы

Сырдария ауданының соңғы алты айдағы даму қарқыны ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайтуға бағытталған көптеген жобалардың сәтті жүзеге асырылғанын көрсетеді. Аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлыбасшылығымен атқарылған бұл жұмыстар аудан тұрғындарының болашағына деген сенімін нығайта түсті. Алдағы уақытта да аудан әкімдігі инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді. Оған сеніміміз мол. 

Е.ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: