Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Руслан Рүстемов жұмысшы іздеп жатыр

19.05.2020, 11:39 1283

HALYQLINE.KZ  Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемов жұмысшы іздеп жатыр. Бұл туралы ол фейсбук парақшасында жазды. Аудан басшысы тұрғындарды жұмыспен қамту маңызды екендігін айта келе, жұмыссыздық азайса, отбасына табыс кіріп, тұрмыс жақсарып, сол арқылы қоғамдық-саяси ахуал да тұрақты болады дейді. Оның сөзінше, биыл Сырдария ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында барлығы 18 жоба іске асырылмақ.

– Аталған жобаларды жүзеге асыру үшін әрине қол күші, яғни жұмысшылар керек. Бүгін жұмыс іздеуші аудан тұрғындарына қажетті бірқатар ақпаратты жария етпекпін. Ауданда жүзеге асатын 18 жобаның 8-і әлеуметтік салаға қатысты. Биыл Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектептің су құбыры мен кәріз жүйесінің ішкі және сыртқы желілері күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұл ретте 4 жұмыс орны ашылады. Екінші жоба Бесарық ауылындағы №147 орта мектебінің ғимаратын күрделі жөндеу бойынша 20 жұмыс орны құрылады. Оның ішінде «Халықты жұмыспен қамту» орталығы арқылы 10 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Мұнда да кәсіби құрылысшылар қажет. Сондай-ақ А.Тоқмағамбетов ауылындағы №135 орта мектеп өжіресі жаттығу залына арнап қайта жаңғыртылып, 15 жұмыс орны ашылады. Білім саласымен қатар, денсаулық сақтау саласында да қарқынды жұмыстар жүргізілмек.

Осы жылы Тереңөзек кентіндегі аудандық орталық аурухананың ішкі жылыту және су құбыры мен сыртқы сумен жабдықтау желілері күрделі жөндеуден өтеді. Жоба бойынша барлығы 36 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ орталық аурухана асханасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 4 жұмыс орны ашылады. Яғни, құрылыс жұмыстарына ебі бар азаматтардың күші мен еңбегі қажет.

Мәдениет саласына қарасты нысандарда, атап айтқанда, А.Тоқмағамбетов ауылдық клубы ғимаратын ағымдағы жөндеу жобасы аясында 4 жұмыс орны құрылады. Тереңөзек кенті клубының ғимаратын ағымдағы жөндеуге де 4 жұмысшы қажет.

Аудан спортшыларының екінші үйі саналатын аудандық №11 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің ғимараты биыл ағымдағы жөндеуден өтпек. Жоба бойынша барлығы 6 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл да жұмыс іздеушілер үшін таптырмас мүмкіндік.

Бұған дейін аудан орталығынан көп қабатты екі үйдің құрылысы жүргізілетінін қуана хабарлаған болатынбыз. Бұл тұрғындар үшін көптен күткен жаңалық екені рас. Аталған жоба жүзеге асырылып, көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілгенде кент бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 475 отбасының 42-і баспаналы болады. Бұдан бөлек жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталғанда барлығы 116 жұмыс орны ашылып, оның 58-і аудандық «Халықты жұмыспен қамту» орталығының жолдамасы арқылы ұйымдастырылады. Жетікөл ауылындағы тұрғын үйлерді сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту жобасы бойынша 36 жұмыс орнын қалыптастыру көзделуде.

Ауданның инженерлік-көліктік инфрақұрылым нысандарында биыл 6 жоба жүзеге асады. Кент және ауылішілік жолдарды орташа жөндеу бағытында барлығы 126 жұмыс орны ашылады. 63 жұмыс орны аудандық «Халықты жұмыспен қамту» орталығы арқылы жүргізіледі деп жоспарлануда. Қысқаша айтар болсам, Тереңөзек кентінде 5 көше (56 жұмыс орны), Шаған ауылында 1 көше (6 жұмыс орны), Шіркейлі ауылында 6 көше (20 жұмыс орны), С.Сейфуллин ауылында 5 көше (26 жұмыс орны), Айдарлы ауылында 1 көше жөнделеді (18 жұмыс орны).

Сондай-ақ аудандық маңызы бар «Самара – Шымкент – Жаңадария» автомобиль жолының 10-25 км орташа жөндеу жұмыстарында 50 жұмыс орны ашылса, оның 25-і аудандық «Халықты жұмыспен қамту» орталығының жолдамасы арқылы жүргізіледі. Соңғы 2 жоба Шаған ауылын абаттандыруды қамтиды. Оның ішінде ауылдағы Есет би тұйығын абаттандыру (ойын алаңы) жобасы арқылы 3 жұмыс орны құрылады. Елді мекеннің Ж.Омаров көшесін абаттандыру (ойын алаңы) жобасында да 3 жұмыс орны ашылады.

Жұмыс іздеушілер аудандық «Халықты жұмыспен қамту» орталығының 21-8-70 жұмыс телефонына хабарласып, кеңес алуына болады. Жергілікті азаматтардың жұмыспен қамтылуы, табыс тауып, отбасын асырауы біз үшін де маңызды. Сондықтан құрылысқа бейімді азаматтарды жоғарыда аталған жобалар бойынша жұмыс істеуге шақырамын. Айта кету керек, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылғаннан кейін қосымша 8 тұрақты жұмыс орны ашылады, – деді Р.Рүстемов.

Сөз соңын аудан әкімі «Ізденген жетер мұратқа» демекші жұмыс іздеушілерге сәттілік тілеймін!» деп аяқтаған екен.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: