Әуелден Арал мен Қазалы ауданының еншісі бөлінбеген бір үйдің егіз баласындай екені рас. Төскейде малы араласып жататыны да бар. Ақжал толқынды қанаттай қонған қос ауданның бір-бірінен үйренері де көп. Осы ретте өткен жұмада Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев бастаған аралдық ағайындар қазыналы Қазалы ауданына ат басын бұрды. Келгендегі мақсат – ел ішінде «екінші Түркістан» атанған өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу, тәжірибе алмасу.
Делегация мүшелерін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен және алдағы жоспарлармен толықтай таныстырды. Сондай-ақ аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі бірқатар әлеуметтік, кәсіпкерлік, құрылыс нысандарын аралатып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетті.
Делегация мүшелері алдымен аудандық ардагерлер үйіне барып, ардагерлермен кездесті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов көрші жатқан қос ауданның мұндай игі ісіне ризашылығын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Мұнан соң аралдықтар аудандағы жастар ресурстық орталығына бас сұқты. Жастар ресурстық орталығының бүгінгі кенттегі қос қабатты ғимаратын тамашалаған аралдықтар аудан атқамінерлерінің жастарға көрсетіп жатқан қолдауына ризашылығын білдірді. Жастардың жай-күйімен Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов таныстырды.
Мұнан кейін қонақтар Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов басқаратын «РЗА» АҚ-да болып, шаруашылық жұмыстарымен танысты. Кәсіпорын президенті Самұрат Жұманұлы бүгінгі таңда елімізге белгілі «РЗА» АҚ-ның жұмысы туралы кеңінен атап өтті. «РЗА» АҚ асыл тұқымды мал шаруашылығымен қатар сүт өндіру, егін, құрылыс бағыттары бойынша жұмыс істейді. Мыңға жуық аудан тұрғынын жұмыспен қамтып, аудан қазынасына үлкен олжа салатын мекеме көш басында келеді.
Келесі кезекте қонақтар Әйтеке би кентінде салынып жатқан «Амир» жеке спорт кешені, Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығына аялдады. Мәдениет үйімен танысқан аралдықтар аудандық орталық кітапхана дайындаған кітап көрмесімен танысты. Сондай-ақ аудан әкімдігі ғимараты, әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін салынып жатқан тұрғын үй құрылысы, Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі мен орталық алаң, Жеңіс саябағы және аудан орталығында жүргізіліп жатқан абаттандыру мен жол жөндеу жұмыстарын көрді.
Ж.ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!