Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұрғындар облыс әкімінен не сұрады?

11.07.2024, 16:50 208

HALYQLINE.KZ

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Қабылдауға келген 12 тұрғынның көтерген мәселелерінің қатарында үй алу, жол, жарықтандыру, жұмысқа орналасу және кәсіп жүргізу бар.

Келушілердің ұсыныс-пікірі, өтініші мамандардың жіті назарында болады. Себеп-салдары зерттеліп, шешімі заң талаптары шеңберінде қарастырылады. Кей мәселеге қатысты түсіндірмені мамандар сол жерде берді.

Мәселен, баспана алу жайын қозғаған 48 жастағы қала тұрғынына кезегі жақындағаны және үйді жыл аяғында алатыны түсіндірілді. Сондай-ақ, Хангельдин көшесіне электр жарығын жүргізуді сұраған тұрғынға да бұл мәселе жақын арада шешімін табатыны айтылды. Бүгінде көше жарығына бюджеттен тиісті қаржы қарастырылып, қыркүйек айында жүргізіледі деп жоспарлануда.

Қабылдауға келген жалғызбасты ана «Бауыр циррозы» диагнозымен есепке алынған 15 жастағы қызына ота жасауға қаржылай көмек сұрады. Жеті жылдан бері іздеген донор табылған, енді емдеу шараларына қомақты қаржы қажет. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға тапсырма беріп, көмек көрсетілетінін айтты.

Бүгінгі қабылдауға «Қазақ радиосының үздігі», Шиелі ауданының Құрметті азаматы Қатира Жәленова да келді. Ақын, қаламгер Нұрлыбек Машбекұлына өңірдің руханият саласын өркендетуге қатысты бірқатар ұсыныс айтты. Оның ұсыныс-пікірлері алдағы уақытта зерттеліп, қаралатын болады.

Еске салайық, тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: