Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралды суға толтыру амалы: Жай сөз бе, нақты іс пе?

25.07.2024, 15:50 314

HALYQLINE.KZ

Өткен аптада Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Арал теңізіне өткен жылмен салыстырғанда 12,5 есе артық су келіп жатыр деп мәлімдеді. Қазір теңізге секундына 75 текше метрге дейін су құйылып жатыр. Бұл – Өзбекстан және Қырғыз­станмен жүр­гізілген бір­лес­кен жұмыс­тың нәти­жесі. Дариядағы су қалы­бынан бөлек, дүркін-дүркін жаңбыр жауып, жер ылға­лы да дұрыс болып тұр. Бір қызығы…

Теңізге суды қайдан әкеледі?

Осы ретте бір қызық құбылыс пайда болды. Қолдан жаңбыр жауғызып, Аралды суға толтырамын деген Алтай Айнабектің ақиқатын тану оңайға соқпай тұр. Аралға келмес бұрын дәл осы жобасын Маңғыстау (2022 жылы сәуір-мамырда) мен Түркістан облысында да (2023 жылы тамызда) сынақтан өткізген көрінеді. Биыл 18 маусымнан бастап Арал теңізіне жаңбыр жаудыру (атмосфераның төменгі қабатын иондау) әдісін қолға алған.

«Мен қолданатын техноло­гия­ның тарихы тым әріде 80-ге жуық мемлекетте пайда­ла­нылған, атмосферада бар ылғалды конденсациялау арқы­лы жауын деңгейін көтеретін – бұлт егу әдісі, ескі техноло­гия, координалдық түрде арид­тық (ылғалдылығы аз) аймақ­тарда жұмыс істей алмайды. Оны Аралда кеңес ғылым ака­де­миясының мамандары және отандық мамандар жасап та көр­ген, бірақ оң нәтиже бермеген. Біздің технология ат­мос­фераға әсер етудің жаңа ұста­нымдарына негізделген. Техно­логия цик­лондық үдеріс­­терді «қосады», мұхит аквато­рия­­сынан ылғал тартады. Басты­сы, атмосфераның төменгі қабатында жұмыс істейді, яғни бұл – азаматтық технология», дейді «International Center of Climate Change Technologies» («Халықаралық климаттың өзгеруі технологиялары орталығы») ЖШС басшысы Алтай Айнабек.

Кейіпкеріміздің халық­­аралық кли­мат­тық техно­­­­ло­гиялар саласында 8 жыл­дық тәжірибесі бар. Ол бас­қа­­­ра­­тын мекеме әлем бойынша климаттық қауіпсіздікті қам­тамасыз етумен айналысады. Бұл – селге қарсы әрекет ету, жаһандық жылыну және құрғақшылықта ауа сапасын жақсарту. Ал «Clear Sky Manager New Generation» технологиясы климатты басқаруда 4 негізгі үдерісті (конвекция механизмінің гидродинамикалық үдерістері, заттың сұйық фазалық күйі, литосфералық үдеріс және супер сұйық электрондар) пайдаланады.

«Біздің технология құрғақ аймақ­тар­дағы климатты өзгер­те алады. Халық­ара­лық жасыл технологиялар орта­лы­ғы­ның реестріне кіргізілген. Жүйенің бір бөлігі ғана жұмыс істеп жатыр. Енді басты кезеңге өтіп, керекті техникалық жабдықтарды ала отырып, қазір өзге елдерге жауып жатқан жауынның бір­шама бөлігін Арал теңізінің орнына құю керекпіз. Жалпы, климат басқару жүйеміз толыққанды жұмыс істесе, нәти­же бұдан әлдеқайда жақсырақ болады», дейді.

Кейіпкеріміз бірлесе жұмыс істеу үшін «Қаз­гид­ро­метке» бірнеше рет өтініш жолдадым, әзірге келісім бермей отыр дейді. Аралдағы жобаға жергілікті әкімдік құ­рылғыларды орнату бойынша (жер беру мәселесі) көмек беріпті. «ҚазАвтоЖол» ме­кемесі де қолдау көрсетіпті. Анығын білгіміз келіп, сұрау сал­ғанымызда жергілікті би­лік пікір білдіруден бас тартты. Мұнысы қандай да бір шикіліктің бар екенін аңғарта ма деген алаң қалдырды.

Бұл табиғи құбылыс па?

Ауа райын бақылайтын мамандар Сыр өңірі мен Аралдағы жауын-шашынға Алтай­дың түк қатысы жоқ деп есептейді. Олардың сөзінше, бұл – кәдімгі табиғи құбылыс. Республикалық «Қазгидромет» мемлекеттік кә­сіпорнының жергілікті филиа­лындағы маман пікірі­не жүгінген едік.

«Астанадағы бас орталық бүкіләлем­дік метеорология орталығына хат жолдады. Соның жауабында айтылғандай, бұлттардағы жауын-шашын мөлшерін көбейтудің дәстүрлі және альтернативті технологиясы бар. Дәстүрлі технологиясына бұлттарға аэрозольдік бөлшектерді себу жатса, альтернативтік технологияға иондау, электрлік алқап, лазерлік технология және акустикалық толқындар әдісі кіреді. Осы кезге дейінгі тәжірибе сынақтары бо­йынша тек аэрозольдік бөлшектерді себу технология­сы арқылы жауын-шашынды көбейту әдісі оң нәтиже берген. Қалған әдістердің ешқайсысы дәлелденбеген, яғни ешқандай ғылыми негіз жоқ», дейді «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы филиалының І санат­ты инженер-синоптигі Мағжан Сәдуақасов.

Оның пікірінше, тек елі­міз­дің сол­түстік өңірлерінде ғана болатын бұлттар арқылы жауын-шашынды осы әдіспен көбейтуге мүмкіндік бар. Басқа өңірлерге бұл тиімсіз, өйткені жауынға қажетті бұлттың су қоры жеткіліксіз.

«Меніңше, Алтай Айнабектің қол­данып жүрген технологиясы да иондау әдісіне жатады. Дәл осыны 2001, 2006, 2007 жылдары БАӘ мен Иордания мем­ле­кеті қолданып көрген. Бірақ тәжіри­бенің ешқайсысы нәтиже бермеген. Әдіс туралы бүкіләлемдік метеорология орталығы біздің хатымызға жауап ретінде «ешқандай кеңес бермейтінін» айтты. Демек ғылыми негіз жоқ. Ал Қызылорда немесе басқа өңірлерде болып жатқан биылғы жауын мөлшері табиғи құбылысқа жатады. Біз мұндай ауа райы құбылысын алдын ала біліп, 10 күндік, апталық болжам жасап, облыс тұрғындарына хабарлап отырдық», дейді Мағжан Сәдуақасов.

Ғылым не дейді?

Жоғарыдағы пікірді Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ География және таби­ғатты пай­далану факультеті, метеорология және гидрология кафедрасының аға оқы­ту­­шысы Аида Мұңайтпасова да қуат­тай­ды. Оның сөзінше, жасанды жауын­ға қатысты әдістерден бөлек, дрон арқы­лы да бұлттарға сәулелендіру құрал­да­рымен заряд беріп, майда бұлт там­шыларын жаңбырға дейін ірілетіп, жерге түсуіне жағдай туғызу да бар.

«Қолдан жаңбыр жау­ды­ру­ға тырыс­қан жер­ле­сі­міздің әрекетімен әлеуметтік желі арқылы танысқаным болмаса, жоба немесе авторы туралы ақпараттарды біл­меймін. Сондықтан ғылыми этика нор­маларын сақтай отырып, пікір білдіре алмаймын. Дегенмен метеоролог маман ретінде кей деректерді айта кетейін. Кейінгі кездері климат мәселелесі көп­ші­лікті қызықтырып, ха­лық назарын аудартқан тақы­рып­қа айналды. Оның бас­ты себептерінің бірі – биыл еліміз­дің батыс өңірлеріндегі су тасқыны. Дүние­жүзілік метеорологиялық ұйым­ның хабарламасында 2023 жыл аспапты бақылаулар жүр­гізілген кезеңнен бастапқы ең жылы жыл болып саналды. Соның салдары ретінде тек бізде ғана емес, бірқатар шет мемлекетте де орын алған су тасқынының куәсі болдық. Кли­мат тақырыбына келетін болсақ, бұл салада климаттық жүйе ұғымы қолда­ны­­лады, яғни климат тек атмосферадан ғана емес, гидросфера, литосфера, биосфера сияқты бірнеше сфералар жиынтығынан тұрады. Сонымен қатар климаттық жүйеде атмосфера айналымы деген түсінік бар. Атмосферада барлық үдеріс белгілі цир­куляцияға сәйкес үнемі айналымда жүреді. Осы табиғи су айналымы барысында конденсация, коагуляция үдерістері нәтижесінде атмосферада бұлт түзіліп, жаңбыр жауады», дейді география ғылымдарының кандидаты.

Ғалымның айтуынша, ғылым мен техно­логияның өркендеуі нәтижесінде кли­мат­тық инновациялар жаңа деңгейге жетіп, климаттың жаһандық өзгеруін бақылау, зерттеу, сараптау үшін үлкен мүмкіндіктер тудырып келеді. Алайда мұндай даму өнімдерін саналы түрде қолданып, климаттық жүйедегі тепе-теңдікті сақтауға, флора мен фауна, экожүйе, адам өмірі мен денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қараған дұрыс.

Ержан  ҚОЖАС.

egemen.kz

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: