Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақорған топырағында алдағы жылы анар жеміс береді

01.08.2024, 10:20 441

Бау-бақша бағбаны Наурызбек Айымбетовтың ауласында жеміс-жидек пен көкөністің түр-түрі өседі. Тіпті, осы күні есік алдында грек жаңғағы жемісін беріп тұр. 2-3 түп анар көшеті де жерсінген. Мұны біз Жаңақорған ауданына жасаған баспасөз туры аясында байқап, кейіпкерімізді аз-кем әңгімеге тартқан едік.

Жалпы, Наурызбек – атадан балаға мирас болып қалған кәсіпті жалғастырушы. Бүгінде Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы тұрғындарын қал-қадірінше қызанақ және қиярмен қамтамасыз етіп отыр. Бір­неше жыл нәпақасын құрылыстан тапқан ол атакәсіппен айналысып, бизнеске түбегейлі бет бұруға болатынын түсінген. Бәрін әке ақылымен  жүзеге  асырған.

– Бау-бақша саласында кеңес айтатын да, жол көрсететін де – әуелі әкем. Ол кісі Өзбек­стан, Тәшкен көрген. Біз – сол жақтан қоныс аударып келген қандаспыз. Ол жақта анар ағашы болған. Кішкентайымыздан есік алдынан сол анарды жеп өскенбіз. Бау-бақша өсіру – біздің атакәсібіміз. Соны қайта қолға алып  жатырмыз, – дейді  ол.

Шыны керек, облыс аумағында банан, лимон секілді өңірімізге жат саналатын жемістерді өсіріп жатқандар жайлы естісек те, анар көшетін, грек жаңғағын жерсіндіргендер жайлы мәлімет жоқтың қасы. Сондықтан, кейіпкерімізден осы жемістердің жайын, күтімін  сұрадық.

– Грек  жаңғағын  әкем  отырғызған. Ауламда мұның 3-4 түрі бар. Бәрі сол қызығу­шылықтан басталды. Бақшада түрлі жеміс болғандықтан, анарды да егіп кө­рейік дедік. Грек жаңғағын да, анар ағашын да «Жаңақорғанның топырағында жерсінбейді» дегендер өте көп болды. Грек жаңғағы былтырдан бері өнімді  болып жатыр, биыл тіпті жақсы түйнек салды. Анардың көшетін былтыр ектік, гүлдеді, бірақ гүлін тастап қойды. Осы кезде бір қыстап шықты. Көшетті Жаңақорған ауданын­дағы тұқымбақтан алдық. Ұмытпасам, сатқан кісі Шымкент қала­сынан алып келгенін айтқан болуы керек. Мұның күтімі жүзімге ұқсас. Қызылорданың суығында тамыры үсіп кетпеуі керек, сондықтан топыраққа көміп тастаймыз. Анар көшеті алғашқы жылы өнім бермейді екен, оны сұрастырып білдім. Жалпы, анар туралы деректерді енді-енді жинап жатырмын. Алдағы қыста тамырын дұрыстап көміп, келесі жылға аман алып шығуым керек. Сонда толық өнім  береді, – дейді  ол.

Жылыжай – табыс көзі және қысы, жазы қызығушылықты бизнеске бастайтын таптырмас мүмкіндік беретін орын. Көкөністің күтімі мен бабы мықты болып өсуі үшін оның рөлі орасан. Айымбетовтердің негізгі отбасылық кәсібі – қияр мен қызанақ өсіру. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 4 миллиондай теңге несие алып, жылыжай жұмысын жандандырыпты. Алдағы уақытта әкімдіктен жер алып, кәсібін кеңейтуді де көздеп  отыр.

– Бау-бақша егу үшін әкімшіліктен жер сұрап отырмыз. Жеміс егу бір ғана кезеңнен тұрмайды. Оның күтімі ерекше болуы керек. Әр кезеңнен жақсы өтуі үшін барымызды саламыз. Көшеттерді бір температурада ұстау да оңай емес. Жаңадан салынатын жылыжайда негізгі өнім – қызанақ пен қияр болады. Себебі, ауданды аталған көкөністермен қамтамасыз етуіміз керек. Өйткені, әлгінде айтқан жаңғақ, анар, лимон ағаштары өз-өзін ақтай алмайды, олардан пайда түсіру де қиын. Сондықтан,  әкімшіліктен жер берілсе, ары қарай әрекетке байланысты көре береміз, – деп сөзін  жалғастырды  ол.

Бағбан анар мен грек жаңғағын көбейтуді басты назарға алмайтынын қайталап айтты. Себебі, ол үлкен көлемді жерді қажет етеді әрі өнімділігін алдын ала білу де қиын. Бірақ, лимон көшетін егіп, оны көбейту ойында бар екен. Сөз соңында Сыр топырағында өспейтін жеміс-жидек не көкөністің жоқ екенін, бағбан адам жер-анадан бұйырған несібесін әрдайым  теріп  жейтінін  айтты.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ,

Суретті  түсірген  автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: